Экстремизмнің тарихы, мәні және орын алу себептері
Экстремизмнің тарихы, мәні және орын алу себептері
05.01.2024
1031
0

Экстремизм – «шеттеу» яғни орталықтан ауытқу, белгіленген жерден тыс кету деген мағына береді. Жалпы тәртіпті мойындамайтын, өзінің пікірімен ғана іс-әрекет жасаушы дегенді білдіреді. Экстремизмнің пайда болу себебі, адамның надандыққа, көрсеқызарлыққа бейімделген көзқарас. Экстремизмнің тағы бір көрінісі басқа біреуді көре алмау, түсінбеу немесе түсінгісі келмейтін адамдардан шығады.

«Экстремизм» сөзінің ең жақын синонимі «радикализм». Бұл сөз де жанама түрде мейлі дінде, мінез-құлықта, пікірде болсын, қалыпты дұрыс деп қабылданған деңгейден ауытқу. Экстремизм жалпы түрде ешбір мөлшерді, тәртіпті мойындамайтын, өзінің шектен шыққан пікірі мен іс-әрекеттері арқылы ерекшеленген адамдарды білдіреді. Экстремизмнің негізгі екі түрін бөліп қарастыруға болады: Саяси және діни экстремизм.Экстремизм бұл белгілі бір ғылым емес. Ал өмірде радикалды саяси ілімдер, саяси ұғымдар, түсініктер жиі кездеседі. Олар бірте-бірте кең етек алып, күш жинап, нақты практикалық әрекетке ұласады, яғни ұйымдасқан террорға бандитизмге, қарақшылық қылмыс жасауға барады.

Экстремизм өзінің идеологиялық негізін тек XIX ғасырда қалыптастырды. Неміс радикалы Карл Гейнцен ұзақ уақыт бойы саяси күресте адамдарды өлтіруге моральдық тыйымға қарсы шығармалар жазумен болды. Өз жұмыстарында ол биліктің қарсыластарын өлтіру мақсатқа сай жүзеге асырылғанда мораль мәселесі салыстырмалы сипатқа енетіндігін алға тартты. Ол өлтірушілерге өлтіру арқылы жауап беруге үндеді.

Діни экстремизм дегеніміз – белгілі бір лаңкестік топтардың өз мақсаттарына жету үшін діни идеологияны бұрмалау және зорлық-зомбылықты қолдануды теориялық негіздеу арқылы (діни догмаларды пайдалануымен) нақты бір бағыттағы, ең шеткі радикалды идеяларды қалыптастыруы.

Экстремизм – негізінен, елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайының нашарлауымен, халықтың тұрмыс жағдайының құлдыраумен, адамдардың үкіметке және оның жүргізіп отырған саясатына риза болмаған жағдайларында, сонымен қатар адамдардың тіршілігіне әсер ететін моральдық-психологиялық факторлар орын алған жағдайда көрініс береді.

Діни экстремизм:

– қоғамдағы дәстүрлі діннің құндылықтарын жоққа шығару;

– дәстүрлі дінге жат «идеяны» белсенді насихаттау;

– зайырлы қоғамға қарсы әрекет ету;

– қоғамға белгілі бір діни конфессия бойынша өз түсініктері мен көзқарастарын насихаттау;

– елде әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, тіл және діни алауыздықты қоздыру және осы ерекшеліктер бойынша азаматтардың құқықтарын шектеуді мақсат етеді.

Мұндай шектен шыққан экстремизм әртүрлі мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігіне нұқсан келтіріп қана қоймай, дінаралық жағдайдың ушығуына да себепкер болуда. Экстремистер қай діннің атынан белсенділік танытса, бәрінен де көп зиян шегетін сол дін. Олар адамдардың дінге деген құрметі мен сенімін өз мақсаттарына кеңінен пайдалана отырып, дін үшін әрекет етіп жүргендей көрінуге тырысады.

         Еліміздегі діни экстремизмнің пайда болуы мен белең алуының себеп салдарларын келесідей анықтауға болады:

Біріншіден, Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алу жылдарының басында мемлекетті нығайту үшін негізгі күш жігердің барлығы экономикалық әлеуетті арттыруға жұмсады. Мемлекет халыққа дін мәселесі туралы нақты бағыт-бағдар бермегендіктен қазақ халқы дін туралы мәліметтер мен діни уағыздарды әртүрлі діни ағымдар өкілдерінен сусындай бастады.

Екіншіден, еліміз тәуелсіздігін ала салысымен діни сенім бостандығын жария етті. Яғни, Қазақстан Республикасының Ата Заңының 1-бабының 1-тармағында көрсетілгендей: «Қазақстан Республикасы өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары». Мұнда «Зайырлы» сөзіне тоқталар болсақ мемлекет пен діннің арақатынасын реттеудегі жіберілген негізгі себептердің бірі деп айтуға болады.

Үшіншіден, діни сауатсыздық пен діни мамандарды дайындау мәселесі. Діни білім алушылар бей-берекет шетелдерге, мысалы, діни радикализмге үндейтін Таяу Шығыс елдерге оқуға кетті. «Бұл мемлекет қандай дінді ұстанады? Ол діни оқу орнының ұстанымы біздің дәстүрлі діни сенімімізге сәйкес келеді ме?» деген мәселелерге көп көңіл аударылмады.

Төртіншіден, әсіре діншілдер елімізге сырттан келіп әлденіп, әбден аяқтарына нық басып орнығып алғаннан кейін, дінде ұлтқа бөлінушіліктің болмайтынын насихаттап, елімізден діни космополитистік ортаны қалыптастыруды қолға алуда.

Бесіншіден, халықаралық ланкестік пен діни экстремизм мәселесі бойынша  елімізде соңғы жылдары өте жылдам көбейіп кеткен дәстүрлі емес діни ағымдар мен орталықтар. Шетелден басқарылатын сан-алуан секталар ішімізден іріту әрекетіне бет бұрып, мемлекетіміздің саясаты мен біртұтастығына әлі де қауіп төндіруде.

Қорыта келе экстремизм қоғамның берекесі мен бірлігіне қауіп төңдіреді. Экстремизммен күрес елімізде ғана емес, әлемде болып жатқан үлкен мәселе. Діни экстремизмге ұрынатын жастардың  көпшілігінде психологиялық, әлеуметтік факторлар әсер етеді. Мемлекеттің зайырлы, дәстүрлі, діни құндылықтарын сақтауға, оны ұрпақтан-ұрпаққа мұра етіп, жеткізуге тиіспіз.

 

Ж.Битанов  

Түркістан облысы дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

Сайрам ауданындағы дінтанушы маманы                             

0 пікір