Жаратушыны аспанда деп айту қаншалықты дұрыс
Жаратушыны аспанда деп айту қаншалықты дұрыс
26.07.2021
643
0

Халқымызда Жаратушыға деген көзқарас ерекше қалыптасқан. Кеңес үкіметі орнағанға дейін қазақ даласында мешіт, медреселерде молда мен ишандардың абырой беделі ерекше болды. XX ғасырда өмір сүрген қазақ зиялыларының өмір тарихын аша қалсаң, алғаш сауатты ауыл молдасынан алды деген бір ғана жол сөйлемді көзіміздің шалып қалатыны бар. Яғни сол кездегі көне-көздер ұрпағына діни білімді үйретуге ынталы болған. Содан да болар күнделікті өмірімізде қолданылып жүрген мақал-мәтел, шешендік сөздеріміздің дінмен ұштасып жататыны. Тіпті кейбір сөздер исламның сенімдік қағидаларымен астасып қалатыны бар. Мәселен, «Құдайсыз қурай сынбас», «Құдай деген құр қалмас», «бота алғанша, бата ал», «адамның емес, Алланың дегені болады» деген секілді тоқсан ауыз сөздің тобықтай болған түйінін шешкен мақал-мәтелдер көп-ақ. Тіпті бір күнәлі істі көре қалған жағдайда «Құдайдан ұялмайсың ба?», «төбеңнен Құдай қарап тұр», «Құдайдан қорық!» деген секілді ескертпе сөздер де бар.

Бірақ дәл осы сөздердің байыбына барып, түсініп жатқан қазақ бар, байыбына бармай Құдай аспанда, арштың үстінде деп адасып жүрген қазақ бар. Бүгінгі мақаламызға арқау болған мәселе Алла Тағаланы аспанда деп айтуға болама? деген мәселе төңірегінде болмақ. Ең әуелі мына нәрсені түсініп алайық. Әрбір ұлттың, әрбір халықтың өзіне ғана тән диалектісі, шешендік стилі болады. Мысал ретінде алып қарасақ домбыраның құлағында немесе аттың құлағында ойнайды дегенде бұл сөздерді жергілікті тұрғын қазақтар ғана байыбына барып, түсінеді. Ал ағылшындар немесе орыстар секілді өзге ұлттар түсінбеуі мүмкін.

Бірақ, әлі күнге дейін маңызын жоймаған ауызекі сөйлеуде қолданылатын «төбеңнен Құдай қарап тұр» деген сөзді түсінбеген бауырларымыз арамызда баршылық. Бұл сөзді тікелей мағынасында қолданып Құдай аспанда деп, және дәлел ретінде «Таһа» сүресінің 5-аятын дәлел ретінде қолданып өзін де, өзгені де адастырып жүргендері бар. Осыған байланысты ислам ғалымдарының осы мәселе төңірегінде жазған еңбектерінен үзінді келтіре кетсек. Алла Елшісі (с.а.с): «Мен ілімнің үйі болсам, Али сол үйдің қақпасы» деп мақтаған ислам тарихында төртінші халифа болған Али бин Абу Талиб (р.а.): «Мекен жоқ кезде Алла Тағала бар еді, Ол қазір де солай» деген көзқарасты ұстанған. Мазһабымыздың имамы атақты табиғин Имам Ағзам Әбу Ханифа Али (р.а.) алшақтамай осы көзқарастың аясында Уасия кітабының  үшінші өсиетінде мынадай пікір білдірген: «Хақ Тағаланың Аршыға ешбір мұқтаждықсыз әрі оған орнығусыз истәуә қылғанына иман келтіреміз. Әсілінде Алла Тағала Аршыны да, одан басқаны да сақтаушы әрі оған мүлдем мұқтаж емес. Егер Хақ Тағала Аршыға мұқтаждық танытса, жаратылған жаратылыстың деңгейіне түсіп, әлемді жаратуға, басқаруға шамасы келмес еді. Егер Хақ Тағала оған отыруға, орнығуға мұқтаждық танытса, Аршы жаратылмай тұрып Алла қайда еді? Хақ Тағала мұндай кемшіліктерден пәк әрі ұлы!». Дәл осы кітапқа түсіндірме (шарх) жазған Ханафи мазхабының белді ғалымы Әкмәлуддин әл-Бәбирти Шарх Уасил әл-имам Әби Ханифа атты еңбегінде былай дейді: «Алладан өзге жаратылыстың барлығы «әләм, ғалам» деп аталады. Әләм жаратылған. Өйткені ол өзгеріп отырады. Ал әрбір өзгеріске ұшыраған зат – жаратылған. Сол себепті барлық кемшілік атаулыдан пәк Алла Тағаланың бір мекенге орнығуы мүмкін емес. Алла ешбір мекенге орнықпаған деген тұжырым нақтыланған соң, Оның бір мекенде болмауы да – ежелден белгілі әрі нақты. Алладан өзгенің бәрі жаратылғандығын айтып өттік. Егер мекен жаратылғаннан соң бір жерге орныққан болса, онда өзгеріске ұшырады деген мағына туындайды. Осылайша жанасу, тию пайда болар еді. Ал өзгеру, жанасу деген секілді сипаттар жаратылғандарға ғана тән. Бұл мәңгі, соңы жоқ Аллаға тән емес. Аталмыш түсіндірмелердің барлығын имам Әбу Ханифа «Арш жаратылмай тұрып Алла қайда болды?» деген сөзімен ишарат етті».  Сондай-ақ Әбу Ханифа «Әл-Фикһул-абсат» атты еңбегінде: «Егер Алла Тағала қайда?» деген сауал қойылса, оған: «Жаратылыстарды жаратпай тұрып, мекен жоқ кезде Алла Тағала бар еді. Мекен, жаратылыс тіпті еш нәрсе болмай тұрып та, Алла Тағала болған және ол бүкіл нәрсені Жаратушы» деп жауап беру қажет» деген.

Ханафи мазһабының атақты ғалымы Мұхаммед әш-Шайбаниден сабақ алған имам Шафиғи былай дейді: «Мекен болмай тұрып ұлы Алла бар еді, Ол – мекенді жаратқан. Мекенді жаратпай тұрып әзали (бастауы жоқ) сипатқа ие болған. Оның өзіне тән ұлық затын өзгермейді және сипаттарында ауыспақ емес».

Мысыр жерінде ханафи мазһабын ұстанған имам Тахауи (р.а.) өзінің «Баян әс-суннати уәл жамаға» атты еңбегінде: «Кім Алланың сипаттарын жоққа шығарудан, жаратылғандарға ұқсатудан сақтанбаса қор болып, Алланы пәктеген саналмайды. Ақиқатында аса Ұлы Раббымыз жалғыздық, даралық сипаттарымен сипатталған. Жаратылыстардың ішінде оған ешкім ортақ емес. Шектеулерден, сүйемелдерден, мүшелерден, құралдардан пәк, барлық жаратылыс сияқты Оған алты тарап тән емес» дейді. Бұл мәселе төңірегінде атақты ислам ғалымдарының көзқарасы бір жерде екенін аңғарамыз.

Дегенмен Алла Тағаланы аспанда деушілердің дәлел ретінде ұстанып жүрген күң хадисін талдап көрелік. Біріншіден бұл хадис жеті түрлі жолмен жеткен. Екіншіден көптеген ислам ғұламалары тарапынан бұл хадис шәз, дағиф және мұдтариб деп қарастырылған. Өйткені бұл хадистің мағынасы пайғамбарымыз (с.а.с) нан жеткен мутауатир жолмен жеткен хадис шәріптерге қарама-қайшы келеді. Ал мутауатир хадис ақида ілімінде қолданылатын негізгі дәлел жолдары. Ал шәз хадис дегеніміз – сенімді рауидің өзінен сенімдірек рауиге қарама-қайшы жеткізген хадисі. Ал қайшылық мәтінде орын алғаны секілді, тізбекте де кездеседі. Ал мұндай шәз хадис ақида ілімінде дәлелге алынбайтындығын ислам ғалымдары жеткізген. Дағиф хадис болса – қабылданған хадис шарттарының бірі яки бірнешеуі қамтылмаған хадис. Әлсіз хадистің үкімі – Алла Тағаланың есім сипаттарына қатысты риуаят етуге рұқсат етілмеген. Осы күң хадисі туралы бір риуаят жолын жаза кетсем. Муслимнің жинағында Муғауия ибн әл-Хакам әс-Сулламиден:

«Қойларымды Ұхұд пен әл-Жаууания таулары арасында жаятын бір күңім бар еді. Бір күні қойларымның біреуін қасқырдың сүйреп жатқанын байқадым. Мен де адам баласымын ғой, ел секілді мен де ашуланып, қайғырамын. Әлгі күңімді бір қойдым. Содан соң Пайғамбарымыздың (с.а.с) жанына келдім. Болған оқиғаны айтып бергенімде, ол маған бұл істің үлкен күнә екенін айтты.

Мен: Уа Алланың Елшісі! Күңімді азат етейін бе?», - дедім.

Ол маған: «Күңіңді алып келші», деді. Сөйтіп күңімді пайғамбарымызға алып бардым. Пайғамбарымыз (с.а.с) оған: «Алла қайда?»,-деп еді, ол: «Аспанда», - деп жауап берді.

Пайғамбарымыз (с.а.с): «Мен кіммін?,- деді. Ол: «Сіз Алланың Елшісісіз», деп жауап қатты. Осы хадистің жеті түрлі тізбекпен мәтіндері ауысып келген. Тіпті бір тізбекте күңнің мылқау екені де айтылған. Ал ең маңыздысы Пайғамбарымыз (с.а.с) өзі танымайтын адамның мұсылман немесе мұсылман емес екенін білгісі келсе «Алла қайда?» деп емес «Раббың кім?» деп сұрар еді.

Қорытындылай келе айтарымыз Алла Тағаланы аспанда деп тек қана үстемдік мағынасында ғана қолданамыз. Себебі аспан барлығынан биік, үстем болған жаратылыс. Алайда физикалық тұрғыдан Жаратушыны аспанда немесе оның қолы бар, аяғы бар деген ұстаным қате. Себебі Жаратушы мұндай физикалық қажеттіліктерге мұқтажсыз. 

 

Түркістан облысы дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

 теолог  маманы      Қ.Қосмаханов

0 пікір