Аллаға шүкір! Еліміз егемендігін алып, жоғалтқан асылы – діні мен тілі, салт-дәстүрі мен әдеп-ғұрыптарын емін еркін ұстануға қол жеткізді. Ауыл қалаларда мешіттер бой көтеріп, көпшілік имандылыққа бет бұрып, сапқа тұрып Жаратушы Алланың парызы намаздарын орындап, сәждеге бас қойған кісілердің саны күн өткен сайын арта түсті.
Көпшілік орындарда ақ сақалды аталарымыз бен ақ жаулықты аналарымыз көзімізге аз көрінгенімен, есесіне жастардың арасында тәспі ұстап, тақия киген аға-інілеріміздің және орамал тағып, кең етекті көйлек киген әпке-қарындастарымызды көргенде көңіліміз қуанышты сезімге бөленді. Дін ұстанған ата-әжелеріміздің аз болуының себебі ол кісілердің уақытындағы Кеңестік одақтың «дін – апиын» деген және Құдайсыздық саясатының тигізген кері әсері болса керек. Ия, ол кісілерге өз отауы жарық бөлмесінде еркін намаз оқып Жаратушымызға құлшылық жасаулары зарыққан халге түсіп, Кеңестік үкіметтің орыстандыру идеологиясы қазақтың тілі мен дінін, салт-дәстүр, әдеп-ғұрыптарын ұмытуларына ықпал етті. Имандылыққа бет бұрған жастарымыздың арасында ата-бабамыз ұстанып келген дәстүрлі Ислам діні мен кереғар ағымдарды ажырата білмеген білімсіз жандарда аз болған жоқ. Өйткені, егеменділік алып дінге бет бұрған діни сауаты аз жастарды өз мүддесін ойлаған кереғар ағымдар мен діни секталардың миссионерлері өз қармақтарына іле бастады. Аңқау жұртқа арамза молда дегендей білімсіз жастарымыз түрлі миссионерлердің жетегінде кете берді. Сол кездері өзім Шымкент қаласының базарларының бірінде сауда-саттық жасап жүрдім. Күн көрістің халін күйіттеп таң атқаннан кешке дейін шаршап базардан үйге қайтар жолда орталық мешітке барып кешкі намаздарымды орындап Раббымызға мінәжат еткенде жүрегім жай тауып әсерлі сезімге бөленді. Әсерлі сезімім дінге деген құштарлығым мен қызығушылығымды арттыра түсті. Айт намаз бен Жұма намаздарында мешіт имамдарының айтқан уағыз-насихаттары сезімі басымдау қызығушылығыма аз көрінгендей болды. Шам намазы мен құптан намазының арасында мешіт ауласы мен бөлмелерінде бір-біріне уағыз-насихат айтқан сақалды жас жігіттер жиналатын.
Олардың қайсы біріне жақындасам да Құранда Алла Тағала былай дейді, хадисте Мұхаммед (с.а.у) былай дейді деп пікір таластырып жататын. Айта кететін жайт, кейін түсінгенім бойынша ол жас жігіттер танысқан кезде бірін-бірі шақырғанда әке-шешелері қойған аттарымен емес, Абдулла, Абу Омар сынды өздері қойған діни есімдері деп санайтын аттарымен атайды екен. Әрі бір-бірлеріне мейірімді, бауырмашыл болатын. Бұл көріністер менің сезімім мен дінге деген құлшынысымды жел үрлеген оттай алаулата түсті. Жұмыстан бос көбірек уақытымды мешітке баруға бөлдім. Бес уақыт намазға тұрып, сол жылы отыз күн ораза ұстап, сақал қойып, жоғарыда айтылған намазхан жігіттердің қатарынан табылдым. «Ойнап жүріп от басар» дегендей, көзге көріп құлақ естігенге әсерленіп, дінде ненің дұрыс ненің бұрыс екенін білімсіздігім себепті ажыратып білмей өкінішке қалатынымды ойламаппын. Үстімнен қылмыстық іс қозғалып, ұйымдасқан террористік топтың мүшесі деген айып тағылып он төрт жылға бас бостандығымнан айырылғанда басымнан жай түскендей халге түстім.
Ия, мен істі болып сотталып кетсем де мемлекетіміз бізді тастап қоймай түзеу мекемелерінде біздің дұрыс діни бағыт-бағдар алуымызға мүмкіндіктер жасап отырды. Имам, теологтар, түзеу мекемелерінің жедел бөлімінің дін істері бойынша арнайы қызметкерлері діни дұрыс сенім мен дұрыс бағыт-бағдар алуымызға қыруар еңбек етті.
Жаза мерзімін Шығыс Қазақстан облысы, Ақмола облысы, кейін Көкшетау қаласы түзеу мекемелерінде өтей бастадым. Ол мекемелерде маған Абу Ханифа мәзһабы бойынша Матуруди ақидасы туралы тәлім-тәрбиелік сабақтар өткізді.
Оңтүстік Қазақстан облысы, Ленгер қаласындағы ИЧ-167/9 мекемесі мен Шымкент қаласындағы ИЧ-167/3 мекемелерінде сотталған азаматтар үшін діни мағлұматтар алуға мекеме кітапханасында сараптамадан өткен кітап, журнал, газеттерде имани тақырыптағы мәліметтер мол. Мекеменің күн тәртібі бойынша сотталғандардың діни кітаптарды оқып пайдалануы үшін кітапханаға келуі әрі дінтанушы-теолог, имамдар насихат, тәрбиелік сұхбаттары өз үйлесімділігін тапқан.
Айта кету керек, өзге мекемелерде мәзһаб және ақида бойынша тәлім-тәрбие берсе, осы екі мекемеде Абу Ханифа мәзһабы, Матуруди ақидасы, мәзһабтар тарихы, салт-дәстүр, әдеп-ғұрып, қазақ хандығының тарихы, зайырлы мемлекет және дін жайлы терең мағыналы тәрбиелік іс-шаралар жүргізуде. Бұл іс шаралар жазасын өтеуші азаматтардың дұрыс діни бағыт-бағдар алып, зайырлылық туралы дұрыс таным қалыптастырып, істеген қылмысты әрі күнәлі іс-әрекеттеріне тәубе етіп, отансүйгіш, ұлтжанды, еңбекқор, отанымыздың адал азаматы болуына септігін тигізуде деп ойлаймын. Өйткені өзім сияқты істі болып, экстремизм-терроризм бойынша әрі шетелдердегі қарулы қақтығыстарға қатысу, баруға оқталу немесе қаржыландыру бойынша жазасын өтеп жатқан азаматтардың тәубеге келген өмірінің куәгері болдым. Білімсіздікпен аяғын шалыс басқан, ғаламтор арқылы дұрыс емес бағыт-бағдар алған, сезімге беріліп артық іс-әрекет жасап, миссионерлердің жетегінде кеткен кісілердің тәубеге келіп оң қадам жасауы пайдалы іс-шаралар өткізген ағаларымыздың еңбегінің жемісі болса керек.
Аллаға мақтау мадақ болсын! Кеудемде жанымыз бар кезде білімсіздіктің салдарынан аяғымды шалыс басып, істеген іс-әрекетіме тәубе етіп, болашақ өміріме дұрыс бағыт-бағдар алуымды Алла нәсіп етті. Алғашқы уақытта бас бостандығымнан айрылғанда менің ішкі жан дүниемді мына бір сұрақтар мазалайтын. Мен не себепті мұнадай халге түстім? Мен дұрыс жолдамын ба? Алла мені кешіреді ме? Кешірмесе ақыретте жағдайым қандай халде болмақ? Осы сұрақтар ақиқатты іздеуіме түрткі болса, имам, теолог, тарихшы, мекеменің дін істер бойынша жауапты өкілдері және дінтанушы ағаларымыздың имани тәрбиелік сұхбаттары діни дұрыс бағыт-бағдар алуыма әрі болашақ өміріме үмітпен қарап, өмір сүруге деген құлшынысыма себеп болды. Аллаға сансыз шүкірлер болсын! Ол кісілерге өз алғысымды білдіргім келеді.
Адам баласы қаншалықты күнәһар болса да, ешқашан Алладан үмітін үзбеуі керек екен. Өйткені Алла Тағала Зумар сүресінің 53-аятында:
«Былай де: Ей, шектен тыс күнә жасап, өздеріне зиян келтірген құлдарым! Алланың Рақымдылығынан үміттеріңді үзбеңдер. Алла күнәлардың барлығын кешіреді. Күмәнсіз, Ол тым Жарылқаушы әрі өте Мейірімді» - деп бізге бұйыру арқылы үмітсіздікке бой алдыруымызға тыйым салады.
Шынында да, өмірде орны толмас қателікке бой алдырып, өкінішке өзегі өртенген жандарға осы бір аят үлкен үміт сыйлап, бақытқа жетуіне себеп болады. Тіпті өзін күнәһар санап, иманға жақындай алмай жүрген пенделерге исламды қабылдауына себепші болады. Мәңгілік үкімі өзгермейтін Құрандағы бұл аят, бүгінгі адамдарға да үміт сыйлауымен қатар, келер ұрпаққа да үміт қайнары бола бермек.
Күнә жасау – о бастан адам табиғатына тән құбылыс. Адам баласы «күнә жасап қойдым, енді мен адамдықтан сол күйі кеттім» деуі – Алланың аса Рақымды (Ар-Рахман), ерекше Мейірімді (Ар-Рахим), тым Кешірімді (Аль-Ғафур) сипаттарын жоққа шығару деген сөз.
Үміт - адамдардың өмірге деген құлшынысын арттырады. Үміт – Алла жайлы жақсы ойда болуды білдіреді. Демек, үміт – Алланың рақымдылығын төгуі үшін бір себеп болса, жақсы-жаман қандай жағдайда болмасын бұл себептен қол үзбеуі керек.
«Алланың елшісі Мұхаммед (с.а.у) өлім аузында жатқан жас жігіттің қасына барып одан: «Өзіңді қалай сезініп жатырсың?» - деп сұрады. Ол: « Уа, Расулалла! Алланың мейірімінен үмітім бар, алайда күнәларымнан қорқамын» - деп жауап береді. Пайғамбарымыз: «Осындай жағдайда бір құлдың жүрегінде үрей мен үміт бар болса, Алла үміт еткен нәрсесін міндетті түрде беріп, қорыққанынан сақтайды» - деген.
Үміт арқылы адам өзінің шамасы келмейтін нәрселерге қол жеткізеді. Үміт дұрыс сенімнен туындайды. Дұрыс иман келтірген жан әрқашан келешекке үмітпен қарайды. Үмітсіздік адамды күйзеліске ұрындырып, келешегін тұмшалайды. Бұл дүниеде өмір сүруге деген ынта-ыждаһатын, ерік жігерін, құлшынысын құрықтап тастайды. Жеке адам да қоғамда үміттің арқасында алға басып, дамиды. Үмітсіздік – үнсіз жұтатын ұйық іспетті. Адам қанша қарбанбақ болса да, ешнәрсеге қол іліктіре алмай, батқан сайын бата түседі. Үміт арқылы қиын белестерден қиналмай асып, биік шыңдарға шығуға болады.
Өзім сияқты жаза мерзімін өтеп жүрген азаматтарға істеген күнәлі іс әрекеттеріміз үшін тәубеге келіп, қылмыстық іс-әрекетке қайта бармауға дұрыс ниетпен бел буып, әрі имам, теолог, тарихшы, дінтанушы мамандардың үгіт-насихат іс-шараларынан келешек өмірлеріңізге дұрыс бағыт-бағдар алып, иманымыз бен денсаулығымызды күтіп, жанұямызға ертерек оралуымызға септігін жасайық. «Адасқанның айыбы жоқ, қайта үйірін тапқан соң» демекші, білімсіздікпен ақиқаттан алшақ қалып, өмір атты жолда қадамымызды шалыс басып сүрінген біздерге ата-ана, әйел, бала-шаға, туған-туыстарымыз кешіріммен сенім артып күтуде.
Бостандықта жүрген аға-іні, замандастарымның бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып ауыз біршілікпен ата-бабаларымыз ұстанған Ислам діні, оның ішіндегі Абу Ханифа мәзһабы бойынша дұрыс білім алып, әрі оны дұрыс ұстана отырып бостандықтағы алтын уақыттарыңызды дүние мен ақыретте өкінішке қалдырмайтын етіп пайдалы әрі ұтымды қолдануларын қалаймын.
Абай Құнанбаев атамыз ескертіп айтқандай
Жасымда ғылым бар деп ескермедім
Пайдасын біле тұра тексермедім
Мезгілінен қолымды кеш сермедім.
Білімсіздікпен дінде ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін білмей, адасқан ағымдар мен өз мүддесін ойлаған миссионерлердің арбауына түсіп қалмаңыздар. Әрі ғаламтор арқылы үгіт насихат алудан және іні қарындас, ұл-қыздарыңызды адасушылық пен әртүрлі бүліктердің құрбаны болудан сақтандырыңыздар. Дұрыс ислами тәлім-тәрбие сабақтарын мешіт имамдары мен теолог, дінтанушы мамандардан алғандарыңыз дұрыс.
Өйткені мен білімсіз бостандықтағы алтын уақытты дұрыс бағаламадым. Сезімге беріліп, құлақпен естіп көзбен көргенге әсерленіп, ата-бабамыз ұстанып келген дәстүрлі ислам діні, оның ішінде Құран және Пайғамбарымыз Мұхаммад (с.а.у) сүннетіне сай Абу Ханифа мәзһабы туралы әрі мәзһаб ұстанудың артықшылығымен қадыр қасиетін түсінбей соқыр сенімдегі қараңғылықтың құрбаны болдым. Өкінішті-ақ. Өткен өмірімізді кері қайыра алмаймыз. Осы күнгі және алдағы өмірімізде, тыныштықтың ұйытқысы болып отырған Отанымызда бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ата-бабаларымыз ұстанып келген дәстүрлі дініміздегі Абу Ханифа мәзһабын ұстана отырып, діни ауыз біршілік пен тыныштықтың сақталуына өз үлесімді қосуға бел будым.
Білімсіз соқыр сенім мен сезімге беріліп, өмір атты жолда менің адасуым – қараңғылық болса, ал жарық нұр – ол менің ақиқатты түсініп, тәубеге келуім, өткен өміріме өкінішпен қарап, алдағы өміріме үміттене сенім артуым.
Алла Тағала баршамызды адасушылықтан сақтап, ауызбіршілік беріп, Отанымызда әрқашан тыныштық болып, бейбіт өмір сүруімізді нәсіп еткей!
Нурсейтов Х.А.
ИЧ-167/3 мекемесі