Деструктивті діни ағымдарға азаматтардың кіру себептері
Деструктивті діни ағымдарға азаматтардың кіру себептері
02.04.2020
1811
0

 

Қазіргі әлеуметтік ортада, оның ішінде қалалық өмірде жалғыздық мәселесі өзекті. Жалғыздықты сезінген жас буын өкілдері, қызметтік өсуді, басқа да материалдық игіліктірді басшылыққа алған орта буын өкілдері, үйде отырған қарт адамдар әлеуметтен алшақтап кеткендігін айтады. Дәстүрлі өмір салтын ұстанатын отбасылардың өзінде де әлеуметтік өмірдің күйбелеңінен жақын адамдарға уақыт бөлінбей жатады. Осы кезде адамдарда әлеуметтік топтасуға деген қажеттілік туындайды. Бұл қажеттілікті өз кезегінде деструктивті діни ағым өкілдері тиімді қолданады.

Әлеуметтік топтасуға деген қажеттілік – өзге адамдармен эмоционалды қарым-қатынас құрудан өзгеше дүние. Адам әлеуметтік ортамен берік       қарым-қатынас пен топқа деген адалдықты қажетсінеді. Деструктивті ағым басшылары осы қажеттілікті жақсы біледі, «махаббатпен, жылылықпен» баурайды. Сізді өзінің «достығын» ұсынған, «тыңдайтын», «түсінетін» адамдар қоршай бастайды. Бұл ағымның мүшелігіне енгеніңіз құпталып, мадақтау сөздерді ести бастайсыз. Осы секілді қолдау әрекеттері ағымға мүшелікке жаңа еңген адамдарға ұнағаны соншалық, кейде олар отбасыларынан, достарынан да бас тартып жатады.

Деструктивті ағымдар тек баурап қана қоймай, қорғаныш сезімін ұялату үшін өзге де тәсілдерді қолдануға көшеді. Олар кірген күннен бастап сізге жанама тыйымдарды қолдану арқылы өздерінің сырт ортаның зиянынан қорғайтындықтарын көрсетеді. Олар бұған қоса әлеуметке деген жүйеленген көзқарас ұсынады. Бұған дейін сіз өзіңізді әлеуметтік ортадан іздеп, әлем жайлы сан қырлы болжамдар түзсеңіз, енді сізде «жүйелі» көзқарас қалыптастыратын орта пайда болады. Олар сіздің әрекеттеріңіздің жүйеленуін талап етеді. Топ ішіндегі тәртіпке көндігуіңіз үшін олар жасырын түрде діни ғибадатқа қызмет етуге арналған еңбекті талап етеді.

Деструктивті діни ағымдардың бұл әрекеттерінің барлығы сізді отбасыңыздан бас тартуға әкеледі. Отбасының шынайы махаббатын сізден пайда көруді көздеген деструктивті діни ағымның алдамшы махаббатына айырбастауды жөн көресіз. Ішкі сезіміңізбен қандай қиындықта болмасын алғашқы болып көмекке келетін отбасыңыздың мүшелері екенін біле тұра деструктивті діни ағымның ұсынған алдамшы махаббатына алданасыз. Деструктивті діни ағым өкілдері ұсынған осы алдамшы махаббат кейін сізді жиған мүлкіңіз, тұрғын үйіңіз секілді игіліктеріңізбен қатар жақындарыңыздан бас тартуыңызға әкеледі.

Деструктивті діни ағым өкілі болған кезіңізде сізге екінші әдіс-тәсіл қолданылады. Олар көбіне қатар жүретін екі тәсіл, яғни мүшенің ағым ішіндегі беделі және ағымға деген маңыздылық. Бұл тәсілдер деструктивті діни ағымдардағы «Біздің барлық жылылығымыз бен достығымыз – ұйым мүшелеріне»-деген ұстанымынан көрінеді. Ұйым мүшелеріне әрдайым қолдау сөздері, сіздің дұрыс таңдау жасағаныңыз, дұрыс жолда жүргендігіңіз айтылады. Бұл мадақтауларға елтіген сіз өзіңіздің маңыздылығыңызды сезініп, осы ағымның сан салалы қызметіне араласа бастайсыз. Жылылық танытып, махаббатын сыйлаған ағымның сізді пайда көру құралы ретінде ғана көріп жүргеніне еш көңіл аудармайсыз.

Деструктивті және экстремистік топтар тарапынан жүргізіліп отырған кең көлемді насихат жұмыстарының мақсаты ортақ – әрбір шаңырақта өшпендiлiк пен алауыздық отын тұтату және қоғамдағы ауызбіршілікті жою, сол арқылы мемлекеттiң ұлттық қауіпсiздiгі мен қорғаныс қабiлетiне нұқсан келтiріп, елдің конституциялық құрылысы мен аумағының тұтастығын бұзу.

Ал сонымен қатар көп ағымдарға таңылатын «псевдо» (жалған) сөзі келесі сипаттаманы береді: мұндай ұйым сырттай қарағанда дінге сәйкестікті көрсетеді, яғни барлық әдет-ғұрыптар, діни іс-әрекеттер жасалынады. Деструктивті діни ағым уағыздаушылары дәстүрлі конфессиялардың дінбасылары тәрізді жақтаушыларының алдында әсерлі сөз сөйлейді. Алайда олардың әрекеттері адамды рухани жетілдіру мен өнегелік құндылықтарға бейімдеуге бағытталмаған. Адамға рухани және денелік қысым жасалынады.

Кейде дәстүрлі және дәстүрлі емес діндердің, деструктивті діни ағымдардың арасындағы нақты айырмашылықты көрсету қиынға түседі. Сол себепті қоғамға қауіп төндіруі ықтимал ұйымдардың негізгі белгілерін анықтауға тырысамыз. Сонымен, деструктивті культтерге келесі сипаттамалар тән:

 - харизмалық көшбасшының болуы. Көптеген культтер харизмалық көшбасшылардьң, яғни көпшіліктің арасынан ерекшеленетін және басқаларға әсер ете алатын айрықша қасиеттерге, харизмаға (грек. сһаrizma - қабілет, талап) ие тұлғалардың айналасында жинақталады. Мұндай адамдар көбінесе өздерін Құдайдың атынан сөйлеуге және басқаларды өмір сүру ережелеріне үйретуге құқылы деп есептейді;

- жабықтық және қоғамға қарсы тұру. Көбінде мұндай ағымдар ерекше қауым, үлкен отбасы сияқты қалыптасады. Мұндай «отбасылардағы» ережелер өзгеше. Ағымның жақтаушылары ортақ қауым мүддесі үшін өздерінің пәтерлерінен, көліктерінен және басқа да мүліктерінен айырылып жатады;

- ағым мүшелерінің өмірлеріне бақылау жасау. Деструктивті діни ағым мүшелерін қатаң бақылауға алу тән, ұйымның ілімдері мен көшбасшыларына деген сыни қатынасқа жол берілмейді. Жақтаушылардың отбасынан, қоғамнан оқшаулануы сияқты жағдайлар жиі кездеседі. Егер туысқандары, жақындары қауымға мүше болғысы келмесе, олармен барлық қарым-қатынастарды үзуге итермелейді. Бұл көптеген отбасылардың бұзылуына, ұрпақаралық сабақтастықтың әлсіреуіне алып келеді;

- манипуляцияларды қолдану. Секта мүшелеріне бақылау жасау олардың іс-әрекеттерін манипуляциялау арқылы жүзеге асырылады. Кәдімгі сендіру күштері жетіспеген жағдайда топ көшбасшылары гипноз, медитация, ұзақ уақыт ғибадат ету, бір фразаны бірнеше рет қайталау сияқты амалдарды пайдаланады. Культтегі өмірге психологиялық тәуелді етіп қояды. Мұндай қауымдардың мүшелерінің әрекеті тұрақты түрде белгілі бір практикаларды және психотехникаларды колданудың салдарынан бақылауға оңай беріледі;

- жақын арада ақыр заманның болуын күту. «Жаңа діндер» ілімінің маңызды ерекшелігі - ақиқат ақыр заманды күту, адам өмірін алдын-ала болжауды, тағдырға бағыныштылықты насихаттау болып табылады.

Кез келген деструктивтік діни ұйымы және оның жетекшілері өзінің қатарына жаңа адептерді тартуға ұмтылып, бірінші кезекте олардың өмірлік маңызды мұқтаждықтарына назар аударады.

Сондықтан, адамды деструктивтік діни ұйымына тарту себептері жетерлік, олардың арасында:

- отбасында, қоғамда, достардың арасында өмірлік іс-әрекетке деген ынталандырмасының жоқтығы;

- өмірдегі махаббат, достық, ұжымшылдық, құрмет, ынтымақтастық сияқты басты құндылықтары бағытынан адасу;

- айналадағы жақын және туған бауырларымен байланыс үзу, оған қоса, мектеп / ЖОО тамамдағанына байланысты; оқу / жұмыс ауыстыру байланысты отбасынан айырылу;

- тұрақты жұмыстың жоғалтуы / ауысуы, отбасының ажырасуы / ыдырауы, жақын адамдардың ауруы/жоғалтуы, тұрмыс қалпының өзгеруі;

- отбасындағы жағдайсыз моральдық-психологиялық және материалдық жағдайға байланысты жеткіншек баланың қалыптасып келе жатқан психикасына әсер беруі;

- ата-аналардың қоғам арасындағы төменгі мәртебесінен намыстану және басқа да.

Деструктивті діни ұйымының жетекшілері көпшілік адамдардың өміріндегі осы ерекшеліктерді жақсы біледі, сондықтан, адамдарды өзінің қатарына тарту барысында, оларға байлық береке уәде беріп, ақырында деструктівті ұйымға алып келеді.

Радикалды діни ұйымдардың идеологиясын шынайы діни сеніммен байланыстыруға болмайтынын мынадай айырмашылықтардан көруге болады:

- деструктивті ағымдар ымыраға келмейді және өзге дін өкілдерімен өзара келісім орнату мәселесін жоққа шығарады;

- деструктивті топ идеологтары адамдар арасында орныққан бауырластық, достық, туыстық және отбасылық қатынастарды бұзуға үндейді;

- радикалды топ мүшелері мақсаттарына жету үшін дінде тыйым салынған әрекеттерді жасаудан тайынбайды, тіпті көптеген бейкүнә адамдар мен эмиссарларды, соның ішінде БАҚ өкілдері мен елшілерді жазықсыз өлтіруде;

- радикалды ағымдар саяси және қаржылық мүдделер үшін мемлекеттің тұрақтылығы мен тұтастығын бұзуға, жергілікті халыққа заңсыз өз үстемдігі мен билігін жүргізуге әрекеттенеді;

- діни заңнамаларда бекітілген нормаларды сақтамай өз нәпсілеріне еріп, қылмыстық жазаны жүзеге асырады.

Деструктивті ұйымдар жүргізіп жатқан қызмет шынайы діннің қағидалары мен ұстанымдарына толығымен қайшы келеді. Сондықтан мұндай ұйымдардың әрекеттері дінге, діндарлар қауымына және жалпы адамзатқа қарсы жүргізіліп жатқан қылмыс ретінде бағаланады.

Деструктивті діни ағымдар өз қатарын мейлінше көп адаммен толықтыруға асығады. Сол үшін мұндай ұйымдардың өкілдері арбау жұмыстарында өтірік айту, мәліметті бұрмалап жеткізу, арнайы психологиялық айла-тәсілдер қолдану секілді жолдармен неофиттердің санасына ықпал етеді. Теріс пиғылды ұйымдар қоғамға өздерін діни, емдік, сауықтыру, мәдени, саяси немесе білім беру орталықтары ретінде көрсетуге әрекеттеніп, жақтастарының санын көбейтуге тырысады.

Адам санасын улайтын деструктивті ұйымдардың басты қаупі – бұл ортаға сенім білідіріп келген адамның дербес ойлана алу, сын көзбен қарау, өз бетінше шешім шығара алу, қалаған өмір салтын таңдау қабілеттеріне шектеу қойылады. Яғни азаматтың жеке бас бостандығы мен құқықтарына қол сұғу орын алады.

Бұл орайда дәстүрлі діни-рухани құндылықтардың ұлттың болашағын құруда ықпалды фактор екенін ұмытпауымыз қажет. Қазақ халқының ұлттық мәдениеті мен руханияты, өмірлік ұстанымдары мен салт-дәстүрлері, ойлары мен көзқарасы, дүниетанымы осы діннің құндылықтарымен сабақтаса қалыптасты. Сондықтан шеттен келген теріс пиғылды күштердің ықпалына төтеп беретін ең тиімді жол – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында атап көрсетілгендей ұлттық кодты, ұлттық құндылықтарды, елдік мақсат пен мемлекеттің ұлттық құрылымын, қазақ елінің тарихи мұраларын жаңғырту болып табылады.

Жаһандық деңгейде әрекет ететін деструктивті ағымдардың ықпалымен күресте қоғамда ұлттық және діни-рухани құндылықтарды кеңінен насихаттау арқылы ғана біз бүгінгі қоғамды және келешек ұрпақты жат идеологиялардың кері әсерінен қорғауды қамтамасыз ете аламыз.

 

«Қоғамдағы дін қатынастарын зерттеу»

бөлімінің басшысы А.Бектұрғанов

0 пікір