Діннің түпкілікті мақсаты – адамның рухани жетілуі, кемелденуі. Еліміз тәуелсіздік алғанына да 30 жыл уақыт болды. Ширек ғасырдан сәл ғана асатын уақытта жерімізде ислам дінінің немесе басқа да діндердің атын жамылған түрлі топтар мен ағымдар көбейді. 2011 жылы 11 қазанда «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңы жарық көргеннен кейін, біраз қой терісін жамылған қасқыр болған діни ағымдарға тосқауыл бола алды. Әйтсе де, қазіргі таңға дейін қауіп толығымен тыйыла қойған жоқ.
Дәстүрлі емес діни ағымдар немесе деструктивті діни топтар – қашан да болмасын ұлттық қауіпсіздікке, тіл мен дінге, мәдениет пен ұлттық құндылыққа және қоғам үшін өте қауіпті. Ең алдымен «деструктивті» ұғымына талдау жасай кетсек, терминдік мағынасы бойынша бұл сөз латын тілінен «destructio», яғни «құлату», «қалыптасқан жүйені бұзу» деген мағынаны білдіреді. Деструктивті діни ағымдардың діттеген мақсаты – саяси мүдде екендігі қалың көпшілікке аян. Ел арасына түсіп, ағайын мен бауырдың, туыстық қарым-қатынастың үзілуіне, дос-жараңмен байланыстың тоқтауына кейбір дінбұзар азаматтар өз септігін тигізуде. Дәстүрлі емес діни ағымдардың соңынан еріп, солардың сойылын сойып, ақиқаттан бас тартып, өзімдікі тура деуден ары асар емес.
Кез келген теріс пиғылды діни топ көздегеніне тез жету үшін әрі қатарын жаңа азаматтармен жасақтау үшін өзінің негзгі мақсатын және жасаған қателіктерін жасыруға, зұлымдықтарын ақтауға тырысатыны анық. Осы себепті деструктивті ағым өкілдері өз уағыздарында бұрмаланған әр түрлі діни дәйексөздерді келтіре отырып, өздерінің жолын әділ әрі ақиқат етіп көрсеткісі келеді.
Қазіргі ислам атын жамылып келіп жатқан діни ағымдардың негізгі көздеген мақсаты – еліміздің тыныштығын бұзу, тұрақтылығымызға іріткі салу. Мұндай ағымдардың жетегінде жүрген, кіріп кетіп жатқандары да қаншама?! Тұрғындардың арасында, әсіресе жастардың өзгелерге еліктеуі, белгілі бір топтың мүшесі болуға деген ынтасы соқыр сенімге негізделген діншілдікке әкеледі. Осы жағдайда, діни көзқарастағы радикализм көрінісі мен оның өкінішті салдары орын алады.
Деструктивті діни ағымдар өз қатарын мейлінше көп адамдармен толықтыруға асығады. Сол үшін мұндай ұйымдардың өкілдері алдап-арбау жұмыстарында өтірік айту, мәліметті бұрмалап жеткізу, арнайы психологиялық айла-тәсілдер қолдану секілді ұнамсыз істерге барып жатады. Теріс пиғылды ұйымдар қоғамға өздерін діни, емдік, сауықтыру, мәдени, қоғамдық қорлар, пансионаттар, саяси немесе білім беру орталықтары ретінде көрсетуге әрекеттеніп, жақтастарының санын көбейтуге тырысады.
Деструктивті діни ағым уағызшылары ғаламтор беттерінде және әлеуметтік желілерде барынша белсенді болуға тырысады. Ғаламтордағы экстремистік сайттардың ықпалымен бірге, шет елден діни білім алған псевдошейхтардың, псевдоғалымдардың уағызы арқылы қалыптасқан жамағаттарда қаншама азаматтар уланып, келер ұрпақтың қазақ емес тек мұсылман болып, дәстүрден, ділден сусындамай өсіп жатқандығы ойландыратын жағдай.
Осындай керағар діни уағышылардың улы уағыздарына уланбаудың басты жолы – діни сауаттылықты қалыптастыру. Діни сауатты болу үшін белгілі-бір діни курсты бітіру шарт емес. Діни сауаттылық ұлттық тарих, дәстүрмен қатар, әлемдік деңгейдегі үрдістерден хабардар болудан құралады. Өз Отанын сүю мен дәстүрін ұстану, тарихын қастерлеу діни сауаттылықтың бір қыры. Өйткені, қазақ тарихына үңілген кез-келген адам қазақ халқында өзге елді жаулау, өзге ұлт пен дінді кемсіту секілді көріністердің орын алмағандығын көреді. Сондай-ақ, ұлттық дәстүрдің ислам шарттарына қарсы келмейтіндігін, тіпті үндесіп тұратындығын байқау үшін де асқан сауаттылықтың қажеті жоқ.
Діни сауаттылық дін туралы білім ретінде жалпы сауаттылықтың құрамдас бөлігіне айналуы тиіс. Барлық әлемдік, дәстүрлі, жаңа пайда болған діни ағымдардың тарихын, ілімін, құндылықтар жүйесінен танып-білу мен жалған діндердің, экстремистік топтардың белгілерін ажырата алу дағдысы қалыптасқан адамда радикалды идеяларға қарсы «ақпараттық иммунитет» қалыптасады. Осы тұрғыдан алғанда жастар арасында діни сауаттылықты қалыптастыру аса маңызды.
Қорытындылай келе, елімізде өкінішке орай ел бірлігіне нұсқан келтіруді ойлайтын кейбір дүмше діни уағызшалар бар екендігі анық. Ондай уағызшылардың арбауына түспеу үшін, сауатты діни қалқан қалыптастыруымыз қажет. ҚМДБ қарамағындағы имам-уағызшылармызды тыңдап, соларға құлақ асатын болсақ тура жолдан таймайтынымыз һақ. Ұлтымыздың терең тарихы, әрбірінде өнеге жатқан салт-дәстүрлеріміз бүгінгі жастарды, өскелең жас ұрпақты адастырмайтын темірқазық екенін ұмытпайық.
Түркістан облысы дін істері басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ
теолог маманы Ж.Жорабек
Деструктивті діни уағызшылардың қоғамға қауіптілігі