Дәстүрлі емес діни ағымдардың ерекшеліктері
Дәстүрлі емес діни ағымдардың ерекшеліктері
22.04.2021
1776
0

Соңғы кездері бұрын-соңды атын естімеген дәстүрлі емес діни ағымдардың көбеюі осының дәлелі. Бақытты өмір қандай болатыны жөнінде түрлі-түсті етіп безендірілген кітаптарды тарататын адамдар пайда болды.

Тіпті тыңдауға уақытың жоқтығын айтсаң да артыннан қалмай діни брошюраларды ұсынып, өмір туралы өз қағидаларын судырата жөнеледі. Жат ағымдардың құрығына жастар жағы жылдам түсіп жатыр. Олар жастар санасын тек қана уландырып қана қоймай, сонымен бірге өз қатарларына адамдар жинауда, өздеріне пайда әкелетін істермен де айналасуда жастарды пайдаланады.

Жалпы, дәстүрлі емес діни ағымдардың көздеген мақсаты – халықты айтқанға көнетін ойсыз топқа айналдырып, оларды жанды қуыршақ сияқты басқару, санасына әмір жүргізу болып табылады. Кез келген адамды халықтың, не болмаса қандай да бір ұйымның құрамдас бөлігі ретінде қарастырсақ, тұлға ұйымның ортасына түскен кезде сол ұйымның ықпалына бейімделгіш келетіні белгілі. Тұлға ұйымның арасында қалған сәттен бастап бұрынғы табиғи қалпынан өзгеріп, мүлде басқаша ойлай бастайды, сол ұйымға тән іс-әрекеттерді жасайтын болады.

Мәселен, ерік-жігері төмен жандар сыртқы күштердің әсерімен болған өзгерістерге бейімделгіш келеді. Дәстүрлі емес діни ұйымындағыларды салқын санамен ойлау, ой қорыту қабілеті мүлде тән емес десек, артық айтпаймыз. Осы орайда, бейімделгіш жанды ерекше қаһармандықты, не болмаса қатыгездікті талап ететін әрекеттерге оңай айдап салуға болады.

Мұндай жағдайда, жүрексіну, тіпті өзін-өзі сақтау инстинктіне де бағынбауы ықтимал. Себебі ол өзін шексіз күшті сезінеді. Тағы бір айта кетерлігі, бейімделгіш жандар аңғал, сенгіш келеді. Оларды алдап-арбау, қандай да бір теріс мақсаттарға қолдану дәстүрлі емес діни ұйым көсемдері үшін аса қиын шаруа емес.

Себебі жүйкесі, ойлау қабілеті зақымданған адамдар шындық пен өтіріктің арасындағы алшақтықты айыра алмайтындықтан, көсемдерінің айтқанына тез бой алдырады. Әрине, белгілі бір тұлғалардың айдап салуымен ашу ызаға бой алдырған мұндай топқа қарсы келу, оларды жолынан қайтарам деу өте қауіпті екені түсінікті.

Қазіргі таңда дәстүрден тыс діни ағымдар қоғамды іштен ірітіп жатқандығы туралы жиі айтылуда. Алайда, жастар теріс пиғылды ұйымның өз жұмысын нақты қандай әрекеттер арқылы жүргізетінінен бейхабар. Олар дәстүрден тыс діни ағымдар, дәстүрлі діндерден іргесін аулақ салған, белгілі бір діни мақсатты көздейтін ұйым екендігін біледі.

Алайда, олар өздерін адамның рухани қажеттіліктерін өтейтін, өмірдің мәнін ұғынуға көмектесетін, рухтың мәңгілік екендігін түсіндіретін, пендеге тән қайғы-қасіреттерден құтқарып, өзін-өзі жетілдіруге ықпал ететін адам ретінде көрсетуді шебер меңгеріп алған. Олар діни сауаты жетіле қоймаған, өмірлік бағыт-бағдары жаңа қалыптасып келе жатқан жастарды алдау-арбау арқылы өз қатарларына тартады.

Дәстүрден тыс діни ағымдар кез келген коммерциялық дәстүрден тысқары діни культтер, құбылыс пен процестер сияқты қазіргі социумның іргелі мәселелерінің индикаторлары болып табылады.

Адам осындай жағдайда бұрын-соңды тәжірибесінде кездеспеген мәселемен бетпе-бет келеді. Соған орай, оны шешудің сенімді құралдарынан да бейхабар болады. Аталған мәселеге қарсы тиімді күресудің саналы түрде жасалған мәдени тетіктері де қалыптаспаған.

Түрлі діни ағымдардың жетегінде кету арқылы отбасын ойрандатып, қоғамды шулатып, тыңшылық, экстремистік, террорлық іс-әрекет жасап, мемлекеттің ішкі қауіпсіздігіне орасан зиян тигізуі әбден мүмкін. Сонымен қатар, дамыған немесе даму үстіндегі тыныш жатқан бір елді тоқырауға жіберудің бір тәсілі түрлі діни ағымдар арқылы қоғам ішінде іріткі тудыру.

Ақиқатында, діни бірлестіктердің басым көпшілігі кейбір аңғал жандар ойлағандай биік мақсат-мүдделерді көздемейді. Дәстүрден тыс діни ағымдар атаулының түпкі ниеті біреу-ақ, ол – қарапайым адамдарды өз мақсат-мүдделеріне пайдалану, сол арқылы материалдық игілікке кенеліп, билікке қол жеткізу.

Әдетте, дәстүрден тыс діни ағым мүшелері «көсемнің немесе «ұстаздың» айтқанын бұлжытпай орындайтын темірдей тәртіпке мойынсұнады. Ұйымның түпкі мақсатын аттөбеліндей аз топ, яғни «таңдаулылар» ғана біледі. Жаңадан қабылданғандар сектаға жән-тәнімен берілгендігін «ұстаз» бен «таңдаулылардың» алдында дәлелдей білсе, «қызмет баспалдағымен» өрлеуге мүмкіндік алады. Көріп отырғанымыздай, ұйымдардың құрылымы да мемлекеттік құрылым сияқты. Маман психологтар мен заңгерлердің оларды «қауіпті» деп жүргені бекер болмаса керек.

Енді осы ағымдар қарапайым адамдарды қандай айла-әдістермен еліктіретініне тоқталайық. Біріншіден, жаңадан қабылданған «шәкірт» ұйым мүшелерінің психологиялық қысымына ұшырайды. Ол осы жерде дәстүрден тыс діни ағымдардың «махаббатына бөленеді». «Құдай сені жақсы көреді, сен асқақ арман-мақсаттарды бағындыратын таңдаулылардың бірісің. Бізден басқа әлемнің барлығы күнәға белшесінен батуда» деген сияқты әпсананы құлағына құяды.

Нәтижесінде, судай жаңа діни ағымдардың осы «бақытты отбасының» бір мүшесіне айналуға деген құштарлығы күшейе түседі. Топтасып ән шырқау, бір-бірімен төс қағыстырып құшақтасу, мадақтау сияқты кішкентай балаларды алдайтын тәсілдердің барлығы ұйымда кеңінен қолданылады.

Екіншіден, дәстүрден тыс діни ағымдар мүшелері қоршаған ортасынан іргесін аулақ салып, өз бетінше бөлек өмір кешеді. Ал ұйымнан тысқары әлемнен қол үзген адам уақыт өте келе «ұстазының» айтқандарының анық-қанығына ой жүгірту, оны шынайы өмірмен салыстыру мүмкіндігінен айырылатыны түсінікті жәйт.

Үшіншіден, қауіпті діни ұйымдарда мүшелерінің ойлау қабілетін тежейтін түрлі әдістемелер қолданысқа ие. Мәселен, бір сарынды әндерді жиі шырқату, бір қимылдарды үнемі қайталатудың ақыры адамды психологиялық тәуелділікке ұрындырады.

Тағы бір айта кетерлігі, «отбасында құпия болмау керек» дегенді желеу еткен «ұстаз» «шәкіртіне» жасаған күнәларын мойындатып, арылуға «көмектеседі». Ішкі сырларын жайып салғаннан кейін өзін күнәһар жан ретінде сезінген «шәкірттің» бойында қорқыныш, үрей күшейе түседі.

Бесіншіден, «рухани тұрғыда шынығу» үшін ұйқыдан бас тартқандар мадақталады. Тоя тамақтанбау рухани тұрғыда жетілуге көмектесетін диета деп саналады. Сондай-ақ, ұйымға жаңадан қосылған жандардың оңашада ой қорытуына мүмкіндік бермеу үшін ұйымның өзге мүшелері оны ешқашан жалғыз қалдырмайды. Осылайша, дәстүрден тыс діни ұйым санатына қосылған жан аз уақыт ішінде ой-санасы өзгерген, мүлде басқа кейіптегі адамға айналады.

Дәстүрден тыс діни ұйым шырмауына ұшыраған адам өзін қалай сезінеді?                              

Ол өзінің бұрынғы қадір-қасиеттерін тәрк етіп, сол ұйымдарға ұнамды бейнені қабылдайды. «Ұстаз» бен «таң-даулылардың» айтқаны ол үшін бұлжымас қағидамен тең.

Қазіргі таңда, дәстүрден тыс діни ұйымның мүшелерін құтқарудың  тәсілі:

«Қайта программалау» деп аталады. Яғни, адамды сол қауіпті ұйымнан құтқару үшін оған «тату-тәтті отбасы» туралы барлық шындықтың бетін ашу. Әрине, жан-тәнімен сеніп келген «ұстаздың» алаяқ екенін есту, өзінің алданғанын түсіну оған оңай соқпайды. Және бір айта кетерлігі, діни ағымдар осындай жолмен жақынын құтқармақ болған адамның үстінен тиісті органдарға шағым түсіре алады. Мұндай жағдайда дәстүрлі емес діни ағымдар қылмысын дәлелдеу қиынға түсетіндіктен, көп жағдайда сот процесінде олар жеңіп шығады.

Дін – мемлекеттің негізін құраушы ең маңызды фактордың бірі болғандықтан, ішкі тұрақтылықтың да кепілі. Еліміздегі ортақ ауызбіршілік, елжандылық, адамды сүю, бейбітшілік пен тыныштық – дәстүрлі діндерінің басты ұстанымы, ал ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіретін жат ағымдардан бойымызды аулақ ұстап, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелегеннен ұтылмасымыз анық.

 

  

Түркістан облысы дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

Теолог маманы                                                                   Рысметова Шахиста                                                                      

0 пікір