Қазіргі таңда исламды терроризммен байланыстыруға жол ашқан себептердің бірі исламдағы «жихад» ұғымының бұрмаланып көрсетілуі болып табылады. Ол – кейбір мұсылмандар, әрі басқа дін өкілдері тарапынан бұрмаланып, бұрыс түсініліп жүрген басты ұғымдардың бірі. Араб тіліндегі жихад сөзі «алға қойған мақсатқа жету үшін күш-жігер жұмсау», «талпыну», «тырысу» деген сияқты мағыналарды қамтиды. Жихад сөзі батыстық ақпарат құралдарында негізгі мағынасынан бұрмаланып «қасиетті соғыс» деп аударылып жүр. Ал мұндай ұғым исламда жоқ. Жиһадты мұсылман ғалымдары негізінде үлкен жиһад және кіші жиһад деп екіге бөледі. Yлкен жиһад деп адамның кемелдікке көтерілуіне кедергі келтіретін ең үлкен дұшпаны нәпсімен күреcіне байланысты айтылған. Ал кіші жиһад көбіне материалдық тұстарды қамтиды. Қысқаша кайтарсақ, мұсылманның адамдармен қатынасында барлық амалдарын Алла тағаланың ризашылығы үшін жасауы осы ұғымның аясына кіреді, ал Оның ризашылығына бастайтын жолдар аса көп. Сол тұрғыдан қарастырсақ қолға қару алып соғысу-мұның азғантай бір бөлігі ғана. Ол діннің ең негізгі элементі емес. Оның өзінде де белгілі қағидалармен шектеліп, жүйеленген және оның басты мақсаты зұлымдыққа қарсы тұру.
Исламда тек белгілі қағидалар шеңберінде қорғануға рұқсат eтіледі. Ислам соғысты мейлінше шектеп, әділдік пен бейбітшіліктің болғанын қалайды.
Сонымен қатар, жеке адамдар мен кейбір топтардың өз бетінше жиһад жариялауға ешқандай құқы жоқ. Соғысты тек қана мемлекет жариялай алады. Міне, қазіргі таңда ат төбеліндей кейбір лаңкес кері тартпалардың жасап жүргендері Исламға мүлдем үйлеспейтініне қатысты бүкіл Ислам ғұламалары бір ауыздан келіседі.
Кейбір мұсылмандар мен «исламдық ұйымдардың» Исламды лаңкестік діні ретінде түсінулерін Исламнан емес адамдардың қате пайымдарынан және басқа да себептерден іздеу керек.
Әлемдік алпауыт елдердің геосаяси, экономикалық әрі идеологиялық себептермен өз мүдделерін жүзеге асыру жолында Сирияда тұтанған соғыс оты талай елді сарсаңға салды. Әлемнің түкпір-түкпірінен «Шам елінің мұсылмандарын қорғаймыз» деп жалған жәннаттың сағымын қуып, интернет арқылы айлакер стратегтердің құрбанына айналған қаншама боздақтар «жихад» деп елдерін, отбасыларын тастап, соғыс алаңына ағылып, содырлардың қатарына қосылды. Халықаралық радикилизацияны зерттеу орталығының былтырғы мәліметінше, содырлардың қатарын әлем елдерінен 41 490 адам толықтырған. Мұның 13 пайызын әйелдер кұраса, 4600-дейі жеткіншектер мен жас қыздарды кұраған. Ал мұның көбісі Еуропа мемлекеттерінен көрінеді.
Бұл жахандық саясат біздің елді де айналып өтпеді. Діни әрі саяси сayаты төмен көптеген азаматтарымыз интернеттегі Голливудтық фильмдерден кем түспейтін, қыруар қаржы жұмсалып, кәсіби жоғары деңгейде дайындалған бейне роликтер мен жалған шейхтардың шақыруларына алданып, Шам жерінен бір-ақ шықты. Алайда өз қиялында әділдік іздеп, мұсылман бауырларын қорғап, ислам халифатының сарбаздары атанамыз деген жалған үміттері Сирияда су сепкендей басылды. Халифат тұрмақ, ешқандай да ортақ мүдде атауымен жоқ, қайта керісінше, кім-кіммен шайқасып жатқанын ажырата алмай, мұсылманның мұсылманға қару көтергенін көріп, алданғандарын сонда ғана білді. Алайда ол қанды майданнан қашып шығу мүлдем мүмкін емес еді. Қолға қару алып соғыспасаң өзіңді өлтіреді. Шегінерге ешқандай жол жоқ. Талайлар өкініп, опық жеді. Артта жылап ата- ана, туған туыс қалды, қаншама отбасы ойран болды!
Бірақ 2019 жылдың 6 қаңтарында үзілген үміт оты қайта жанды. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен Сирия еліндегі қақтығыс ошағынан қандастарымызды елге әкелуге бағытталған «Жусан» операциясы қолға алынды. Бұл Елбасымыздың әлемдік саяси сахнадағы биік беделі мен мемлекетіміздің келісімшіл ниеті, тұрақтылық қағидаты арқасында іске асырылды.
«Жусан» операциясы толық гуманитарлық мақсатта ұйымдастырылған ауқымды да мәнді шара болды. Мұның сәтті өтуіне еліміздің бірқатар құзырлы мекемелері, өзге де шет елдер және әлемдік деңгейдегі ұйымдар атсалысты.
«Жусан» операциясы бірнеше айға созылды. Оны жүргізуде арнайы мамандар көптеген қиындықтарды бастарынан өткерді.
Алғашқы «Жусан» операциясы аясында елге 6 ер кісі, 11 әйeл және 30 бала қайтарылды.
Қазіргі таңдағы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың нұсқауымен Елбасының «Жусан» операциясы жалғасын тапты. 7-9 мамыр аралығында тағы да бір топ қандасымыз қақтығыс аймағынан елге қайтарылды.
Сирия топырағынан бұл операция барысында 231 қазақстандық азамат, оның ішінде 156 бала, 16 ер адам және 59 әйел бар.
28-31 мамыр күндері «Жусан-3» операциясы жүзеге асырылды.
Соңғы шара барысында 67 әйел, 171 бала Отанға қайтарылды. Өкінішке орай, ол балалардың 9-ы жетім қалған. Яғни, әке-шешелері соғыс даласында опат болған. «Жусан-3» Сирия жеріндегі Қазақстан азаматтарын елімізге әкелу бойынша жүргізілген кешенді гуманитарлық операцияның қорытындысы болды. «Жусан» шеңберінде туған жеріне жалпы саны 516 адам жеткізілді. Оның 357-сі балалар мен жасөспірімдер.
Бұл егемен әрі жас мемлекет үшін халықаралық қауымдастық алдындағы салмақты іс болды. Сонымен қатар еліміз өз адамдарының тағдырына немқұрайлы қарамайтындығын тағы бір дәлелдеді. Біз әлем елдеріне татулық пен бірлік арқылы танылғанбыз. Ал, Еуропа мен әлемнің кей елдері Сирияға аттанған азаматтарын қайтару немесе бас тарту туралы нақты шаралар қабылдаған жоқ әлі, тіпті көпшілігі оларды қабылдаудан бас тартуда.
Осы ретте ол азаматтарымыздың қоғамға қаншалықты деңгейде бейімделе алатындықтары көпшіліктің көкейіндегі cayал. Әрине, олардың қоғамның толыққанды азаматы болуына барынша мүмкіндік беріледі. Айталық, арнайы оңалту орталықтарында кәсіби психологтар мен теологтар тарапынан қалыптасу үшін жәрдем беріледі. Бізде экстремизм мен радикализмнің құрылымдарын танитын, жат ағымдықтармен жұмыс істей алатын, ислам ақидасын дәстүрлі арнаға тарта алатын кадрлар баршылық. Тек бұл шараларды жүргізуге уақыт керек.
«Жусан-2» операциясымен елге келгендер Ақтау қаласындағы оңалту орталығына орналастырылған болатын. Қандастарымызбен сауатты, білікті мамандар мен теологтар үзіліссіз жұмыс жүргізді. Жат пиғылды ұйымдардың жетегінде кеткендерге, санасы уланып, алданып қалғандарға бірінші психологтың көмегі керек. Қазірдің өзінде бұл бағыттағы шаралардың оң нәтиже беріп жатқандығын білгеніміз жөн. Биылғы қаңтарда елімізге қайтарылған әйелдердің дені радикалды көзқарастарынан айығып, азапты өмірлерінен бас тартты. Тіпті, жұмысқа орналасып, туыстарының ортасына қосылды. Балалары мектеп табалдырығын аттап, балабақшаға барып жүр.
Сондықтан «Жусан» операциясы Қазақстанның жауапкершілігі мен беделін тереңдете түсті. Осы орайда, мұндағы басты мүдде дін де, лаңкестік те емес, адамдарымыздың тағдыры мен амандығы екенін айту керек. «Жусан» арқылы өз қандастарымызға жаңа өмірді басынан бастауға мүмкіндік берілді.
Әрине, кейбір елдердегі өз азаматтарын елдеріне қайтару жұмыстарын жоққа шығаруға болмайды. Десе де, тура «Жусан» жобасы сынды елінің азаматтарын жанашырлықпен Отанына жеткізетін операция жоққа тән. ДАИШ ағымы Сирия аумағындағы қақтығыстардан ығысқанымен, күйрей жеңілгенімен, ондағы төтенше оқиғалар мен мемлекеттің ресми билігіне қарсы геосаяси шаралар ахуалдың әлі де күрделі екендігін аңғартады. Ал осындай сәтте Сирияның жетекші тобы мен Ресей Федерациясы тарапынан көрсетілген қолдау жұмыстары біздің операциямызды сәтті жүзеге асыруға ықпал етті. Өзге мемлекеттердің тұрғындары босқын мәртебесімен әлемдік ұйымдардың көмегі аясында Еуропа, Түркия территорияларындағы босқындарды қабылдайтын орталықтарға жеткізілгенімен, көп адам демилитиризацияланған аймақтарда қалып қойған.
Ал мемлекетіміз терроризм мен экстремизм оқиғаларымен күрес жүргізуден, сонымен қатар қиын жағдайға тап болған азаматтарға жәрдем беруден бас тартпайды. Демек, гуманитарлық акция аясындағы жұмыстар әлі де жалғаса беретінін байқауға болады. Бұл еліміздің өз азаматтарының тағдырына ешқашан бейжай қарамайтындығын көрсетеді.
Осы орайда, соңғы екі-үш жыл шамасында еліміздің шекарасынан Сирияға бет алған азаматтар туралы бірде-бір дерек жоқ. Өз кезегінде бұл – халықтың діни әрі саяси сауаты артып, ақиқатқа көз жеткізіп келе жатқанын көрсетеді. Сондай-ақ бұл құзырлы мекемелер мен білікті дінтанушы мамандардың тынымсыз еңбектерінің, сауаттандыру, сауықтыру шараларының нақты жемісi.
«Қоғамдағы дін қатынастарын зерттеу»
бөлімінің басшысы А.Бектұрғанов
«ЖИХАД» ДЕП «ЖУСАНМЕН» ҚАЙТА ОРАЛҒАНДАР