Қате түсінік - адастырады
Қате түсінік - адастырады
21.05.2020
1192
0

          Қазіргі уақытта кейбір бауырларымыз ұстанып жүрген мәселелердің бірі Құранда  және хадисте келген муташабиһ (ұқсас,астарлы) сөздерді заһири (сыртқы) мағынасында түсінуі. Бұндай мәселелерде бір-екі кітап оқып  сыртқы мағынасында алу немесе өз пікірін білдіру үлкен қателіктерге алып баратыны анық. Сол себепті осындай мәселелерде әһли сунна ғалымдары қандай мағына берген немесе бұл турасында не пікір білдірген соған мән бергеніміз дұрыс. Құранда бірнеше мағынаны білдіруі мүмкін болған астарлы мағынадағы аяттар бар. Алла Тағаланың есім сипаттарына тән хабарлар көбінесе муташабиһ (ұқсас,астарлы) аяттар құрайды. Мұндай аяттар астарлы немесе балама мағынада болуы әбден мүмкін. Ал кейбір ағымдар аяттың балама мағынасын жоққа шығарып, оның тек заһири (сыртқы) мағынасын қабылдайды. Осыған қатысты Құранда Алла Тағала «Ол (Алла) саған Құранды түсірді. Онда мағынасы айқын мұхкам аяттар бар. Олар Құранның негізі һәм тірегі. Ал басқа аяттары болса, мағынасы нақтыұғынықты емес муташабиһ аяттар. Жүректерінде қыңырлық бар жандар қалай бүлік шығарып (адамдарды адастырамыз һәм қалай нәпсі қалауымызға қарай) олардың жорамалын жасаймыз» [1], - деп муташабиһ аяттардың соңына түседі. Шындығында муташабиһ аяттардың жорамалын Алла біледі және ғылымда терең болған ғалымдарда.

Астарлы сөзді сыртқы мағынада түсіну ақидаға күмән келтіруі ғажап емес. Осы муташабиһ аятқа қатысты, Құранда Алла Тағала: «Керісінше, Оның екі иәді ашық»[2] - деп баяндайды. Негізінде, иәд сөзі қол деген мағынаны білдіреді. Ал Имам Әбу Мансур әл-Матуриди: «Ырзық-несібесі мол, қалағанына кеңітеді, қалағанына тарылтады» - деген мағынада қолданылды деп түсіндіреді[3].

Атақты хадис ғылымының майталман шебері, мәшһүр ғалым Ибн Хажар әл-Асқалани өзінің Имам Бұхаридың «Сахихына» жазған «Фатхул-Бари» атты кең түсіндірмесінің бірқатар жерінде мүташабиһ хадистер мен аяттарға тәуил жасағандығын байқаймыз. Мысалы, Пайғамбарымыздың (с.а.с.): «Құлым маған бір қарыс жақындаса, мен оған шынтақтай жақындаймын, ал ол маған шынтақтай жақындаса, мен оған бір құшақ жақындаймын. Ал ол маған жүріп келсе, мен оған жүгіріп барамын» деген Ұлы Жаратушыдан риуаят еткен қудси хадисіндегі «Құлдың Алла Тағалаға қарыс, құшақ мөлшерінде жақындауын және Аллаға қарай жүріп келуін» құлдың Аллаға ғибадат, құлшылық арқылы рухани жақындауын, ал «Алланың шынтақтай, құшақ мөлшерінде жақындауын және Алланың құлына қарай жүгіруін» Алланың құлына деген рақымдылығының тездігі әрі сауабының еселеніп, мол беретіндігі әдеби тәсілмен ауыспалы мағынада айтылып тұрғандығын білдірген. Кітапта аталмыш хадисте қолданылған сөздердің тура мағынасы емес, ауыспалы мағынасын таңдап, жорамал жасаған Ибн Баттал, Табари сынды ғалымдардың пікірлерін жеткізген[4].

Қазақ халқында астарлап сөйлеу ескіден қалыптасқан дүние, осы секілді сөздер тарихта көптеп кездеседі. Мысалы «...Абылайхан қолының Қоқан билеушісі Еркенбекпен соғысының нәтижесінде ТүркістанСайрам, Шымкент қалалары қайтадан қазақтар иелігіне өтті» - деп келеді[5].  Бұл жерде «Абылайхан қолының» деген сөзді алатын болсақ сыртқы мағынасында Абылайханның қолы деген сөз шығады. Ал негізінде «Абылайханның әскері» деген астарлы мағынада қолданып отыр. Олардың кейбір сөздерді «буквалды» мағынасында қабылдауы адасушылыққа алып баратыны анық.

Кез-келген талапкер дін турасында қандайда бір мәселені өз алдына ізденетін болса, қараңғы түнде ине іздегенмен бірдей болмақ. Сол себептен қандайда бір мәселенің ара-жігін анықтамай өз ойымен пәтуа беру дұрыс емес. Осыған қатысты жүмһүр ғалымдар қандай да бір ортақ пікір білдірсе, ең абзалы сол шешімді қолдаумыз керек. Сонымен қоса ислам дінінде бөлінуге тыйым салынған. Құранда Алла Тағала: «Түп-түгел Алланың жібіне (дініне) жабысыңдар, бөлінбеңдер. Сондай-ақ өздеріңе Алланың берген нығметін еске алыңдар. Өйткені, бір-біріңе дұшпан едіңдер, жүректеріңнің арасын жарастырды»[6]-деген. Басқа бір аятта Алла Тағала: «Аллаға әрі Елшісіне бой ұсыныңдар, өзара жанжалдаспаңдар, онда үрейленесіңдер де құттарың қашады және сабырлы болыңдар. Расында, Алла сабырлылармен бірге»[7]. Шынында бұл аяттарда Алла Тағала мұсылмандар арасындағы бөліну мен жанжалдасу оларды құрдымға апаратынын меңзеуде.  Жалпы қандайда бір мәселе туындаған жағдайда белгілі ғалымдардың еңбектеріне сүйенуміз керек.

Қорыта келе, қоғамымызда болып жатқан осындай талас мәселеде ең алдымен әһли сунна ғалымдары қандай пікір білдірген соны алған дұрыс. Халыққа ең керегі бірлік пен тақуалық, бірлікті сақтау үшін дінде талас жүргізбей мазһаб ғалымдарының жолымен жүруміз керек. Себебі өз алдына ілім ізденіп жүрген талапкерлер жоғарыда көрсетілгендей аят пен хадистегі муташабиһ сөздерді ауыспалы мағынада емес тура түсінсе адасары анық.

Қазақ елінде ислам дінінің дәстүрлі ханафи мазһабын ұстанады. Ханафи мазһабының ұстану себебі ата-бабамыз мыңдаған жылдардан бері осы мазһабпен жүріп, сүзгіден өтіп қазіргі уақытқа дейін жетіп отыр. Ханафи мазһабының ғалымдары кез-келген мәселені шешіп қойғаны анық. Сондықтан қазақ жастары ата-бабамыз ұстанған мазһабпен жүріп ауызбіршілікті жоғалтпай, бірлігімізді бекем ұстау қажет.

 

«Қоғамдағы дін қатынастарын

 зерттеу» бөлімінің маманы  Н.Әмзеев



[1] Әли Имран сүресі, 7-аят.

[2] Мәйдә сүресі, 64-аят.

[3] Құран экзегетикасы, Ризабек Батталұлы, Қарағанды 2014 ж – 58 б.

[4] Дін мен Діл, Қайрат Жолдыбайұлы, Алматы 2010 ж – 143 б.

[6] Әли Имран сүресі, 103-аят.

[7] Әнфал сүресі, 46-аят

0 пікір