Жалған сәләфилік халқымызға жат
Жалған сәләфилік халқымызға жат
14.07.2020
845
0

«Адамдардың арасындағы ең қайырлысы – менің заманымдағы адамдар. Кейін оларға жақын болғандар, содан кейін оларға жақын адамдар. Кейіннен сондай қауымдар келеді, олардың куәліктері анттарынан, ал анттары болса куәліктерінен асып түседі» - деп, Алла елшісі (с.а.с) хадистерінде келтірген.

Демек, бұл үш ғасырдан кейінгі өмір сүрген қауымдардың әр кезеңінде түрлі бүліктер пайда болуына және шариғат үкімдеріне атүсті қарау, жекелеген мүдделеріне пайдалану жағдайлары көбеюіне дәлел болады.

Бүгінгі таңда «сәләф» және «сәләфилік» сынды тіркестерді көптеп қолдану, оның түп тамыры қайдан шығатынын көп адамдар біле бермейді. Бұл сөздердің қолдануының негізі - Абдулла ибн Масғұд (р.а) арқылы екі ғұлама риуаят еткен Пайғамбарымыз (с.а.с) жоғарыда айтқан сөздері болып табылады.  

«Сәләф» сөзінің тілдік мағынасы: «алдын өмір сүрген адамдар», «ата- бабалар» - дегенге саяды. Терминдік мағынасы: Ислам ғасырларының ең абзалы, еруге және ұстануға ең лайықты болған ғасырда өмір сүрген адамдарға қолданылады.

Жоғарыда келтірілген хадиске сүйене отырып, Ислам ғалымдары хижраның алғашқы үш ғасырында өмір сүрген сахабалар, табиғиндер және табаъа табиғиндерден тұратын жалпы мужтәһид ғалымдар мен ғұламаларды «сәләфтар» деп атауды ұйғарған.

Хижри жыл санауы бойынша төртінші ғасырдан бастап қазіргі таңға дейін өмір сүрген бірде - бір ғалым не әулиеге болсын «сәләф солих» атауды қолдану мүмкін емес. Тіпті, алғашқы үш ғасырда өмір сүрсе де «харижиттер», «муғтазиләлар», «қадарилер», «жәһмилер» және өзге де ағым иелері де «сәләф солихтарға» кірмейді.

Кейіннен Мухаммад ибн Абдулуаһһаб хижраның он екінші ғасырында осы атауды Нәжд аймағында қайтадан жандандырды. Бұл ағымның қазіргі кездегі ең көзге көрінетін өкілдері – Абдулазиз ибн Баз, Мухаммад Насруддин Албани, Мухаммад ибн Салих ибн Усәймин және басқалар. Құқықтық салада олардың ең маңызды жағы – мәзһабтарды мойындамау. Олар:  «ешбір мужтәһид өздеріне тақлид жасауды қаламаған» - деп айтады. «Белгілі бір кісіге емес, жалпы түрде «сәләфқа» еру керек» - деген пікірді қалыптастырған.  

Сәләфиліктің дамуын «Ханбали» мәзһабының негізін қалаушы Ахмад ибн Ханбалға байланыстырады. Ханбали мәзһабында араб менталитетіне тән болғандықтан, оның ұстанымдары қаттырақ болып келген. Тек кейінгі дәуірлерде оның жақтаушылары аталмыш аспектке көп көңіл бөлген.

Еліміз аумағында да «сәләфилік» көзқарасқа ие азаматтар көптеп кездеседі. Олардың кейбіреуі заманауи техникаларды жоққа шығарып тіпті теледидар көруді «харам» деуге жеткен болса да, олардың бұл кемшіліктерін қабылдамай, шариғат заңына мән беретіндер де бар.

Бүгінгі күнде ақида саласында: ««Әшғари», «Мәтуриди» және «әһлі сунна» мәзһабтары бар» - деп есептейтін ағымдар да кездесіп жатады. Алайда, барша ғұламалар «Әшғари» және «Мәтуридилердің» әһлі суннадан екендігіне бірауыздан келіскен.

Мыңдаған жылдар бойы әлемге танымал тұлғалар шыққан елімізде ғалымдарымыздың жолы сақталуы шарт. Әрбірінің атын атағанда дүние сескеніп, таңырқай қарайтын ғалымдарымыз ауытқымастан амал етіп келген мәзһаб бүгінгі күні не үшін мойындалмауы керек?! Шүбәсіз, мәзһабсыздықты насихаттаушылар мәзһабқа амал етіп өткен ғалымдарымыздың жазған кітаптарын оқып, түсіне алмайды. Төрт мәзһаб құрылғаннан кейін көп ғасыр өтті. Бірақ, зайырлы және діни ғылымдарға еңбегі сіңген ғұламалар  (оларды бүкіл дүние мойындаса да) жаңадан мәзһаб құруға ниеттенбеді. Ал қазіргі уақыттағы өздерін «сәләфилерміз» - деп атаушы ағымдар діни білімді толық игерместен, мужтәһидтік «дағуаттарды», насихаттарды жасайды. Мұндай надандыққа бой ұрған азаматтарға айтарымыз – білім алыңыз! Ғалымдарымыз жазған кітаптарын оқып, олардың Құран мен сүннетке қаншалықты берік болғандарын білесіз. Сенімді мәзһабы болған жұртты адастырмаңыз!

Сөз соңында айтарымыз, сәләфилік және басқа да ағымдар халқымызға жат, бөтен. Біздің ғылыми және діни мұрамыз болып табылатын кітаптарды оқып- үйреніп, адамдарға жеткізу жеткілікті.

 

 Түркістан облысы қоғамдық даму  басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ – нің    

 Жетісай ауданындағы маманы   Б.Шаймерден

0 пікір