Деструктивті діни уағызшылардың қоғамға қауіптілігі
Деструктивті діни уағызшылардың қоғамға қауіптілігі
03.11.2022
874
0

Қазақстанның тәуелсіздік алған жылдарында дін саласындағы бос орынның біраз бөлігін сырттан келген діни топтар мен ұйымдар толтырды. Олардың бір бөлігі араб елдерінен, орталық Азия арқылы Үндістан, Ауғанстаннан, Таяу Шығыс пен Түркия елінен келген діни жамағаттар да болды. Әрбір әлеуметтік топтың бір мақсат айналасында топтасып, ұйымдасып, өзіне сай сипат қалыптастыруының артында үлкен әлеуметтік, экономикалық, саяси және тағы да басқа факторлар жатады. Әсіресе бұл діни топ болса тіпті нәзік тақырып болмақ. Біздің елімізге келген діни жамағаттардың барлығы да экстремистік топқа немесе қандай да бір секта категориясына жатпауы мүмкін. Дегенмен ол жамағаттарды жақсы немесе жаман деп ажыратудың да керегі жоқ. Барлығы да сырттан келген діни жамағат категориясында қарастырылу керек. Осы діни топтардың тарихи кезеңін, харизмалы көшбасшысын, ол елдегі беделін, бар болса олар жайында жауабын таппаған сұрақтарын егжей-тегжейлі қарастырып өз көзқарасымыз бен дүниетанымымыз тұрғысынан баға беру біздің міндетіміз. Сонымен қатар, топқа бөлінушілікке себеп болу ықтималдығы. Мұндай мәселе болса да, болмаса да біз оны қаперде ұстауымыз қажет.

Ал, әрбір діни жамағаттың міндетті түрде идеологиялық көшбасшылары болады. Олар алғашқы жылдары шетелдерден келген уағыз-насихатшылар болса, уақыт өте келе көшбасшылар қазақстандық жастардың арасынан таңдап алынды. Мысалды алыстан келтірудің қажеті шамалы. Түркістан облысының өзінен елімізге танымал деструктивті діни ағымдардың уағыз-насихатшылары, бірнеше көшбасшылары қалыптасты. Атап айтқанда, Қазақстанға «тәкфирлік» көзқарастың түбегейлі еніп, бірнеше азаматтарымыздың террористік іс-әрекеттерге қол ұруына, «жиһад» деп шекара асуына ықпал еткен «шейх Халил» атымен танымал болған Абдухалил Абдужаппаров Сайрам ауданының тумасы болып табылады. Ол еліміздің батыс облыстары діндарлары арасында «тәкфир» идеясын таратқан. Жалған уағыздаушының әрекеті Ақтөбе, Атырау және Орал қалаларында жасырын радикалды ұйымдардың пайда болуына ықпал еткен.

Сол секілді бір ғана Сайрам ауданынан Октам Заурбеков, Абдурафи Рахматуллаев, Мамыржан Хайтметов секілді «сәләфилік» бағыттағы бірнеше уағыз-насихатшылар, көшбасшылар шықты. Ал, Дильмурат Махамадов болса Сарыағаш ауданының тумасы болып табылады. Аталған азаматтар  әр жылдары экстремизм мен терроризмді насихаттау, ұлттық және діни алауыздықты қоздыру бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Алайда, олардың діни уағыздары мен насихаттары әлі күнге дейін әлеуметтік желілер мен «Ютуб» арналарда жоғары сұранысқа ие.

Ендігі кезекте жоғарыда аты аталып, түсі түстелген азаматтарға ортақ мәселелер мен олардан қоғамға келген, осы секілді болашақта әлеуметке зиянды болуы мүмкін дүниелердің басын ашып кетуді жөн санадық.

Біріншіден, олардың діни білімді шетелдерден, атап айтқанда Сауд Арабиясы, Пәкістан секілді елдерден алуы. Олар діни білімді аталған мемлекеттердегі ресми оқу орындарынан емес, хужралар немесе марказдардан бастап алғандығын ескерген жөн. Ал, хужра, марказ жүйесімен берілген білім мемлекет тарапынан бақыланбайды. Бұл дегеніміз аталған жүйенің жемістері болашақта қоғамға, елге қауіп тудыруы мүмкін. Шетелдердің осындай күмәнді оқу орындарына білім алған жастар болашақта сол елдің сойылын соғуы мүмкін. Шетелдерден келген діни ағымдардың, олардың көшбасшыларының біздің еліміз үшін ең басты қаупі ол – сырттан басқарылуында.

Екіншіден, діни ағымдар мен олардың көшбасшыларының қаражат көздерінің жабықтығы. Мысалы, Абдухалил Абдужаппаров, Октам Заурбеков және Дильмурат Махамадов секілді уағызшылар елімізде бірнеше жылдар бойы ресми жұмыссыз болған. Алайда, олардың материалдық жағдайы өзгелерге қарағанда анағұрлым жақсы еді. Сондай-ақ, Абдухалил Абдужаппаров және Дильмурат Махамадов он жылға жуық Сауд Арабиясында отбасымен бірге тұрды. Дегенмен, қаржылық мәселелері әлі күнге дейін жұмбақ болып қалуда.

Үшіншіден, дін деп өзге ұлттың мәдениетін елге алып келіп қоғамға тықпалау. Мысалы, түрік, араб елдерінде білім алғандар сол елдің салт-дәстүрін, киім кию әдебін тасымалдауда. Осындай жаңсақ түсініктің салдарынан дін атын жамылып, тұтас бір қазақ деген ұлттың салт-дәстүрін, мәдениетін, тарихы мен өмір сүру дағдысына соққы жасап, оны өшіруге, жоюға ұмтылуда.

Төртіншіден, олардың ең потенциалды проблемасы бөлінушілік, бір-бірін мойындамайды. Тіпті, бір «сәләфилік» ағымының өзінде ішінара алауыздық пен бөлінушілік басым. Сонымен қатар, олар ҚМДБ-ның ресми имамдарын тыңдамауға шақырады. Ал, түрік жамағаттары өздерінің имамдарын, пірлерін ғана тыңдап, дінді тек өз ұстазының түсінігімен шектеп келеді. Бұл түптеп келгенде қоғамды біріктіруге емес, бөлшектеуге алып келуде.

Қорыта айтқанда, біз жоғарыда тізбектеп өткен мәселелердің қауіптілігі баяу білінгенімен, қоғамға тигізер зардабы ауыр болмақ. Түптеп келгенде олардың іс-әрекетінің салдары қоғамның бөлшектенуі мен елдің бүлінуіне әкеліп соғады. Идеологиялық тұрғыдан бүлінген қоғамды қайта түзеуге ұзақ уақыт пен ұрпақтар ауысымы қажет. Сондықтан тұрғындарымыз дін мәселесіне бей-жай қарамай, жылтыр-жұмсақ сөйлеген уағызшыларға көзсіз ермесе дейміз. Тек ресми діни бірлестіктердің заңды өкілдеріне жүгінгені абзал.

 

Медет Халықов

Түркістан облысының дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ

директорының орынбасары                                                

0 пікір