Барлық шексіз мақтаулармен мадақ әлемдердің жаратушысы мәңгілік бар болушы бір Алла Тағалаға болсын! Адамзаттың асылы Алланың сүйікті құлы, ардақты елшісі пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға Алланың сәлемі мен салауаттары болсын. Асыл дінімізді таза қалпында жеткізуге еңбек етіп жүрген барша имамдарымыз бен ғалымдарымызға Алла разы болсын. Мен Апақашев Оразбек Қабдыашұлы 1971 жылы Қарағанды облысы, Егінді бұлақ өңірінің Ақтасты ауылында қарапайым қазақ отбасында дүниеге келдім. Бүгінде ғасырымыздың індеті болған экстремизм мен терроризмнің құрығына бауырларымыз ілінбесе екен деген ниетпен жерлесім Мади Бапиұлының;
Абақты қатар – қатар болады екен,
Ішіне жақсы – жаман толады екен.
Ішіне абақтының кіріп барсаң,
Көңілің су сепкендей болады екен, деген өлең шумақтарын еріксіз еске ала отырып Шымкент қаласындағы ИЧ 167/3 түзеу мекемесінен қолға қалам алып отырмын. Бұл мекемеде кісі өлімі, ұрлық, алаяқтық, норкомания сияқты қылмыс жасағандармен бірге экстремизм, терроризм қылмыстары үшін сотталған азаматтар бар. Олардың жастары да әртүрлі. Періште емес пенде болғасын түрлі қателіктерге бой алдырып, кейде шалыс басып жатасың. Кезінде біраз өмірін абақтыда өткізген ағамыз менің жүріс-тұрысымды көріп ескерту де жасаған болатын. Алайда тәкәппарлық пен өзім білемдікке салынып «мен хақ жолда жүрмін, басқалар адасқан, менің ұстанымым дұрыс» деп сақал қойып ұзын көйлек кидім. Бұл әрекетімнің дұрыс еместігін мешіт имамдары мен ұстаздар ескертсе де айтқандарына құлақ аспадым. Мен ислам діні келген дәуірдегі адамдар сияқты дінді түсініп жүрмін, тіпті киім үлгім де соларға сай болу керек деп амал ете бастадым. Мен «Кеңестер Одағы» деген Алланың дініне қарсы жүзген алып кемесінің тарих тұңғиығына батуының куәсі болдым. Ол кездерде менде қандай мақсат болғаны нақты есімде емес. Бірақ мені «Менің бұл өмірге келгендегі мақсатым не, қайткенде бақытты боламын?» деген сауал жиі мазалайтын. Осылайша менің бақыттылықты іздеген бағытым мені басқа бағытқа бұрып Алланың жолынан басқа арнаға түсіп ішкілікке салындым. Бір сөзбен айтқанда нәпсімнің жетегінде кеттім. Менің осындай күйге түскенімді байқаған жанашыр бауырым Ескен маған мешітке баруға кеңес берді. Оның берген кеңесіне құлақ асып, Теміртау қаласының орталық мешітіне бардым. Бұл 2008 жылдың сәуір айы болатын. Осы күннен бастап менің жүрегімде ерекше бір сезім пайда болып, апта сайын жұма намазына қатысып, уағыз-насихаттар тыңдай бастадым. Менің әбден ашыққан жан дүнием мешітте айтылған уағыздардан ләззаттанатын болды. Мазалаған сұрақтың шешімін тапқандай қуанып ізденіс жолына түстім. Ол кездері мешітке көп адам жиналмайтын. Кейде мешіттің бір бұрышында адамдар жиналып өзара сұхбаттасып отыратын. Олар менің жай-күйімді байқаған болу керек мені өздерінің араларына отыруға шақырды. Осылайша олар Абдусабр, Билал, Хамит, Махди деп таныстыра жөнелді. Мен олардан өз есімдеріңмен неге атамайсыңдар деп сұрағанымда сахабалардың атымен аталғаны дұрыс деді. Оқылған Құран аяттары мен хадистерден, айтқан уағыздарынан «Жақсылыққа шақырып жаманшылықтан қайтаратын бір қауым болсын....», «міндетті түрде адамдарды жақсылыққа шақырып жамандықтан тыятын болыңдар, әйтпесе көп ұзамай-ақ бастарыңа Алланың азабы келеді. Содан соң оған жалбарынатын болсаңдар да дұғаларың қабыл болмайды» деген аят-хадистерді естігенде қатты әсерленіп, иманның дәмін татқандай болдым. Маған керегі осы жол деп ойладым. Әдеттегі бір жұма намаздан соң әлгілер тарапынан маған 3 күнге «Алла жолына» шығуға ұсыныс жасалды. Бей-берекет өмірден шаршаған адамға олардың бұл ұсынысы өмірімдегі үлкен өзгерістей көрінді. Мен ол кездері ілімнің жоқтығынан рухтың аштығынан еш нәрсені ажырата алмадым. Әртүрлі бағыттың, ұстанымдары бөлек екендігіне көз жеткізбей, «Таблиғ жамағаты» деп аталатын жамағаттағы бауырларымыздың айтқандарымен жүре бердім. Сондағы мақсатым өміріме дін әкелу болып басталған еді. Барлық жұмыстарды жиыстырып Қырғызстан еліне 40 күндік дағуат үйренуге кеттім. Бішкек қаласының мешіттері мен маңайындағы ауыл аймақтарды аралап, мешіттерінде түнеп, өзімнің жаттап алған бір-екі аят-хадистерммен өзімше дағуат айтып жүрдім. Иманымды шыңдайын, дауғатты үйренейін деген ниетпен 4 айға «Таблиғ жамағат»тың орталықтары орналасқан Бангладешке бардым. Адамдарды дінге шақыру; бұл жұмысты барлық пайғамбарлар (с.ғ.с.), сахабалар (р.а.) істеген қайырлы жұмыс. Мен де істеуім керек» деген ізгі ниетпен кірісіп кеттім. Алайда мен ең негізгі бір нәрсені шет қалдырып, үлкен қателікке ұрындым. Яғни бұл жолда терең зерттеп іздену, білім алудың маңызын түсінбей өзімнің діни сауатсыздығыммен, сүттей ұйып отырған ағайын-туыстарымның мазасын қашырып, дос жарандарымды мезі қылып, айтылған ескертулерге құлақ аспадым. Нәтижесінде қылмыстық жауапкершілікке тартылдым. Тоғыз айға созылған тергеу барысында менің айыптарым дәлелденіп, Теміртау қалалық сотының шешімімен кінәлі деп танылып 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Мені «білім алып, ізденбегенім мені қайда әкелді» деген өкініш оты өзекті өртейді. Бірақ күннің ішінде өмірім астан – кестең болды да қалды. Қайда? Мен қайдамын?...
Мен қазіргі күні Шымкент қаласындағы ИЧ-167/3 түзеу мекемесінде жалпы режимде жазамды өтеудемін. Бұл жер күнәға тәубе етіп, өткенге өкініп, Алланың мейіріміне үміт артар орын. Мұнда сотталған азаматтардың түзелуіне жағдай жасалған. Жұмыс пен білім алу және техникалық оқу, орта білімін аяқтауға жағдайлар қарастырылған. Намаз оқитын және де теріс ағымда болған намазхандарға имам-теологтар діни танымдық мәліметтер беріп сабақтар өткізіп отырады. Мекеменің кітапханасында әдеби кітаптармен бірге діни кітаптарды оқуға әкімшілік тарапынан мүмкіншіліктер жасалған. Әр теолог-ғалымдардың жұмысын дәрігер врачтарға ұқсатса болады. Олар экстремизм мен терроризм бабымен сотталған намазхан бауырларымызбен әр қайсысының діни проблемасын жазып, дәлелдермен келтіріп дәріс беруде. Имам-теологтар әр сотталғанмен жеке-жеке діни танымдық жұмыс жасап, біздің қателіктерімізді түсіндіруде. «Таблиғи жамағатының» іс-әрекеттерін ханафи мәзһабымен салыстырып қателескен жерлерін маған жақсылап дәлелдеп, түсінікті қылып жеткізді. Имам-теологтардың кеңестерінен кейін ойлана отырып Алла жолына деп 3-40 күндікке шығып, үй аралап, есіктерді қағып пайғамбарымыздың істемеген, шариғатта талап етілмеген істермен шұғылданып Алланың берген қымбат уақытын дұрыс пайдаланбағаныма, кереғар ағымның жетегінде жүргеніме өкінемін. Мен өзімнің нақты қателескенімді, бұрыс жолда болғанымдығыма осы жерге келіп көз жеткіздім. Қазіргі ойым егеменді еліміздің тыныштығы бұзылмаса екен, мен сияқты шалыс басқан бауырларым болса әлі де кеш емес. Бостандықтың қадірін білейік ағайын.
ИЧ 167/3 мекемесі
Апакашев Оразбай