Деструктивті діни ағымдардың негізгі ұстанымдары
Деструктивті діни ағымдардың негізгі ұстанымдары
16.10.2024
255
0

Дін – адамзат баласын бірлікке, бейбітшілікке, татулыққа шақыратын құрал. Себебі, бірлік бар жерде – береке, бейбітшілік бар жерде – тыныштық, татулық бар жерде – достық қатынас беки түседі. Алайда дін атын қой терісін жамылған қасқырдай пайдаланып, халықты түрлі сенімге бөліп, өз мүдделерінің үдесінен шықпақ ниетті жат ағымдардың еліміз ұстанып отырған ішкі, сыртқы бірлігіне сызат түсіріп отырғаны алаңдатады.

Жат ниетті ағым бұқара халықты сонау ата-бабадан жалғасып келе жатқан дінінен үркітіп-шошыту мақсатында түрлі айлы-шарғыларын жасап әлек. Ия, жат ағым таратқан ақпараттардан дәстүрлі діни нанымдарымыз бен салтымызға сіңген діни көзқарасымызға мүлдем кереғар көзқарас, ұстанымдар шыға бастады. Бұл өз кезегінде ұлттық құндылықтарымызға да өзінің кері әсерін тигізуде.

Елдің, ұлттың, халықтың тұтастығын сақтап қалу үшін, өздерін ғана ақылды санайтын, дін үйретушілерден барынша сақтану қажет. Шынында діннің атын жамылған ағымдар мен топтар діни сауаты аз азаматтарымызды өз қармақтарына түсіріп, тіпті өздеріне белсенді жақтасқа айналдырып, өзімізге қарсы қойып үлгерді. Деструктивті діни ағымдардың негізгі ұстанымдарын былай бөліп қарастырсақ болады.

Халықтың діни ұғым, дәстүрлеріне байланысты:

1- Қарт кісілердің жастарға беттерін сипап, берген «батасын» теріске шығару. Сүннет бойынша бетті қолмен сипауға болмайды-мыс.

2- Келіннің күйеуінің ата-анасына иіліп сәлем бергенін теріске шығару, бұл олардың пікірінше Алладан басқа тағы да біреуге табыну болады-мыс.

3- Мұсылмандардың молаға зиярат етуін теріске шығарады, пұтқа табыну болады-мыс.

4- Құранды өлген адамдарға арнап оқуды теріске шығарады.

5- Өнерді теріске шығарады.

Халықтың дәстүрлі ұлттық киіміне байланысты:

1- Арабтар мен пакістандықтардың киімдеріне еліктеу

     (еркектердің ұзын көйлектері мен орамалдары)

2- Балағы қысқа немесе кесілген шалбар киеді, «тірсектен түскен киім-тозақ отына барады».

3- Ұзын әрі күтілмеген сақал өсіру, бұл құдайдан қорыққандықтан-мыс. Олар сақал қоюды уәжіп санайды.

Туыстық қатынастарға байланысты:

1- Ата-аналары дайындаған тамақтан, олар намаз оқымай дайындады деп, бас тартып қарсыласады.

2- Ата-ана, ағайын туыстары, дос жаран, тамыр-таныс, көрші қолаң мен қарым-қатынаста үйлену тойлары, туған күн, мемлекеттік мерекелер, еске алулар, діни-рухани рәсімдердің бәрі олар үшін жағымсыз, шариғатқа қайшы әрекет.

3- Әйел, қызбалалар, олар үшін бір зат немесе екінші сортты, тіпті құл-күң дәрежесінде ұғынылады.

4- Басқа туыстарымен араласқан кезде, өздерінің Ислам туралы жеке түсінігін тықпалайды және олардың ойынша «мешіттерде сауатсыз имамдар отырғандықтан» тек қана өздерінің уәһһабилікті дәріптеуші ұстаздарын тыңдауды талап етеді.

Қорыта келе біз үшін әрбір шаңырақтың түтінінің түзу ұшқаны маңызды. Қоғам мен ел алдындағы азаматтық һәм адамдық борышымызды өтеп, ел игілігіне қызмет ету. «Өткен күн тарих, келер күн жұмбақ, біз осы сәтте өмір сүріп жатқанымыз үшін бүгінгі күн қымбат» - деген екен Қорқыт бабамыз. Келер ұрпағымыздың болашағы мен жарқын келешегі үшін қоғамдағы діни тұрақтылықты қамтамасыз ету маңызды. Себебі, білім, ғылым, денсаулық, экономика бәрі-бәрі де тек бейбіт күнде ғана дамымақ.

 

Қ.Салықбаев

Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын

ұйымдастыру және үйлестіру

бөлімінің басшысы                                                                      

 

0 пікір