Деструктивті діни ағымдардың интернеттегі контенттері
Деструктивті діни ағымдардың интернеттегі контенттері
10.09.2021
756
0

Ғаламтор – ескі мен жаңаның, өткен мен болашақтың, қатыгездік пен мейірімнің ми қайнасқан ортасы. Қазақ халқының аса көрнекті ағартушы-ғалымы, көркем сөздің ұстасы, терең ой-пікірдің иесі Ыбырай Алтынсарин бабамыздың: «Айшылық алыс жерлерден, көзді ашып-жұмғанша, жылдам хабар алғызды», - деп армандап кеткен мұратына қазіргі ұрпақ жетіп отыр. Алайда, кез келген нәрсенің күнгейі мен көлеңкелі жағы болатыны іспетті, ғаламтордың да жетістігі мен зиянды тараптары болады. Ғаламтор жетістігін және қолжетімділігін кейбір қара ниетті ағымдар өз мақсаттарына жету жолында пайдаланып келеді. Бір өкініштісі, экстремистік және террористік ұйымдар халыққа ақпарат арқылы әсер етуді кеңінен қолдану қызметінің ажырамас бөлігіне айналып үлгергені болып отыр.                                                                                                                      

Бүгінгі күнде статистикалық мәліметтер бойынша дінге қызығушылық білдірген азаматтардың 73% қажетті мағлұматтарды ғаламтор желісінен іздейді. Бұл көрсеткіш еліміздегі жастардың басым бөлігі діни сауатын ең алдымен ғаламторда ашатынын көрсетеді. Қоғамда радикалды діни идеялар туралы жүйелі және жоспарлы түрде ақпарат тарату түрлі ағымдар өз қатарларына жаңа мүше тарту мақсатына бағытталған. Бұл әрекеттер әсіресе жастарға бағытталғаны да жасырын емес. Себебі, жастардың психологиясы мен иммунитеті қарсылықты тұрғыда әлсіз келеді. Көптеген жастар уағыздаушыларға жалған діни догматтар мен жаңа ғибадат ету идеяларын жазатын «tabularasa» (таза тақта) санатында болады. Мәселен, 2016 жылы Ақтөбе қаласында жастардан құралған діни экстремистер тарапынан лаңкестік әрекеттің жасалуына себеп болған факторлардың бірі – ғаламтор арқылы шетелдік «псевдоуағызшының» елге қару көтеру туралы берген жалған пәтуасы болатын. Сондай-ақ, сол лаңкестік әрекетке қатысқан экстремистің бірі оқиғадан кейінгі сұхбатында: «Мен діни білімді тек қана виртуалды желіден алдым. «YouTube» желісінде көптеген шейхтардың уағыздарын тыңдаған кезде шынымен де олар рас айтып отыр ма, әлде жоқ па деп бір сәт те ойланған жоқпын… Кешір мені, анашым!», - деп өкінеді. Міне, осындай сынды жағдаяттар ғаламтордағы арбаушы вирустардан сақтану маңыздылыққа ие екенін көрсетеді. Яғни қазіргі ғаламтор сайттары, видеохостингтер, әлеуметтік парақшалар, блогплатформалар және басқа да байланыстырушы масс-медиа құралдары әлемде жаңа мүмкіндіктер мен қатар, жаңа қауіптердің туындауына септігін тигізуде.                                                                                        

Жаһандану кезеңінде ғаламтор және әлеуметтік желілерді белсенді пайдаланып, дүниенің әр жерінде тұрақтылықтың бұзылуына әрекеттенген мұндай топтар дін атын бүркеніп, өздерін шариғаттың заңдарына негізделген мемлекет құрушы күштер ретінде жарнамалауда. Мәселен, «ДАИШ» халықаралық террористік ұйымы әлеуметтік ­медиа мен ғаламторлық технологиялық қосымшаларды пайдалану арқылы шетелден келіп қосылатын жауынгерлерінің санын көбейтті. Сирия аймағында құрылған «ДАИШ» ұйымына әлем бойынша қосылушылардың 80 пайыздан астамы – ғаламтор арқылы арбалғандар.                                                                                                       

Радикалды діни ұйымдардың коммуникациялық стратегиясы кең аудиторияға бағытталған транс­ұлттық сипатқа ие және интернетті қолдануға негізделген. Ғаламтор арқылы таратылатын радикалдық бағыттағы діни идеология­лардың көздейтін мақсаты – халыққа белгілі бір сенімдерді ұялату және өз ұйымдарына мүмкіндігінше көп пікірлес адамдарды тарту. Көп жағдайда деструктивті бағыт­тағы діни ұйымдар интернет-ресурстарында орналастырылған өз идеологияларын шетелден жүргізіп басқарады. Сонымен қоса, олардың ақпараттық көздері көбінесе халықаралық домендік атауларға ие болады. Атап айтқанда: «.com», «.org» және «.info». Аталған ұйымдар идеологияны тарату мақсатында танымал «В Контакте», «Одноклассники», «Twitter», «YouTube», «Facebook» және «Instagram» желілерін көп қолданады. Сонымен қатар, осы аталған желілер арқылы өз идеология­ларын қамтыған фотоларды, видеоларды, аудиоларды және электронды кітаптарды репосттаумен (бөлісу) таратып отырады.  Сөзімізді қорытындылай келе айтарымыз, діни мәліметтерді, қажетті туындаған сауалға арналған пәтуаларды іздеген әрбір азамат шетелдік ғаламтор сайттарын пайдаланбай, өз еліміздегі сенімді әрі ресми сайттарға жүгінуін сұранамыз.

Түркістан облысы дін істері басқармасының                                          

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің                     

Жетісай ауданындағы маманы                                       Б.Шаймерден

0 пікір