Кез келген мемлекеттің басынан өткерген тарихи тағдыр кешулері бар. Халық осы тарихи үрдістердің негізінде қалыптасқан дәстүрлі құндылықтармен астасып өмір сүреді. Салт-дәстүр ұлттың бір мәдени қабаты ғана емес, сол халықтың төлқұжаты іспетті. Яғни, халық үшін оның салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы басты құндылықтардың бірі саналады. Біз дәсүрлі құндылықтарды терістейтін өктем іс-әрекеттерге деңгейіне қарай деструктивті, яки болмаса экстремистік не террорлық деп сипаттама беріп жатамыз. Соңғы кезде осы теріс сипаттамаларға діннің аты қосақталатын үрдіс пайда болды. Яғни, «деструктивті діни ағымдар», «діни экстермизм», «діни терроризм» деген атаулардан көз сүрініп, құлақ тұнатын жағдайға жеттік. Әлбетте, басқа түскен індеттен қашып емес, шешіп ғана құтыла аламыз. Олай болса, алдымен «деструктивті діни ағым», «діни экстермизм», «діни терроризм» ұғымдарының бір-бірінен қандай ерекшелігі бар екенін ажыратып алсақ.
Діни экстермизм деп діни дұшпандылық пен жек көрушілікті қоздыру мақсатымен мемлекеттің аумақтық біртұтастығы мен тәуелсіздігін бұзу және мемлекеттік құрылысты күшпен өзгерту мен билікті күшпен басып алуға үгіттейтін дінге негізделген немесе діни элементтерді қамтыған қауіпті іс-әрекетті айтамыз.
Діни терроризм деп – дін атынан камуфляждалып жарылыс жасау, өрт қою немесе адамдарды қазаға ұшырату, елеулi мүлiктiк залал келтiру, қоғамға қауiптi өзге де зардаптарды тудыру, қоғамдық қауiпсiздiктi бұзу, халықты үрейлендiру, мемлекеттiк органдардың, шет мемлекеттiң немесе халықаралық ұйымның шешiмдер қабылдауына ықпал ету, соғысқа арандату не халықаралық қарым-қатынастарды шиеленiстiру және т.б. діни элементке негізделген содырлық іс-әрекеттерді айтамыз.
Ал, деструктивті діни ағымдар деп – қоғамда қалыптасқан дәстүрлі жүйеге дін атын жамылып, қауіп төндіретін, негізсіз терістейтін, жоққа шығаратын, прозелетизмді насиқаттайтын, дін атына сай емес мұрат-мақсаттарда іс-әрекеттер жасап, заңсыз немесе заңның тиімді тұстарын әртүрлі қитұрқы әдіс-тәсілдермен өз мүддесіне барынша пайдаланатын деноминацияларды айтамыз.
Кез келген діни ағымның деструктивтілігі оның мақсаттарынан және іс-әрекетінің нәтижесінен аңғарылады. Теріс пиғылды ағымның арбауына түскен адамның жеке өмірінің деңгейі, сондай-ақ оның әлеуметтік, физикалық, экономикалық, рухани және моральдық жағдайы бұзылады. Соның салдарынан отбасы мен қоғам зардап шегіп, мемлекеттің қауіпсіздігіне нұқсан келеді.
Деструктивті діни ағымдардың таралуы діни бірлестіктер қызметінің еркіндігі, шетелдік миссионерлердің елге кедергісіз келуі, халықтың діни сауаттылығының төмендігі, қазақстандық азаматтардың шетелде бақылаусыз діни білім алуы сияқты факторлар халық арасында радикалды идеологияның енуіне қолайлы жағдай туғызған негізгі себептер болды. Осыған байланысты мемлекет басшылығы деструктивті идеологиялардың таралуына қарсы әрекет ету бойынша шаралар қабылдай бастады. Діни білім беру мекемелері мен бірлестіктеріне бақылау күшейтіліп, діни экстремизм мен терроризмге қарсы күресу саласында заңнамалық базаны қалыптастырды.
Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен елдегі діни саланы реттеу мәселелері Қазақстанның мемлекеттік саясатының басты бағыттарының бірі болып табылады. Сондықтан қазіргі таңда Мемлекет басшысының жүргізіп жатқан сарабдал саясатының арқасында, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен қоғамдық институттардың бірлесе үйлесімді жасап жатқан жұмыстардың нәтижесінде елдегі діни ахуалдың тұрақтылығы сақталып келеді. Ел Президентінің нұсқамаларын орындау аясында террористік қатерлерді бейтараптандыруға арналған Қазақстанның жеке дербес жүйесі құрылды әрі ол жыл сайын жетілдірілу үстінде. Елімізде экстремизм және терроризмге қарсы іс-қимылға қатысты біршама тәжірибе мен біліктілік базасы жинақталды. Ол ең алдымен алдын алу шараларын жүргізу, халықтың діни-құқықтық сауаттылығын арттыру, түрлі радикалды идеологиялардың ықпалына төтеп беретін иммунитетті қалыптастыру жұмыстарынан тұрады. Бұл орайда дәстүрлі діни-рухани құндылықтардың ұлттың болашағын құруда ықпалды фактор екенін ұмытпауымыз қажет.Қазақ халқының ұлттық мәдениеті мен руханияты, өмірлік ұстанымдары мен салт-дәстүрлері, ойлары мен көзқарасы, дүниетанымы осы діннің құндылықтарымен сабақтаса қалыптасты.
Бүгінгі күннің бет алысына қарай мың құбылып, сабан астынан су жүгіртуді көздейтін деструктивті діни ағымдармен біз ымырасыз күресуге тиістіміз. Өйткені, деструктивті діни ағым өкілдері жоққа шығарғысы келген дәстүрлі құндылықтарымыз ұлтымыздың қаны мен жаны болып есептеледі. Ал, рухани құндылықтарсыз мемлекеттің болашағы бұлыңғыр. Яғни, дәстүрлі құндылықтарымызды көзіміздің қарашығындай сақтау заман талабы. Жаһандық деңгейде әрекет ететін деструктивті ағымдардың ықпалымен күресте қоғамда ұлттық және діни-рухани құндылықтарды кеңінен насихаттау арқылы ғана біз бүгінгі қоғамды және келешек ұрпақты жат идеологиялардың кері әсерінен қорғауды қамтамасыз ете аламыз.
М.Салиходжаев
Түркістан облысы дін істері басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің
Жетісай ауданындағы дінтанушы маманы
Деструктивті діни ағымдардың алдын алу