Иман мәселесіндегі неосәләфилік идеологияның пікірі
Иман мәселесіндегі неосәләфилік идеологияның пікірі
10.04.2020
795
0

 «Иман» сөзі сенім деген мағынаны білдіреді. Иман деп Алланың әмірлерін және Пайғамбардан жеткен хабарларды жүрекпен қабылдап, толық сенім білдіруді айтады.

Әһлү сүннет уәл-жамағатының алғашқы ғұламаларының иман жайлы пікірлері бір болған. Осы ғалымдардың сөзіне тоқталсақ.

Имам Абу Ханифа:

«Иман дегеніміз – тілмен айтып, жүрекпен бекіту.

Құлшылық иманның бір бөлігі емес, сол секілді иман да құлшылықтан емес. Бұған кей жағдайда момынның мойнынан құлшылық жасаудың түсірілуі дәлел. Алайда мұндай жағдайда «Одан иман түседі» - деп айтылмайды»[1].

«Иман дегеніміз – тілмен айтып, жүрекпен сену»[2].

Имам Тахауи:

«Иман тілмен бекітіп, жүрекпен қабылдаудан тұрады»[3].

Қазақ ағартушысы Ш.Құдайбердіұлы «Иман деген - Алла тағаланың барлығына, бірлігіне, одан басқа Алла жоқтығына, Мұхаммед алейһиссаламның пайғамбарлығына, Құран сөзінің бәрі шындығына анық ықыласпен нанбақ. Иман айтқанда «лә иләһә иллал-лаһу Мухаммаду расулул-лаһи» - дейміз. Оның мағынасы: бір Құдайдан басқа Құдай жоқ Мұхаммед алейһис-салам Алла тағаланың бізге тура жолды көрсетуге жіберген басшысы деген болады. Мұның мағынасын білмей, құры айтқанменен иман болмайды және анық, шын нанып айтпай, құры тілмен ғана айтылса, ол да иман емес.

Әй, достар! Алла тағала біреуден үйреніп, ата-бабаның жолымен ұғып, нанып, иман келтірген кісі де мұсылман болады...»[4].

Ой жүгіртіп қарасақ ата-бабамыз ұстанған Абу Ханифа мәзһабының ғалымдары да қазақ зиялылары да иман мәселесінде бір пікірде болған.

Ал қазір халық арасында қалыптасқан осындай қағидатты бұзып өз идеологияларын тықпалап жатқан сәләфилік бағыттың ең үлкен ғалымдарынан деп есептейтін Мұхаммад ибн Абдулуаһаб (1703-1792жж) «...Таухид жүрекпен сеніп, тілмен айтып,  амал ету екендігіне тартыс жоқ. Егер осылардың бірі бұзылса, адам мұсылман болмайды. Ал таухидті танып, онымен амал етпесе, ол Перғауын, Ібіліс және сол екеуі тәрізді кәпір болады»[5], - деп амал – иманның бір бөлігі, амал етпеген мұсылман болмайды дегенге саятын пікір жазып қалдырған.

Бұл жерде «амал» деген сөзге – намаз, ораза, зекет, қажылықты меңзегендей. Олай болса сәләфилік идеологияның ұстанымдарына сүйенсек намаз оқымайтын, ораза ұстамайтын және басқа да құлшылықтарын орындамаған адам, діннен шыққан дінсіз адам саналмақ.

Осындай исламның қайнар көздеріне қарсы, жаңсақ пікірлер, қазақ жерінде өмір сүрген ұлттардың дүниетанымына жат.

Мінеки жастарымыз иман мәселесіндегі осы секілді жаңсақ пәтуаларды оқып алып, намаз оқымаған ата-анасын тыңдамай, оларға дауыс көтеріп, бір адамның жеке пікіріне сүйеніп ата-анасының ашуына тию арқылы Аллаға қарсы шығып, Пайғамбар (с.а.с.)  өсиетін орындамай жатқанын ескерсе екен. Пайғамбарымыз (с.а.с.) «Алланың разылығы ата-ананың разылығында, Алланың ашуы ата-ананың ашуында»[6]- деп ойланған санаға ұғынықты сөзін қалдырған.

Қорыта келе айтқанда елімізді біз секілді жастары шетелдік пәтуашылардың еңбегіне сүйенбей, өз жұртымыздың зиялы қауымының еңбектеріндегі пікірлеріне көбірек ой жүгіртіп, көңіл бөлсек, сырттан келген зиянды жалған пәтуаларға санамызды уламас едік. Өз зиялыларымыз қалдырған құнды еңбектерін пайдаланайық бауырлар! «Білім тұрған жерде иман тұрады» деп бабаларымыз айтқандай, білім артса елде бөлінушілік пен отбасындағы араздасушылықтың болмасы кәміл.

 

М.Мұстафаев

Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің 
бөлім басшысы    



[1]  Имам Ағзам тағылымы «Китабу Уасия» 152-154 бет

[2]  Имам Ағзам тағылымы «әл-фиқһу әл-акбар» 144 бет

[3]  Ақида сабақтары Алматы 2012ж. 128 бет

[4]  Ш.Құдайбердіұлы «Мұсылмандық шарты» Ақтөбе 2014ж.

[5]  Кашфуш-Шубуһат 54 бет

[6]  Имам Тирмизи хадистер жинағы

0 пікір