Жат ағымның қылығы да жат
Жат ағымның қылығы да жат
13.09.2024
442
0

         Халқымыз әрқашанда «Отан үшін отқа түс, күймейсің» деген даналық сөзді тәрбиенің негізі көзінің бірі ретінде ала отырып, кез келген баланы Отанды қорғау жолында барлық қиындықтарға төзе білуге шақырып тәрбиелейді. Сонда да, соңғы жылдары халқымызда Отан деген ұлы ұғымның қадір-қасиетінің парқына бармастан, оны қорғамақ түгілі, халықтың өзіне тән құндылықтары мен ұлттық болмысынан айырып, елдің тұтастығы мен қауіпсіздігіне қатер төндіретін теріс пиғылды ағымдардың әрекет жүргізіп отырғандығын байқаудамыз. Ниеті теріс мұндай ағымдардың негізгі мақсаты – ел халқының арасына іріткі салып, алауыздық тудырып, территориялық тұтастығымызға қол сұғу ғана.                                                                      

         Жат ағымға адамның еріп кетуінің басты себептерінің бірі – жақыны қайтыс болған адамдардың көңілін аулап, қиындыққа тап болғанда көмектесіп, жалғыз қалғанда серік болып, сеніміне мықтап кіріп алып, рухани әлсіреп, көңіл бөлуді, басқалардың жарылқауын қалап тұрған шағында, теріс ниеттегі діни ағымдар әрекет ете бастайды.                                      

         Қой терісін жамылған қасқыр сияқты дін атын жамылған жат ағым мүшелері діни сауаты төмен, әлеуметтік тұрмысы нашар азаматтарымызды қатарларына тарту үшін, өздерін дұрыс жолдағы шынайы діндарлар етіп көрсетеді. Отанына, отбасына және ата-бабамыз ғасырлар бойы дәріптеген дәстүрлі дініне күмән тудырып, қалыптасқан салт-дәстүрімізге қарсы қояды. Сондай-ақ, бұндай топтағы азаматтар отансүйгіштік, ұлтжандылық сезімдерін бағаламайды әрі мемлекеттік рәміздерді, жергілікті биліктің шығарған заңдарына бағынбайды және мойындамайды.                   

       Зайырлы мемлекетіміздегі дін мен дәстүр бірлігі – өткеніміздің тарихы, болашағымызды кепілі. Сондықтан да жастарды әртүрлі жат ағымдардың жетегінде кетуден сақтандыру үшін оларды жастайынан өзінің асыл дінін, төл тарихын, ұлттық құндылықтарын бойына сіңіріп өсуіне баса мән беру өте маңызды. Осы тұрғыда дәстүрлі тәрбие мен рухани тәрбиені сабақтастыра отырып толып кемелді, ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеу үшін жұмыстар ұдайы атқарылуы керек.                                                                                   

     Біздің ата-бабаларымыз ислам дінінің Ханафи мазһабын ұстанған. Бабалар салған жолмен неге жүрмейміз? Неге бүйректен сирақ шығарамыз? Бұрынғылардан қалған тура жолға түспей, басқа жағынан айналып өтемін деп неге басымызға бейнет тілейміз? Мазһаб ұстанбау биік жарға біреу баспа қойып «Құлайсың, осымен түс дегенде» тыңдамай, тіке секіргенмен бірдей емес пе? Ендеше неге «Мен мазһабпен жүрмеймін, Құран мен Сүнетті ұстанамын» дейміз? Мазһабтың өзі соның жиынтығы ғой. Олай ету үшін Құранның тәпсірлерін, хадистерді түгел білу қажет. Әбу Ханифа сияқты соларды бірнеше жыл талдап, зерттеп, содан кейін барып пәтуа беру керек. Осы жағын ойланайық. «Дінде зорлық жоқ» екені Құранда айтылған, Пайғамбар «Дінді қиындатпаңдар» деп өсиет еткен. Өзге дін ғалымдары түгел мойындаған Имам Азғам Әбу Ханифа Құран мен сүннетті негізге алып пәтуа шығарған. Соны ұстанған бабаларымыз Аллаға құлшылығын жасап, ел ішінде діни алауыздық тудырмай, «намаз оқымайсың, кәпірсің» деп ағайын-туысымен араздаспай, айналасын қамқорлап, мейіріммен қарап ғұмыр кешкен. Қандай адам да ерте ме, кеш пе құдайдың бар екенін мойындайды. Сол кезде адаспас үшін діни ілімді мешіт имамынан алғаны дұрыс екенін есте ұстайық.

       Ә.Болат

Түркістан облысының дін істері басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

Мақтаарал ауданындағы дінтанушы маманы                           

 

0 пікір