Хизб-ут Тахрир адасушы ағым
Хизб-ут Тахрир адасушы ағым
04.08.2020
1025
0

Бұл діни-саяси ұйым 1953 жылы Тақауиддин ан-Набахани тарапынан Палестинада құрылды. Хизб-ут-Тахрир ұйымы теократтық билеуші халифтің қолындағы зайырлы және рухани биліктің бір жерде топталуын көздейтін «халифатты» қайта құруды мақсат етеді. Халифаттың құрамына, партия жетекшілері жоспарлағандай, халқының басым көпшілігі Исламға сенетін әлемнің барлық елдері енуі тиіс болды. Көп ұзамай ұйым идеялары көптеген мұсылман мемлекеттерінде, ішінара Египетте, Иранда, Иракта, Алжирде, Суданда, Иеменде, Пәкістан мен Ауғанстанда кең ауқымда тарады. Хизб-ут-Тахрир Исламның атын жамылып 13 жылда халифат құрамыз дегенмен, бұл мерзім ішінде партия мүшелерінің саны өспеді. Тіпті, осы уақыт ішінде бірде-бір араб мемлекетінде халифат құрудың сәті түспеді. Тіпті бұл мемлекеттердің халқы «Хизб-ут-Тахрир әл-Ислами» партиясының идеясын мүлде құптамады.

«Хизб-ут-Тахрир әл-Ислами» - бүкіләлемдік ислам халифатын жаңғырту арқылы барлық ел көлемінде, алғашында мұсылмандар көп орналасқан өңірлерде, яғни ТМД-ның орталық Азия елдерінде ислам емес үкіметті жойып, ислам басқаруын  орнату мақсаты бар ұйым.

Алайда, «Хизб-ут-Тахрир» ислам партиясы болып табылмайтындығын және исламды таратумен күреспейтіндігін атап өткен жөн. Бұл аталмыш ұйым кеңесші органдардың (соның ішінде парламенттің) қызметін мойындамайды, ар бостандығы, жекеменшік бостандығы, жеке бас бостандығы, дауыс беру бостандығы сияқты төрт негізгі демократиялық бостандықтың біреуін де мойындамайды. Басым көпшілігі қолдарына қару алып, жарылғыш заттарды іске қосатын, өздерінің жалған діни уағыздарымен адамдардың бастарын айналдыратын радикалды фанаттар ислам дінінің даму тарихынан өз үлестерін қосқан зайырлы исламдық дін ілімін оқытушы ғалымдардың еңбектерін басшылыққа алмайды. Нақтырақ айтатын болсақ, тек партияның жекелеген, жатталған теориялық көздерінің тезистері туралы үстіртін ұғыммен шектелген.

          Партияның тағы да бір діни діл ерекшеліктері төзімділікті толығымен ескермеу. Партия идеологтарының ойлары бойынша, Орта Азия әртүрлі мемлекеттерінің әйелдері оқып болғаннан кейін отандарына оралып, партияның идеясын тасушыларға айналады. Партияның насихат қызметі қолданыстағы және қазіргі заманғы әдістерді пайдалана отырып жүргізіледі. Радикалдық идеялардың Орта Азияда таратылуы біздің мемлекеттігімізге, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына, қоғамдағы ұлттық келісімге және тұрақтылыққа тікелей қауіп төндіреді. «Хизб-ут-Тахрир» серіктестері қасиетті Құран жазбаларының мәнін өз ыңғайларына бейімдеп, мұсылмандардың иманшарттарының жасампаздық, иманды бейнесін агрессивті, күреске шақыратын, тіпті арандататын үндеу парақтарына айналдырады.

Аталмыш партия конституциясының 62-ші бабында былай дейді: «Жихад әрбір мұсылманға парыз. Әскери тәрбие алуға міндетті. Осы себепті он бес жасқа келген әрбір ер жігіттің жихадқа дайындалып әскери тәрбие алуы парыз. Ал әскери адам болуы парыз кифая». Осылайша партия қолға қару алып жиһад жасауды әр бір еркек кіндікке парыз санайды.

Шынында да олардың «Әл-Мавсуату әл муяссара фи-л-адиян…» кiтабындағы:

– Қабiр азабын терiске шығаруы;

– Жалаңаш бейнелердi, суреттердi (порнография) көруге рұқсат етуi;

– Солтүстiк полюстегi адамдардың намаз оқымауына, ораза ұстамауына болады деуi;

– Мұсылман еместер (кәпiр) мен әйелдердi аталмыш партияға мүшелiкке қабылдайтыны;

– Мұсылман емес кiсiнiң мұсылман елiн басқара алады деуi және т.с.с. шариғатқа қайшы келедi.

Бұл партияның көздеген басты мақсаты – мұсылмандар арасында идеологиялық жұмысты жан-жақты жандандыру арқылы мұсылман үмметінің, қажет десе өзге діннің жақтастарының сана-сезімдеріне төңкеріс жасау және сол арқылы саяси билікке қол жеткізу. Олардың бұл ойларын «Ислам жүйесі» атты кітабының алғашқы беттерінен-ақ байқауға болады. «…Адамның өмір жолын өзгертіп өркендеген өмір жолына бастамақшы болсақ, оның түсінігін өзгертуіміз керек».  Ал дұрыс түсінік қалыптастырудың жалғыз жолы, кітап авторының айтуынша, – «осы дүниедегі өмір туралы ең дұрыс түсінікті қалыптастыру».

Өз мақсаттарын жүзеге асыру үшін әрі әлемдегі толып жатқан оқиғаларға байланысты өз көзқарастарын насихаттау үшін 1988 жылдан бастап ай сайын «әл-Ваъй» (Сана-сезім) атты журнал мен апталық «әл-Хадара» («Өркениет») газетін түрлі тілдерде мол таралыммен шығарып тұрады.

Партияның құрылымына тоқталар болсақ, сабақ алу мен насихат тыңдауды «дәріс» деп атайды. 4-5 адамнан құрылған шағын топты «халқа» дейді. Олар мүшрифтен (мұғалім, жетекші) дәріс алады. Оқу мен тағылым аптасына кемі бір рет өткізіледі. «Халқа»-дағы топ мүшелері бір-бірлерін тек есімі немесе лақап атымен ғана біледі. Ұйым мүшесі қандай жағдай болмасын өз іс-әрекеті туралы сыр шашпайды, аузына берік. Өлке жетекшісін (мұғтамад) партия басшысы (әмір) тағайындайды. Оған аймақ басшысы (масғул) мен аудан жетекшісі (мусаид) бағынады. Аудандар да жеке-жеке аумаққа бөлінеді. Төрт мүшрифтен құрылған ауыл аппаратын нақиб басқарады. Нақиб өзіне жәрдемші етіп найб (көмекші) және ақша жиюшы таббаруъды тағайындайды. Ауыл аппараты айына ең кемі бір рет бас қосады. Көпшілігі оқудың алғашқы сатысында-ақ «Хизб-ут-Тахрир» оқуының мәнін түсінеді де бұл ұйыммен барлық байланыстарын үзеді. Бірақ әлкеқандай күш әсерінен өзгенің ықпалына еріксіз еріп кететіндер де бар. Жарғы бойынша дайындықтан өткен әрбір хизба өздерінің халкасын ұйымдастыруға міндетті және құрамына 5-6 жаңадан адам тарту керек. Міне, осындай жүйе арқасында 1 миллион санды халыққа 100 «хизбалар» жеткілікті-дейді партия мүшелері, өйткені, бір жыл ішінде осы аталмыш миллионды олар өз қарамағына тартып ала алады. Олардың басты мақсаты 23-25 жас аралығындағы жастарды өз мүшеліктеріне тарту. Олар ересек, оқыған, көрегенді адамдарды өздеріне тартуға тырыспайды да. Себебі жастарға қарағанда егде жастағы адамдар дәстүрлі ислам мен «Хизб-ут-Тахрирдің» идеологиясымен айтылған идеяның ара жігін бірден ажыратады және олармен байланысуға үзілді-кесілді қарсылық білдіреді. Еңбектерінің қысқаша мәтіндерін «Хизб-ут-Тахрир» өкілдері адам жүрегінен орын алып, ой түкпіріне жеткенше түсіндіре беруге дайын тұрады. Ай сайынғы кездесулерде аумақтық басшылардан атқарылған жұмыстар туралы есептерін және қатардағы «хизбалардан» ақшаларды алуға міндетті болған. Ақша үнемі қаржыгерлерде болуы тиіс. Жиналған ақшаны олар пәтерді жалға алуға, автомашина сатып алуға, аумақтық басшыларға және байланыстар мен жол шығындарына төлем ақы жүргізуге жұмсаулары тиіс.  Партияның әрбір мүшесі өз мүмкіншілігіне қарай айлық табысының 5-10 пайызын жарна ретінде төлеп тұрады. Жиналған ақша түрлі техника аппараттарын, байланыс құралдарын сатып алу, тағы да басқа қызметші ұстау, шет елдерден келетін кітаптар, үн-бейне таспаларды таратып, оларды тәржімалауға жұмсалады. «Хизба» бағдарламасы 13 жылға есептелген, осы жылдар ішінде партия билік басына келуі тиіс болатын. Алайда, мерзім үш рет ұзартылды, 50 жылдан астам уақыт өтті және бүгінде осы утопиялық идеялар әлі жүзеге асырылмады. Араб елдеріндегі ғалымдар бұл идеядан бас тартып, ал партияның негізін салушы Т.Набаханиді ешкім де ислам ғалымы ретінде танымады.

Қорыта келе Астана қалалық сотының 2005 жылғы шешімімен «Хизб-ут-Тахрир-аль-Ислами» атты халықаралық ұйымы экстремистік деп танылып, Қазақстан Республикасында оның қызметіне мүлдем тыйым салынған.

 

Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын

ұйымдастыру және үйлестіру

бөлімінің басшысы  Қ.Салықбаев

 

0 пікір