Хизб-ут Тахрир ұйымының ерекшеліктері
Хизб-ут Тахрир ұйымының ерекшеліктері
29.03.2021
971
0

Бұл діни-саяси ұйым 1953 жылы Тақауиддин ан-Набахани тарапынан Палестинада құрылды. Хизб-ут-Тахрир ұйымы теократтық билеуші халифтің қолындағы зайырлы және рухани биліктің бір жерде топталуын көздейтін «халифатты» қайта құруды мақсат етеді. Халифаттың құрамына, партия жетекшілері жоспарлағандай, халқының басым көпшілігі Исламға сенетін әлемнің барлық елдері енуі тиіс болды. Көп ұзамай ұйым идеялары көптеген мұсылман мемлекеттерінде, ішінара Египетте, Иранда, Иракта, Алжирде, Суданда, Иеменде, Пәкістан мен Ауғанстанда кең ауқымда тарады. Хизб-ут-Тахрир Исламның атын жамылып 13 жылда халифат құрамыз дегенімен, бұл мерзім ішінде партия мүшелерінің саны өспеді. Тіпті, осы уақыт ішінде бірде-бір араб мемлекетінде халифат құрудың сәті түспеді. Тіпті бұл мемлекеттердің халқы «Хизб-ут-Тахрир әл-Ислами» партиясының идеясын мүлде құптамады.

«Хизб-ут-Тахрир әл-Ислами» - бүкіләлемдік ислам халифатын жаңғырту арқылы барлық ел көлемінде, алғашында мұсылмандар көп орналасқан өңірлерде, яғни ТМД-ның орталық Азия елдерінде ислам емес үкіметті жойып, ислам басқаруын  орнату мақсаты бар ұйым.

Алайда, «Хизб-ут-Тахрир» ислам партиясы болып табылмайтындығын және исламды таратумен күреспейтіндігін атап өткен жөн. Бұл аталмыш ұйым кеңесші органдардың (соның ішінде парламенттің) қызметін мойындамайды, ар бостандығы, жекеменшік бостандығы, жеке бас бостандығы, дауыс беру бостандығы сияқты төрт негізгі демократиялық бостандықтың біреуін де мойындамайды. Басым көпшілігі қолдарына қару алып, жарылғыш заттарды іске қосатын, өздерінің жалған діни уағыздарымен адамдардың бастарын айналдыратын радикалды фанаттар ислам дінінің даму тарихынан өз үлестерін қосқан зайырлы исламдық дін ілімін оқытушы ғалымдардың еңбектерін басшылыққа алмайды. Нақтырақ айтатын болсақ, тек партияның жекелеген, жатталған теориялық көздерінің тезистері туралы үстіртін ұғыммен шектелген.

         Партияның тағы да бір діни діл ерекшеліктері төзімділікті толығымен ескермеу. Партия идеологтарының ойлары бойынша, Орта Азия әртүрлі мемлекеттерінің әйелдері оқып болғаннан кейін отандарына оралып, партияның идеясын тасушыларға айналады. Партияның насихат қызметі қолданыстағы және қазіргі заманғы әдістерді пайдалана отырып жүргізіледі. Радикалдық идеялардың Орта Азияда таратылуы біздің мемлекеттігімізге, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына, қоғамдағы ұлттық келісімге және тұрақтылыққа тікелей қауіп төндіреді. «Хизб-ут-Тахрир» серіктестері қасиетті Құран жазбаларының мәнін өз ыңғайларына бейімдеп, мұсылмандардың иманшарттарының жасампаздық, иманды бейнесін агрессивті, күреске шақыратын, тіпті арандататын үндеу парақтарына айналдырады.

Аталмыш партия конституциясының 62-ші бабында былай дейді: «Жихад әрбір мұсылманға парыз. Әскери тәрбие алуға міндетті. Осы себепті он бес жасқа келген әрбір ер жігіттің жихадқа дайындалып әскери тәрбие алуы парыз. Ал әскери адам болуы парыз кифая». Осылайша партия қолға қару алып жиһад жасауды әр бір еркек кіндікке парыз санайды.

Олардың «Әл-Маусуату әл муяссара фи-л-адиян…» кiтабындағы:

– Қабiр азабын терiске шығаруы;

– Солтүстiк полюстегi адамдардың намаз оқымауына, ораза ұстамауына болады деуi;

– Мұсылман еместер (кәпiр) мен әйелдердi аталмыш партияға мүшелiкке қабылдайтыны;

– Мұсылман емес кiсiнiң мұсылман елiн басқара алады деуi және т.с.с.  оғаш пәтуалары шариғатқа қайшы келедi.

Бұл партияның көздеген басты мақсаты  мұсылмандар арасында идеологиялық жұмысты жан-жақты жандандыру арқылы мұсылман үмметінің, қажет десе өзге діннің жақтастарының сана-сезімдеріне төңкеріс жасау және сол арқылы саяси билікке қол жеткізу. Олардың бұл ойларын «Ислам жүйесі» атты кітабының алғашқы беттерінен-ақ байқауға болады. Атап айтқанда, «…Адамның өмір жолын өзгертіп өркендеген өмір жолына бастамақшы болсақ, оның түсінігін өзгертуіміз керек».  Ал дұрыс түсінік қалыптастырудың жалғыз жолы, кітап авторының айтуынша, – «осы дүниедегі өмір туралы ең дұрыс түсінікті қалыптастыру», – деп келтіреді.

Қорыта келе айтқанда, ислам тарихындағы барлық діни ағымдардың басты мақсаты – мұсылмандарды жік-жікке бөліп, араларында бүлік шығару болып табылады. Хизб-ут-Тахрир ұйымының ұстанымдары, бұл ұйымның ислам тарихындағы оғаш пәтуаларды қабылдап, өзіндік шариғи ұстаным қалыптастырған көпшілік ұйымдардың бірі екендігі анық.

 

 

«Оңалту жұмыстарын ұйымдастыру»

бөлімінің маманы                                                                 І.Нағызхан

0 пікір