Ислам діні мейірімділікке, ынтымаққа, жақсылыққа шақыратын Иләһи дін. Ата – бабаларымыз ондаған ғасыр бұрын Ислам дінін қабылдап діннің негіздерін дәстүрімізге айналдырды. Соның арқасында халықтың арасында ешқандай келіспеушілік болған жоқ. Керісінше бауыр болып ынтымақта өмір сүрді. Кейінгі жылдарда жат ағым деп жиі-жиі айтылып келеді. Жат ағым өкілдерінің сөзінен кейде келіспеушіліктер байқалады. Тіпті салт-дәстүрге, әдет-ғұрпымызға да келіспейтін тұстарын байқауға болады. Ал дінде салт-дәстүр, әдет-ғұрыпқа ешқандай қарсылық жоқ.
Ел ішінде теріс пиғылдағы діни ағымдардың сыналап кіріп алғаны жасырын емес. Өзге ұстанымды уағыздайтын олар ұлттық құндылықтарымызға қарсы әрекет етуге тырысады. Кейбірі салт-дәстүрді адасқан ата-бабаның сарқыншағы деп, ырымға қырымен қарайды. Ал домбыраны шайтанның құралына балап, ұлттық болмыстан айыруды көздейді. Бұл індеттің қауіп-қатері соңшалық уыздай ұйған әулеттерді іркіттей ірітіп, баласы шешесінің қолынан ас ішпейтін отбасылар пайда болды. Жат ағымның жетегінде жүргендер қоғам үшін қай кезде де қауіпті. Теріс ағымда кетудің бірнеше себебі бар екенін, оның басында білімсіздік тұрады.
Біріншіден, діни деструктивты ағымға қосылған кісілер қазақ халқымыздың дәстүрін дұрыс емес деп есептейді. Мәселен, біздің ғұрыпта дүниеден өткен адамға құран бағыштау бар, одан жаназа шығарылғаннан кейін ас беру, қырқы, жылы және әр бейсенбі шай беріп құран оқыту үрдістері бар. Діни деструктивты ағымға өткендер осының бәрін теріске шығарады. Некелесу мәселесінде беташар кезінде сәлем салу ғұрыпын жоққа шығарып, күнә деп оны Алла Тағалаға серік қосу деп айтады. Мінеки, осындай діни мәселелерге жат қарайды.
Ата-бабамыздың сан ғасырдан бері ұстанып келе жатқан дәстүрлі дінін жоққа шығару, салтымыз бен ғұрпымызды мойындамау – жат ағым өкілдерінің бойында кездесетін жағымсыз әдет. Олар салт-дәстүрімізді «бидғат» (дінге кейіннен енгізілген жаңалық) деп таниды. Ал расында Ислам әлемдік дін болғандықтан, ол адамзат қауымына ақиқатты танытып, әрбір ұлт пен ұлысқа өзінің салт-дәстүрін сақтай отырып, ізгілік жолымен жүруді насихаттайды. Ардақты Пайғамбар (с.ғ.с) араб халқының Исламға дейінгі дәуірдегі шариғатқа қайшы келмеген әдет-ғұрыптарының сол қалпында қолданылуына тыйым салмады.
Шәкәрім Құдайбердіұлының: «Дін адамды бір бауыр қылмақ еді, Оны бөліп, дұшпандық қару жасар», – деп айтқанындай, жік-жікке бөлу, іштей ыдырату, өздерін ғана шынайы мұсылман тұтып, өзгелерді адасқан санау, уағыз-насихаттарын жасырын жүргізу – жат ағымның сипаты. «Дүмше молда дін бұзар» дегендей, бүгінде елді шатастырып, тура жолдан тайдырып жүргендер баршылық. Сондықтан да жұрттың дін ұстанатын кісінің өзіне күмәнмен қарай бастағаны шын. Білімсіздік, көзсіз фанатизм, жалған діндарлық – осының барлығы халқымыздың рухани әлеміне қауіп төндіріп тұр. Ішкі сенімдеріңізбен дінге деген құрметтеріңізді басқа жат бағыттармен алмастырып алмаңыздар.
Жат ағым – адам денесіндегі дерт іспетті. Қай жерде әлсіздік болса, қай жерде сақтану, алдын алу шарасы болмаса, сол жерді дерт меңдейді. Сондықтан әр азамат дұрыс діни ақпараттармен өзінің білімін күшейтіп, дінді сенімді қайнар көздерінен үйреніп, рухани сүзгі қалыптастырса, теріс ағым ықпалынан сақтана алады.
Діни сауат ашуды қалаған адам немесе көкейіндегі сұрағына жауап алғысы келген кісі діни мағлұматты интернет желілеріндегі белгісіз тұлғалардан емес, мешіт имамдарынан сұрағаны, бекітілген ұстаздардан үйренгені аса маңызды.
Б.Абдрахман
Түркістан облысы дін істер басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ – нің
теолог маманы
Жат ағым өкілдерінің қателіктері