Кез келген тәуелсіз мемлекеттің негізгі күші, күре тамыры ол жастар болып табылады. Себебі жас буын еңбекқорлығы мен іскерлігі және өз еліне, жеріне патриот болуы, мемлекеттің дамуына алға басуына үлесі зор болатыны ақиқат. Міне сондықтанда Мағжан Жұмабаев атамыз:
Арыстандай Айбатты
Жолбарыстай Қайратты
Қырандай күшті қанатты
Мен жастарға сенемін – деп, жастардың қаншалықты маңызды рөл атқаратындығын көрсеткен болатын. Алайда қазіргі таңда діннің асылына үңілместен, ақиқат жолды парасатты оймен салыстырмастан құр еліктеушілікпен, немесе белгілі бір мүддеге жету үшін жат діни ағымдардың жетегіне еріп жатқанын көзіміз көріп құлағымыз естуде. Осының салдарынан қаншама отбасылардың шырқы бұзылып, шаңырақтары шайқалып, берекесі қашуда. Кейбір отбасылардың отағасы білімсіздіктің салдарынан сезімнің сергелдеңіне түсіп, темір торға тоғытылса, бесік тербетіп үйінде отыруы тиіс нәзік жандылар, нағыз ислами өмір сонда деп, үй-жайын, бала-шағасын, елін-жерін тастап, шекара асып, қиырдағы шет мемлекеттерге кетті. Қаншама ата-ана ұл-қызынан айырылып, зар илеп қалды. Міне, жастардың осындай жағдайға душар болуының бір ғана емес, бірнеше себептері бар.
Ең бірінші себебі діни сауатсыздық. Жат діни ағымның жетегінде жүргендердің санының артуы қарапайым халықтың діни сауатының аздығынан немесе жоқтығынан туындайтыны хақ. Дінге толық таныммен, біліммен келмей шала сауатпен, сезіммен келіп, өзінің қалай адасқанын аңғармай да жатады. Теріс ағымға арбаушылар көбінесе өмірлік тәжірбиесі аз, уақытша қиындыққа төзімсіз, діни сауаты таяз жастарды тартуға тырысады. Өйткені, білімсіз адамның аңғал, көнгіш, сенгіш, еліктегіш келетінін жақсы біледі. Жат ағымдарға алданушылардың 85-90 пайызға жуығы мүлдем діни сауаты жоқ, мешіт-медресе көрмеген. Ал, дінімізде білімнің маңыздылығы ерекше. Тіпті Құранның ең алғашқы түскен аяты да «Оқы» деген әмірмен басталады. Қасиетті Құран Кәрімде «Білмесеңдер білім иелерінен сұраңдар» (Нәхл сүресі 43 аят), «Білгендер мен білмегендер тең бе?» (Зүмәр сүресі 9 аят) – деп білімнің адам өмірінде алатын орынын қаншалықты маңызды екенін көрсетеді.
Екінші себебі болса тәрбиенің мардымсыздығы мен ата-анасының қарауынсыз қалуы. Толық отбасынан шықпаған мейірімге, тәрбиеге мұқтаж бала жылулықты көшеден іздейтіні айтпаса да түсінікті. Ата-анасынан ала алмаған діни ақпаратты көшеден іздеген жастардың тағдыры орны толмас өкініштерге соқтырып жатады. Ата-аналардың көпшілігі күн көрістің қамымен таңнан қара кешке дейін жұмыста болғандықтан, баласының тәрбиесіне көңіл бөлуге уақыттары тапшы болып жатады. Ең бастысы бала-шағамыз қатарынан кем болмай, киімі бүтін, тамағы тоқ болса, қалтасында қымбат телефоны болса болды деп, материалдық құндылықпен шектелуде. Ал, Пайғамбарымыз (с.а.с) бір хадис шәрифінде былай дейді: «Әкенің баласына қалдырған ең үлкен мұрасы-оны жақсы тәрбиелеу» (Хадисті Имам Мүслим жеткізген). Сондай-ақ көптеген ата-аналар бала тәрбиесіне көңіл бөлмей, немқұрайлы қарап, барлық міндетті мектепке итере салады. Бір әке-шешенің берген тәрбиесін жүз мектеп бере алмайтыны айдан анық. Отбасында адал мен арамды білмей өскен бала, өскенде дінге қатысты көкейінде жүрген сұрақтың жауабын ата-анасынан ала алмағандықтан, көшедегі жат ағымның өкілінен сұрап, тұзағына оп-оңай түсіп кете барады.
Үшінші себеп ол ғаламтормен әлеуметтік желілердегі тыйым салынған уағызшылардың уағыздары, жастарды жарға жығуға итермелейтін факторларының бірі болып тұр. Қазіргі таңда ұялы байланыссыз, интернетсіз жүрген адамды көрсек, таңырқайтын болдық. Интернетте шетелдегі псевдошейхтар мен еліміздегі заңсыз уағыз айтушылардың уағыздары, бұрынғыға қарағанда біршама бәсеңсіді. Жастар сол интернетте жарияланған мәліметтерге, видеоларға имандай сеніп, оларға лайк басып, пікір жазып, ақпараттармен бөлісіп отыруды үрдіске айналдырған. Сол мәліметтер мен видеолардың арасында жиһадқа шақыратын, билікке қарсы қоятын ақпараттар да жетерлік. Сондай ақпараттарды достарымен бөлісіп, от басып сотталып жатқандары қаншама?!
Төртінші себеп ол күйзеліске ұшырау. Қамшының сабындай қысқа, бес күндік жалған мынау өмірде жақсыны да жаманды да қатар көресің. Өмірдің ащысын да тұщысын да басыңнан өткересің. Күнделікті күйбең тірлікпен біреуге ренжіп ашуланасың, енді бірде ашуландырасың. Өмір бар жерде өлім бар демекші жақын адамыңнан айрылып, қан жұтасың. Бұл мынауөмірдің жазылмас заңдылығы. Әйткенмен де жаратқан Алланың пенделері басына қиын-қыстау күн туып, қатты қиналғанда туған-туыс, дос-жараннан жылылық, мейірім, материалдық көмек бере алатын жандар іздейді. Дәл осы сәтте әлгі дәстүрлі емес жат ағымның мүшелері ет жақын бауыры көрсетпеген жылулықты көрсетіп, бауырмалдылық танытып, жабырқау жандардың жанынан табыла кетіп, қайғысын бөлісіп, көңілге демеу береді. Осылайша айырылмас досқа айналып, әлгінің айтқанынан шыға алмайтындай халге душар болғанын өзі де сезбей қалады.
Бесінші себеп жұмыс орнымен араласатын ортасы. Жалпы дәстүрлі емес діни ағымдардың мүшелері мемлекеттің жұмысынан бас тартып, сауданы берекесі бар сүннет амалдардың біріне балап, көпшілігі сауда саттықпен, жеке кәсіппен айналысады. Деструктивті теріс пиғылды жат ағымның жетегінде жүрген азаматтардың арасында да кәсіптің көзін тапқан, материалдық жағдайы жақсы, қалтасы қалың азаматтар үлкен сауда орнындарын, базарлардан дүңгіршек, құрылысқа қажетті заттар сататын дүкендер ашып, оған жұмысшыларды тарта бастайды. Жұмысқа өзінің пікірімен пікірлес, діни көзқарасы сәйкес келетін сенімді азаматтарды іздейді. Өзінің ойындағысын таппаған жағдайда діннен хабарсыз жүрген жастарды қарамағына тартып, жоспарлы түрде үгіт-насихат жүргізіп, қатарын толықтыра түседі. Сонымен қатар әлеуметтік зерттеулердің нәтижесінде кейбір жастардың дінге бет бұруы араласатын достарының ықпалымен келгендігін көрсетеді. Кейбір жоғарғы оқу орындарының жатақханаларында, спорттық алаңшаларда шала сауатты, уағыз айтқыш жастар табылып жатады. Шала сауаттылардың айтқан уағыз-насихаттарына уланып, жастардың дінге деген көзқарасы бұрыс жағына қарай өзгеріп шыға келеді. «Досыңның кім екенін айт, мен сенің кім екеніңді айтамын» - деген тамаша тәмсіл де сөзіміздің айғағы.
Алтыншы себеп ол шет елде заңсыз діни білім алу жалпы Қазақстанда жат ағымның кең таралуының себебі шетелден теріс діни білім алу. Еліміз Тәуелсіздік алған жылдардан бастап, шетелге діни білім алушылар көбейді. Ол жылдары елімізде сауатты діни білім беретін оқу орындары болмады. Ал, қазіргі таңда діни бағыттағы оқу орындары жеткілікті. Шетелдің діни білім беретін оқу орындарына мұқтаждық азайды, тіпті жоқ десекте болады. Дегенмен де суды бұлақтың басынан ішейік, шетелдің оқу орындарында, ғалымдардың алдында отырып, білім нәрімен сусындайық дейтіндер де табылады. Сол мақсатпен шетелге барған, діни сауаты аз жастар, заңсыз хужраларда, тіл курстарында сабақ беретін шейхтардың улы уағызын бойына сіңіріп, елге қайтады. Елге келіп өз уағыздарымен ылаң салып жүргендері де баршылық.Сонымен қатар шетелде діни білім алып, елге оралып, абыройлы қызмет жасап жүргендерді де жоққа шығара алмаймыз.
Міне осы себептердің алдын алар болсақ, әр отбасына жауапты ата-ана ұрпағының материялдық жағдайының кем болмауы үшін қалай мән берсе рухани байлығына да аса мән беруі керек. Тарихымыздан белгілі алысқа бармай-ақ «Алаш» зиялыларының барлығы дерлік бала кезден мешіт-медреседен діни білім алғандығы, олардың рухани жағынан мықты болуы, елге жерге деген адал қызмет атқаруына себеп болды.
Ш.Темірқұлұлы
Түркістан облысының дін істері басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің
теолог маманы
Жастардың жат ағым жетегінде кету себептері