Салафилік термині Исламның VII ғасырдан кейін пайда болған амалдарға қарсы, Исламды ескіліктің негізінде жаңғырту ниетіндегі жамағат екендігі мәлім. Мұны айқындайтын екі элемент бар. Біріншісі, әрбір нәрсенің Құранға, сүннетке және шариғатқа сай орындалуы, Құрандағы әрбір мағынасы жасырын болған аяттарға тәпсір мен тауил жасамастан түсіндіру. Салафилікте адамның іс-әрекеттері мен амалдарының бүкілі дін шеңберінде қарастырылады. Екіншісі, таза, саф болған Ислам дәстүріне уақыт өте келе қосылған жаңашылдықтың барлығын адасушылық ретінде қабылдау. Кейіннен қосылған нәрсе ешбір зарары болмаса да оған тілімен, жүрегімен және дене мүшелерімен қарсы болу.
Салафия деп айтылғанда әһли хадис дүниетанымының қазіргі кезеңдегі символдық есімі болған Ахмед б. Ханбал пікірінен туындаған, ХІІІ-ХIV ғасырларда Ибн Таймия мен Ибн Қайюм секілді тұлғалардың әсерінен жіктелген, ХVIII ғасырларда Араб түбегінде Ибн Абдулуаххабтың ілімімен Сууд жанұясының орнатқан саясатының нәтижесінде формасын иемденген, бұл бойынша саясатты және оппозицияны мойындамау, негізгі, түпкілікті қайнарлардың аясында ілім, білім мен дағуат әрекеттеріне шоғырланып ғасырлар бойы діннің негізінен алыстаған, бидғат пен күпірліктің арасында өмір сүріп жатқан мұсылмандарды, саф, таза болған Исламмен таныстыруды мақсат еткен және бұл мақсатқа жету үшін, керек болған жағдайда, зорлық-зомбылық қолдануды құптаған дүниетаным жүйесі елестейді.
Ибн Таймияның салафилікті қолдануын қарастырғанда, қалыптасқан бір құрылым мен қозғалыс емес, Ислам дүниетанымында «бөтен» болған элементтерден тазару мен алғашқы Ислам қоғамының тазалығына оралу пікірін ұстанатынын көруге болады.
Ахмед б. Ханбалдың ойынша иман «сөз бен амалдан тұрады» немесе иман «жүрекпен бекітіп, тілмен айту және дене мүшелермен амал жасау». Дәл сол секілді әһли хадис бойынша иман «сөз, амал және мағрифат». Иман: сөз бен амал, ниет пен жүзеге асыру амалы. Иман артады және кемиді. Алла қаласа ол артады және ешбір нәрсе қалмағанға дейін кемиді. Иман ғибадатпен артады, қарсы келумен нұқсан келеді. Имам Ахмед б. Ханбал Аллаға серік қоспаған және қыблаға қарап намаз оқыған адамның күпірлікпен айыпталмайтындығын айтса, екінші бір көзқарасы бойынша Алланың сипаттары мен иман негіздерімен байланысты мәселелердің түсіндірулерінде Әһли Сүнеттен өзгеше пікірлерді айтқан бүкіл Әһли Бидғат фырқалардың күпірлікке кіргендерін айтады. Әдебиеттерде оның бидғат пікірлерді қолдаған және бұл фырқалардың өкілдері болған адамдарды күпірлікпен айыптағанына байланысты түрлі риуаяттар кездеседі.
Салафилік дүниетанымды ұстанған адам мен топтардың осы секілді иман-амал бүтіндігін қолдағандар оларды қатаң іс-әрекеттерге, тіпті күпірлікпен айыптайтындай мінезге итермеледі. Осылайша олар жекелей және қоғамдық өмірдің саяси, әлеуметтік, мәдени және экономикалық салаларында амал мен иман арасында «бүтіндікті» іздеді, ал осы бүтіндікті таба алмаған жағдайда күпірлікпен (кәпір болуымен) айыптап отырды.
Салафилік дүниетанымның даму процесінде иман мен амал бүтіндігі билікке деген теке-тіреске байланысты амалдарды қолдаған аспапқа айналды. Сонымен қатар кемел бір мұсылманның өміріндегі қарым-қатынастарда жасалатын салиқалы амалдары енді жихадтық-радикалдық салафи ұйымдардың мүшелері жасау керек болған «ұйымдық іс-әрекеттер» сипатын алған болатын.
Жоғарыда айтылғандарды қысқаша, қорытынды ретінде айтар болсақ, тәуелсіздік алғаннан кейінгі аға буындармен қоса жастардың құлшылыққа бет бұрулары, әрине, қуантарлық жағдай. Дегенмен де алаңдатушылық туғызатын кейбір мәселелер бар. Ол – фанаттық сезім (көңіл күй). Құлшылыққа енді бет бұрған жастарда, көбінесе шабыт болады. Әрбір іске, айтқан әңгімелерінде қызуқандылық байқалады. Ғибадат жасаушылармен бірге псевдосәләфилердің де көбеюі алаңдатады. Мінеки, псевдосәләфилердің жоғарыда білдірген пікірлерінің нәтижесінде көптеген жастар құлшылыққа әлі де бет бұрмаса да, қоршаған ортасына жақсылықтан басқа зияны тимеген адамдарды күпірлікпен айыптап жатады. Ал бұл қоғамда түсініспеушілік пен резонанс туғызатын жайт екенін ескеру керек. Орта Азияның басқа елдерінде секілді Қазақстанда да дәстүрлі жол, дәстүрлі дүниетаным ретінде Абу Ханифа мен Матуриди мазхабтары бекітілген. Бұл мектеп бойынша амал – адам мен Жаратушының арасындағы қарым-қатынас болғаны үшін рияға бой алдырмай, барынша жасыратын нәрсе, иман – көркем мінез-құлық, яғни өмір сүріп жүрген қоғамда ешбір бүлік шығармастан тату-тәтті өмір сүру ретінде айтуға болады.
«Әдістемелік қамтамасыз ету»
бөлімінің маманы Б. Ботақараев
Псевдосәләфилердің амал мен иман байланысы