Дін қашан да саясиланған жағдайда қауіпті құбылысқа айналатындығы ақиқат. Мұны қаншама жылдан бері дін атын жамылған түрлі ағымдар мен ұйымдардың іс-әрекеттерінің салдарынан байқауымызға болады. Сол секілді діни-саяси ағымдардың бірі – уаһһаби-сәләфилік.
ХVІІІ-ХІХ ғасырларда ортаға шыққан бұл діни-саяси ұйымның тарихына көз салсақ көптеген ислам мемлекеттерінде, мұсылман қоғамының арасында үлкен дау-дамайдың бастаушы эпицентрі болып келеді. Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алған тұстан бастап біздің де Отанымызға бұл діни-саяси ағымның өкілдері өз идеологияларын жастарымыз арқылы сіңіре бастады. Кейібірі діни білімсіздіктен адасқан болса, енді кейбірі жоқшылықтан, әлеуметтік жағдайының төмендігінен бұл ағымның құрсауына түсе бастады.
Уаһһаби-сәләфиліктің қоғамға қауіпті екендігін бұған дейін көптеген зерттеушілер айтып та, жазып та түсіндіріп, көпшілікке жеткізіп келеді. Десек те, біздің бүгінгі мақаламызға арқау болып отырғын тақырып та уаһһаби-сәләфиліктің қауіпті бір тармақтарының бірі – мадхализм бағытын ұстанушы азамат жайлы болмақ.
Берік (есімі өзгертілген) есімді жігіт. Жасы 42-де. Отбасылы, жеке кәсіппен айналысады. Бес уақыт намаз оқиды. Десек те намазды Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының һәм қазақ халқының діни дүниетанымындағы құқықтық Ханафи мазһабы бойынша емес, уаһһаби-сәләфилік ұстаным бойынша оқиды. Өз сөзіне сенсек Берік Ханафи мазһабын ұстанушы (сәләфилердің барлығы да қазіргі таңда өз көзқарасын жасыру мақсатында Ханафи мазһабын ұстанамын деп өтірік айтады).
Берікпен және сол секілді ұстанымдағы жігіттермен бірнеше жылдар бойы теолог-дінтанушы мамандар тарапынан түсіндірме жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Бойында ар-намыс, қазақылық пен ер мінезге тән қасиеті бар жігіттер жөні түзу, негізі бар сөздерімізге, діни дәлелдерімізге сеніп өз ұстанымдарынан қайтып, адасқандықтарын түсініп жатады. Бұл өз кезегінде әріптестеріміз тарапынан атқарылған жүйелі жұмыстардың жемісі деп білеміз. Десек те өз ұстанымдарынан қайтпай, адасқан бағыттарын дұрыс санайтын Берік секілді жігіттер де жоқ емес.
Мұны мамандардың білімсіздігімен көрсетіп жататын тараптар да баршылық. Бірақ, бұның мысалы мына бір тәмсілмен астасып жатқандай. Далада жаңбыр жауып тұр, бірақ шелек төңкеріліп тұрса оған жаңбыр суының толмайтыны ақиқат. Жаңбыр қанша жауса да неге шелек суға толмады дегенде төңкеріліп тұрған шелекті емес, жаңбыр кінәлі дегенмен бірдей. Осының мысалы іспеттес теолог мамандармен сөйлескенде төңкеріліп тұрған шелектей көңілдің көзін, ақылдың құлағын жауып алатын Беріктер баршылық қоғамда. Бұл біріншіден.
Екіншіден, жоғарыда айтып кеткеніміздей уаһһаби-сәләфилердің арасында бойында ар-намыс, қазақылық пен ер мінезге тән қасиеті бар жігіттер жоқтың қасы. Бұлай деуге негізіміз де жоқ емес. Мысалы уаһһаби-сәләфи жігіттер «уәде» деген қасиетті ұғымға тоқтамайды. Бүгінгі кейіпкеріміз Беріктің де бойында осы бір асыл қасиет жоқ. Осы орайда Берікпен болған мына бір оқиғаларды тарқатып айтып кетсем.
Берікпен бірнеше жылдар бойы тұрақты жұмыс жасаймыз. 2017 жылы және 2018 жылы (Ол кезде Ділмұрат Махаматов сотталмаған, Сауд Арабиясы корольдігі ресми тұтқандамаған) кездесулерімізде Ділмұрат Махамадовтың діни уағыздарын тыңдайтындығын айтқан болатын. Кездесулер барысында біз Ділмұрат Махаматовтың қателерін дәлелдермен түсіндіргенімізде Берік бауырымыз «ұстазын» қызғыштай қорғап, оған шаң жуытпаған болатын. Тіпті оны көзі тірі ислам ғұламаларына да теңеген еді. Оны ешқашан адаспайды, тіпті ғалымдар қателескен күннің өзінде оларға бір сауап жазылады деп айтушы еді. Орайы келгенде біз Берікке күндердің күнінде Ділмұрат Махаматов өз қателіктері үшін ұсталып, сотталса, Қазақстан Республикасының заңдарымен тыйым салынса не істейсің деген сұрақты төтесінен қойдық? Сонда Берік:
- Егер ол (Ділмұрат Махаматов) сотталса мен мұсылман ретінде «уәде» беремін. Өз көзқарасымнан қайтамын, сақалымды қысқартып, балағымды да дұрыстаймын деген еді.
Арадан көп уақыт өткен жоқ. Соңғы он жылда Сауд Арабиясында отбасымен бірге өмір сүріп, «заңсыз миссионерлік қызметпен айналысқан сәләфи ағымының өкілі» Ділмұрат Махаматов ұсталып, Қазақстанға экстрадицияланғанын, 2018 жылы бала-шағасымен Қазақстанға көшіргенін ресми ақпарат құралдары жариялады.
Үстіміздегі жылдың мамыр айының 2-сі күні Ділмұрат Махаматовты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 174-бабы, 1-тармақшасына сәйкес «әлеуметтiк, ұлттық немесе дiни алауыздықты қоздыру» және 256-бабы «терроризмдi насихаттау» бабы бойынша кінәлі деп танып, 8 жылға бас бостандығынан айырған болатын.
Сондай-ақ судья Ділмұрат Махаматовты діни ұйымдарда, мешіттерде, халық жиналған жерлерде діни уағыз айту құқығынан айырды.
Содан телефон арқылы Берік бауырымызға хабарластық. Тіпті кейін жүзбе-жүз кездестік. Әрине берген «уәдесін» есіне салдық. Берік бауырымыздың берген «уәдесі» есінде екен. Дегенмен Берік батырымыз «уәдесіне» берік болмай шықты. Берік:
- Ділмұрат деген кім ол?! Ол жай жүрген ілім талап етуші, Ділмұрат мен үшін «шейх» та емес, «ұстаз» де емес – деп сөзін түйіндеді.
Осылайша Берік мұсылманша берген «уәдесінде» тұрмады. Өкінішке орай мұндай оқиғалар көптеген уаһһаби-сәләфи жігіттермен өте жиі кездесіп жататын құбылыс. Ал енді бұл құбылыс мен мұсылманмын деген жанға жарасады ма? Осы мәселеде ислам қайнарлары саналатын Құран мен Сүннетте не айтылған. Қазақ халқының мінезіне бұл ұстаным келеді ма? Бұл мәселені орайы келгенде қозғай кетсек.
Алла Тағала өзінің құлдарынан уәдеде тұруды қатаң түрде ескертеді. Алла Тағала Құран Кәрімнің «Исра» сүресі 34-аятында:
وَأَوْفُوا بِالْعَهْدِ إِنَّ الْعَهْدَ كَانَ مَسْئُولًا
«Сертке берік болыңдар! Өйткені берілген серттің сұрауы бар» - делінсе.
Пайғамбарымыз (с.а.с.) уәдеде тұрмайтын адамдарды екі жүзділер санатына кіргізген. Сахих Бухариден жеткен Пайғамбарымыз (с.а.у) хадисінде:
آيَةُ الْمُنَافِقِ ثَلاثٌ إِذَا حَدَّثَ كَذَبَ ، وَإِذَا وَعَدَ أَخْلَفَ ، وَإِذَا اؤْتُمِنَ خَانَ
«Мұнафиқтың белгісі үшеу, егер сөйлесе өтірік айтады, уәдесін орындамайды, аманат қылынса, қиянат жасайды» - дейді.
Біздің бабаларымыз үшін де уәдеге беріктік, сөзінде тұру мәселесі қоғамда үлкен маңызға ие болған. Қазіргідей құжатқа (нотариус) жүгінбейтін заманда бабаларымыз айтылған сөзге сенген, берілген уәдеге сай алыс-беріс жасаған. Екі сөйлегенді, уәдесінде тұрмағанды қатты сынға алып, өлімнен бетер қорлық санаған. Қазақ халқы үшін өлімнен ұят күшті болған. Уәдеге, сөз беруге қатысты ер азаматтың намысын жігерлендіретін нақыл сөздер әлі күнге дейін өз маңызын жоймады. Халық арасында:
«Айтылған сөз – атылған оқпен тең», «Ер жігіттің екі сөйлегені – өлгені» - деген нақыл сөздер бар.
Қорытындылай келгенде уаһһаби-сәләфи бағытында кеткен азаматтарды оңалтуға, дәстүрлі қоғамдық һәм қазақстандық құндылықтарға қайта бейімдеуге болады. Әрине бұл үшін тұрақты жұмыстар жүйесімен атқарылып келеді. Тек сол бағытта кеткен әрбір адам өз ішінде жалған намысымен табанды түрде, ерік-жігер танытып күресе алуы тиіс. Мұндайда қазақ «Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң» - деуші еді...
Облыстық «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ
директоры м.у.а. Медет Халықов