Дін атын жамылған жалған ағымдар
Дін атын жамылған жалған ағымдар
07.04.2023
1023
0

Елімізде әртүрлі діндер мен конфессия өкілдерінің бейбіт қатар өмір сүруі және өзара тиімді іс-әрекет етуі үшін қолайлы жағдайлар жасалған. Мұсылмандар, христиандар және басқа діни сенім өкілдері біздің көпконфессиялы және көпұлтты ортақ үйімізде қоян-қолтық араласа өмір сүріп жатыр. Қазақстандағы конфессияаралық қатынастар әлемдегі көптеген елдер үшін үлгі болып отыр. Жалпы, дін қоғам мен мемлекет дамуының қажетті және сөзсіз жағымды факторына айнала бастады.

Бүгінгі таңда елімізде ресми тіркелген діни бірлестіктермен қатар, өзгенің сойылын сойып жүрген кейбір діни топтардың бар екендігін көзіміз көріп, құлағымыз шалып жүр. Өзгенің сойылын сойып, сеніміне сендірмек болып жұрген кейбір жалған миссионерлерді де байқаймыз. Заң жүзінде арнайы соттың шешімімен 24 ұйымға елімізде әрекет етуге тыйым салынған. Бұл ұйымдардың діттегені еліміздегі бірлігі мен тірлігі жарасқан халықтың ауызбіршілігін бұзу.

Соңғы уақыттарда әлем елдерінің басты назарында болып отырған күрделі мәселелер қатарында – экстремизм және терроризм, радикализм, фундаментализм, фанатизм ұғымдары. Осындай саяси терминдер біздің елімізді де айналып өткен жоқ. Саяси терминнің жанына дін қосарланып, белгілі бір мүдделі топтар азаматтарымыздың құтын қашырып, халық арасында бір-біріне алдап салып, қырық пышақ болып жатқан жәйттер де жоқта емес. Экстремизм мен терроризм идеологтары дінді пайдаланып, діни риториканың ерекше әдістерін қолдана отырып, халықтың белгілі бір топтарының ой-санасына теріс ықпал ете білді. Көп жағдайда әлеуметтік белсенділігімен ерекшеленетін, идеологиялық ықпалға тез түсетін қоғамның ерекше тобы саналатын жастар теріс пиғылды діни насихаттық қызмет үшін ыңғайлы нысанаға айналды. Жас ерекшеліктеріне қарай ізденгіш және білуге құмар болып келетін жастар қылмыс әлемінің, соның ішінде шетелдік және халықаралық насихаттаушылар тарапынан айлакерлікпен жасалған идеологиялық тұзаққа жиі түсетін болды.

         Бұл орайда қазіргі уақытта мемлекеттің құзырлы мекемелері экстремистік ұйымдардың және олардың идеологтарының қызметін айқындап, тыйым салу бағытында ықпалды шаралар қабылдауда. Сонымен бір мезгілде ақпараттық-насихат жұмыстарын кеңінен жүргізу, әртүрлі діндер өкілдері арасында сұхбат орнату қажет.

         Діннің әлеуметтік ортадағы басты міндеті  –  біріктіруші  фактор болудың орнына керісінше жік-жікке бөлінуге, тіпті, араздыққа жол беріп жатқан кейбір дін ағымдарын байқаймыз. Әрине, Исламның бұған еш қатысы жоқ. Мәселе дінді өздігінше бұрмалап уағыздайтын жекелеген топтар мен тұлғаларға, олардың көздеген түпкі мақсаттарына қатысты. Қазіргі таңда  Ислам атын жамылған деструктивті діни ағымдардың қоғамға орасан зор зиянын тигізуде. Псевдосәләфилер, такфиршілер, таблиғшылар, құраниттер, т.б топтар өздерінің түпкі жымысқы мақсаттарын жасырып, заңсыз миссионерлікпен айналысып жатқандығы да мәлім. Нәтижесінде бүкіл құндылықтарды  жоққа шығарады.

         Тәуелсіздік алған жылдары еліміздегі қандай сала болмасын білікті мамандарды қажет етті. Соның ішінде дін саласы да сырт айналып кеткен жоқ. Шекаралар ашылып, шетелдерде де білім алуға мүмкіндіктер туып, жастарымыз шартарапқа бет алды. Алғашқы кезеңде жастарымыз құранды, Исламды үйреніп жатыр деген үлкен мақсат пен үміт қатар тұрды. Ең өкініштісі біз айтқан Исламның қағидаларын отандастарымыз басқа бір мәдениеттің, сенімнің, көзқарастың ұстанымымен түсініп, аңқау елге арамза молданың кейіпін киіп, еліміздің бұрыш-бұрышында түрлі үгіт-насихат жұмыстары жүргізіп бастап кетті. Түрлі жолдармен жастарымыздың санасының улануына себепкер болды. Бірі дінді, бірі тілді, бірі қайырымдылық жасауға шақырды. Ал бұлардың түпкі мақсатында қой терісін жамылған қасқырдың образын сомдап, өздерінің діни идеологияларын тықпалады. Кейбір жастарымыз сол құрыққа ерте ілініп, өзінің осы уақытқа дейін күнәһар болғанын сезіндіріп, жанындағы көрші-қолаң мен туған-туыстың қандай адасқан екендігін алға тартып, ең сорақысы ежелден келе жатқан дін мен ділімізді теріске шығарды. Әрине, бұл жайттың барлығы көңілді көншітері анық. Ол кездегі халқымыздың діни білімнің сапасы нашар еді. Бұл жайтқа халқымызды кіналай алмаймыз, бір ғасырға жуық отар елдің боданында болып, тіліміз бен ұлтымызға жасалған қастандықтан кейін, еңсемізді енді көтеріп, бойымызды тіктеп келе жатқан сәтіміз еді. Бір кездері құранның құндылығын, Исламның имандылығын сөйлеген кейбір азаматтар басқа бір діндердің сойылын сойып жүргенін кеш байқады, тіпті әлі де сезіне алмай, өзініңкі ғана дұрыс деп санап жүрген кейбір дін бұзарларды байқаймыз. Бұл уақыттарда діни ағымдар тек Исламдық бағытта емес, түрлі діндердің де заңсыз миссионерлері де өздерінің идеяларын тықпалаумен болды.   

         Сан ғасырлар бойы ата-бабамыз Ислам дінінің сүнниттік бағытының Имам Ағзам Әбу Ханифа мазхабын ұстап, салт-дәстүрімізбен ғұрыптарымызды Исламмен байланысытырып, орта жолды таба білген еді. Діни мәселелер туындаса тек дін білгірлерінен сұрап, ишан-молдаларға құрмет көрсетіп, дана халқымыз шариғатпен шегендеп, сүннетпен сабақтастырып, ұят пен обалды айыра білген дана халық еді.

         Қорытындылай келе, Ислам дінін қой терісін жамылған қасқырдай пайдаланып, халықты түрлі сенімге бөліп, өз мүдделерінің үдесінен шықпақ ниетті жат ағымдардың еліміз ұстанып отырған ішкі, сыртқы бірлігіне сызат түсіріп отырғаны алаңдатады. Осындай зиянкес топтармен бір жеңнен – қол, бір жағадан – бас шығарып, қоғам болып күресуіміз қажет.   

 

А.Тағай

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы»

КММ-нің бөлім басшысы м.у.а.                                        

0 пікір