Қазіргі қоғамды жауар күндей күркіреткен, томаға тұйық тон терісін жамылған қазақ елін ғана емес, бүкіл әлемді дүркіреткен пиғылы жат теріс ағымдар дүниежүзілік проблемаға айналып отыр. Исламға күйе жағып дін атын жамылғандар ислам десе зәресі зәр түбіне жетіп, шошынып қарайтын күйге түсткені жасырын емес. Арғы-бергі, тоқсан толғаулы тарихымызды парақтар болсақ, халқымыздың қандай да бір діни алауыздықтарға жол бермегенін байқаймыз. Қазіргі ата-ана баласы «Алла» атын аузына алып, намазға жығыла бастаса кәдімгідей қорқып, қобалжитын жағдайға жеткен. Мұндай жайт ата-бабамыздың үш ұйықтасада түсіне кірмеген болар. Алайда, өкінішке қарай, бүгінгі ғаламдану заманындағы еліміздегі ахуал осыған саяды. Бұл арада мәселе діннің өзінен емес, дін атын жамылушы теріс пиғылдылардың құйтырқы әрекетінен ушығып тұрған жайы бар. Ғаламдану заманындағы басты қатер – ашық-шашықтығымыз. Осы ұрымтал тұсты пайдаланушы мысық тілеу миссионерлер ұлтымызға жақын ислам діні атын жамылып кез келген бағыт бойынша, соның ішінде ғаламтор арқылы да жастарымыздың санасын улап, қоғамымызға іріткі салып бағуда.
Бүгінгі ағымдардың ислам атын жамылып атқарып жатқан іс әрекеттері тарихта болған дүниелер. Тек тарихтағы сол қисық түсініктер қайта айналып келіп отыр. Оны ислам қайнарына сүйенген білім арқылы және ауызбіршілік, ынтымақ арқылы жеңіп шығуымыз қажет. Ағымдарды жеңу терең білім толассыз насихаттар арқылы жүзеге асады. Жат ағымдар мына жағдайларда анықталады:
Халықтың діни ұғым, дәстүрлеріне байланысты:
1- Қарт кісілердің жастарға беттерін сипап, берген «батасын» теріске шығарады.
2- Келіннің күйеуінің ата-анасына иіліп сәлем бергенін теріске шығару, бұл олардың пікірінше Алладан басқа тағы да біреуге табыну болып табылады.
3- Мұсылмандардың молаға зиарат етуіне болмайды.
4- Құранды өлген адамдарға арнап оқуды теріске шығарады.
5- Өнерді теріске шығарады.
Халықтың дәстүрлі ұлттық киіміне байланысты:
1- Арабтар мен пакістандықтардың киімдеріне еліктеу (еркектердің ұзын көйлектері мен орамалдары)
2- Балағы қысқа немесе кесілген шалбар киеді, «тірсектен түскен киім-тозақ отына барады»-деп насихаттау.
3- Ұзын әрі күтімсіз сақал өсіру, бұл құдайдан қорыққандықтан-мыс. Олар сақал қоюды уәжіп санайды.
Туыстық қатынастарға байланысты:
1- Ата-аналары дайындаған тамақтан, олар намаз оқымай дайындады деп, бас тартып қарсыласады.
2- Ата-ана, ағайын туыстары, дос жаран, тамыр-таныс, көрші қолаң мен қарым-қатынаста үйлену тойлары, туған күн, мерекелер, еске алулар, діни-рухани рәсімдердің бәрі олар үшін жағымсыз, шариғатқа қайшы әрекет.
3- Әйел, қызбалалар, олар үшін бір зат немесе екінші сортты, тіпті құл-күң дәрежесінде ұғынылады.
4- Басқа туыстарымен араласқан кезде, өздерінің Ислам туралы жеке түсінігін тықпалайды және олардың ойынша «мешіттерде сауатсыз имамдар отырғандықтан» тек қана өздерінің уәһһабилікті дәріптеуші ұстаздарын тыңдауды талап етеді.
Ислам – адамзат баласын бірлікке, бейбітшілікке, татулыққа шақыратын дін. Бірлік бар жерде береке, бейбітшілік бар жерде тыныштық, татулық бар. Қазіргі таңда ислам атын жамылып, халықты түрлі сенімге бөлген жат ағымдардың қоғам тұтастығына сызат түсіріп отырғаны алаңдатады дейді дін өкілі.
«Жат ниетті ағым бұқара халықты сонау ата-бабадан жалғасып келе жатқан дінінен үркітіп-шошыту мақсатында түрлі айла-шарғыларын жасауда. Мәселен, исламның атын жамылған уаһһабилер, құраниттер, ахмадияшылар, хизбутшылар, тәкфіршілер секілді ағымдар ашық та, жасырын да ел ішінде теріс бағытта қызмет жасауда. Әсіресе, қазақтың дүниетанымына сай келетін Имам Ағзам Әбу Ханифа мәзһабын мойындамай, жоққа шығарғысы келетіндер әрекеті байқалады. Жасыратыны жоқ, соңғы кездері ел ішін ала тайдай бүлдіріп, жаңашылдық әкелмек болған «сәләфи» ағымы қанатын кеңге жаюда. Ал, аталған ағымның шырмауына түскен бауырларымыз хақ дін мен ағымның арасын ажырата алмай дал болуда. Діни сауатсыздығының кесірінен ұлт қауіпсіздігіне қатер төндіретін жатқа жалтаңдап, дана атанған халқымыздың салты мен дәстүріне дұшпандық жасап жатқаны жанымызға аяздай батады. Иә, жат ағым таратқан ақпараттардан дәстүрлі діни нанымдарымыз бен салтымызға сіңген діни көзқарасымызға мүлдем кереғар көзқарас, ұстанымдар шыға бастады.
Қазіргі кезде бүйректен сирақ шығарып, діни реформа жасағысы келетін діни ағымдардың жымысқы әрекеті елге айдай анық көрінуде. Халқымызда «Аңқау елге арамза молда» деген нақыл бар. Бұл сөз бүгін де құнын жоймады. Өйткені дәстүрден тыс діни ағымдар тыныш қоғамды іштей іріту үшін діни сауаты кем қауым мен жастық желігі басылмаған жастардың қолымен от көсеуде. Олар, әлбетте, теріс бағыттағы ұйымдардың өз мақсаттарын қандай амал-айла арқылы жүзеге асырып жатқан жайын біле бермейді. Нәтижесінде түрлі діни ағым кесірінен айрандай ұйып отырған отбасылар ойрандалуда. Ата-ана ұл-қызынан тірідей айырылып жер соғып қалуда.
«Сондықтан елдің, ұлттың, халықтың тұтастығын сақтап қалу үшін, өздерін ғана ақылды санайтын, дін үйретушілерден барынша сақтану қажет. Шынында діннің атын жамылған ағымдар мен топтар діни сауаты аз азаматтарымызды өз қармақтарына түсіріп, тіпті өздеріне белсенді жақтасқа айналдырып, өзімізге қарсы қойып үлгерді.
Ел бірлігі мен мемлекет қауіпсіздігіне зиян келтіретін ағымдардың жетегіне кетіп қалмау шараларына баршамыз атсалысуымыз қажет. Діни білімге сусаған кезде, бір мәселеге тап болған сәтте әркімге жүгінбей, дін мәселелерін зерттеу орталығы мен ресми діни бірлестік өкілдерінен кеңес сұрағаны абзал.
Дін – мемлекеттің негізін құраушы басты фактордың бірі болғандықтан, ол елдегі ішкі тұрақтылықтың кепілі. Ауызбірлік, елжандылық, бейбітшілік пен тыныштық – ислам дінінің басты мұраты. Ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіріп тұрған жат ағымдардан бойымызды аулақ ұстап, халқымызды, жастарымызды отансүйгіштікке тәрбиелегеннен ұтпасақ, ұтылмасымыз анық. Олай болса, жат ағымның бірлікке емес, бүлікке алып баратын жол екенін еш ұмытпаған жөн.
Қорытындылай келе «Әр елдің тәуелсіздігінің мәңгілік болуы ынтымақ, бірлікте. Дана халқымыз «Береке басы – бірлік», – деп бекер айтпаса керек. Ұлт пен ұлысты бауырына басқан бүгінгі еліміздің еңсесі берік ынтамағының арқасында талай-талай игіліктерге қол жеткізіп келеді. Сондықтан «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді, алтау ала болса, ауыздағы кетеді» деген қағиданы берік ұстанғанымыз жөн.
Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру
және үйлестіру бөлімінің басшысы Қ.Салықбаев