Діни сауатсыздық адасушылыққа бастайды
Діни сауатсыздық адасушылыққа бастайды
06.08.2020
1347
0

          Бүгінгі таңда діни экстремизм мен терроризм сөздерін естімеген адам аз шығар?! Қазақстан әлем елдеріне көптеген конфессиялар мен ұлт өкілдерінің бейбіт өмір сүру мекені ретінде танылғаны рас. Дегенмен, діни экстремизм  мәселесі біздің елімізді де айналып өткен жоқ. Қазірде діни экстремизм мен терроризм ұғымы ислам дініне таңылған қауіпті қосымша екендігі өкінішті ақиқат болып отыр.

Жалпы діни экстермизмнің қай аймақта болмасын таралуына себеп болатын бірнеше алғышарттарды атап өтуге болады. Ең алдымен бұл діни сауатсыздық. Дінге толық таныммен келмеу діни сауатсыздықтың басты көрінісі болып отыр. «Өзі ештемені білмей, еш нәрсе туралы ойламай, жалған дін уағыздаушыларының сөзіне еріп, «ел қалай көшсе, мен де солай көштім» деген надандықтан шыққан соқыр сенім, үстірт наным» – бұл қазіргі қоғамға тән, діни сауатсыздықтың көрінісі, діни радикалданудың себебі болып отыр.

Жастардың өзгелерге еліктеуі, белгілі бір топтың мүшесі болуға деген ынтасы соқыр сенімге негізделген діншілдікке әкеледі. Мұндай соқыр сенім діни фундаментализмнің,  сәйкесінше діни фанатизмнің алғышарттары болып табылады. Фундаменталисттік көңіл-күй экстремизмге апарар жол, өйткені экстремисттік пайымда өзінің ғана діни ұстанымы ең шынайы, ақиқат әрі таза деп ұғынылады. Сәйкесінше, өзге дін өкілдеріне төзімсіздік, қысым көрсету секілді көңіл-күй туындайды. Мұндай ұстаным өз сенімін, көзқарасын мейлінше кең тарату, қажет болса күштеп таңу әрекетіне саяды. Осы жағдайда, діни мотивтегі терроризм көрінісі мен оның өкінішті салдары орын алады.

Ғаламтордағы экстремистік сайттардың ықпалымен бірге, шет елден діни білім алған псевдошейхтардың, псевдоғалымдардың уағызы арқылы қалыптасқан жамағаттарда қаншама азаматтар уланып, келер ұрпақтың қазақ емес тек мұсылман болып, дәстүрден, ділден сусындамай өсіп жатқандығы ойландыратын жағдай.

Сол себепті, мұндай мәселені шешу ұлттың келбетін сақтаудың кепілі болмақ. Бір ұлттың діни ұстанымдар негізінде бөлінуі салдарынан тұтас мемлекеттердің тұрақтылығы шайқалғандығын тарих көрсетіп берді.

Діни экстремизммен күресте ең маңызды қадам бұл діни сауаттылық екендігі даусыз. Діни сауатты болу үшін белгілі-бір діни курсты бітіру шарт емес. Діни сауаттылық ұлттық тарих, дәстүрмен қатар, әлемдік деңгейдегі үрдістерден хабардар болудан құралады. Өз Отанын сүю мен дәстүрін ұстану, тарихын қастерлеу діни сауаттылықтың бір қыры. Өйткені, қазақ тарихына үңілген кез-келген адам қазақ халқында өзге елді жаулау, өзге ұлт пен дінді кемсіту секілді көріністердің орын алмағандығын көреді. Сондай-ақ, ұлттық дәстүрдің ислам шарттарына қарсы келмейтіндігін, тіпті үндесіп тұратындығын байқау үшін де асқан сауаттылықтың қажеті жоқ.

Діни сауаттылық дін туралы білім ретінде жалпы сауаттылықтың құрамдас бөлігіне айналуы тиіс. Барлық әлемдік, дәстүрлі, жаңа пайда болған діни ағымдардың тарихын, ілімін, құндылықтар жүйесінен танып-білу мен жалған діндердің, экстремистік топтардың белгілерін ажырата алу дағдысы қалыптасқан адамда радикалды идеяларға қарсы «ақпараттық иммунитет» қалыптасады. Осы тұрғыдан алғанда жастар арасында діни сауаттылықты қалыптастыру аса маңызды.

Баспа немесе ғаламтор беттерінен шет елдердегі және Қазақстандағы діни ахуал, соның ішінде діни экстремизм мен терроризм тақырыптарына қатысты мәліметтер жетерлік. Бұл аталған мәселенің ғаламдық деңгейде орын алып отырғандығының белгісі.

Қазіргі ислам атын жамылып келіп жатқан діни ағымдардың негізгі көздеген мақсаты – еліміздің тыныштығын бұзу, тұрақтылығымызға іріткі салу. Мұндай ағымдардың жетегінде жүрген, кіріп кетіп жатқандары да қаншама?! Тұрғындардың арасында, әсіресе жастардың өзгелерге еліктеуі, белгілі бір топтың мүшесі болуға деген ынтасы соқыр сенімге негізделген діншілдікке әкеледі. Осы жағдайда, діни көзқарастағы терроризм көрінісі мен оның өкінішті салдары орын алады.

Жастардың дәстүрлі емес діни ағымдардың шырмауында кетуінің екі негізгі себептерін атап көрсетуге болады.

Біріншіден, жалпы қоғамда діни сауаттылықтың төмен болуы.
Екіншіден, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларды материалдық тұрғыдан қамтамасыз етеміз деп қызықтыру арқылы қатарларына қосып жатқанын байқаймыз.

Ислам дініне экстремизм немесе терроризм деген ұғымдардың жат екендігі белгілі. Ал қазіргі қоғамдағы ислам атын жамылып келіп жатқан діни ағымдардың мақсаттары мүлдем басқа. Бұл діни ағымдардың астарында еліміздің тыныштығын бұзу, дінаралық алауыздық тудыру сияқты саясиланған мүдде жатыр.

Бүгінгі таңдағы ақпараттың жетік дамыған уақытында ақпараттық ресурстарды қолданып осы мәселе жөнінде ғылыми танымдық әдістемелер жасау, елдегі болып жатқан діни мәселелердің себептерін ашып көрсетіп, халықты дұрыс мәліметпен қамтамасыз ете алсақ, жүргізілген жұмыстар өз жемісін берері сөзсіз. Сонда ғана еліміз өркендеп, сауатты азаматтарымыз көбейіп, мемлекетімізді теріс діни ағымдардан сақтап қаламыз. Сондықтан, қазіргі қоғам халықтың діни сауатты болғанын талап етеді. Қазіргі таңдағы өскелең ұрпақ діни сауатты болудың аса маңыздылығын терең ұғына білсе екен. 

 

 «Оңалту жұмыстарын ұйымдастыру»

 бөлімінің маманы   І.Нағызхан

0 пікір