Ислам ғұламалары:«Бүлік–алғашында тартымды болып көрінгендіктен, оған қатысы бар адамның кетуі қиын болады. Бірақ, одан бас тарту қаншалықты ауыр болса да бойын аулақ ұстауы керек»,-дейді. Заманымыздың көрнекті ғұламасы, марқұм шейх Мұхаммед Саид Рамазан әл-Бути бүлікке қатысты: «Әділдік жоғалып, оның тізгініқолдан кетсе, адамдарды еріксіз және ережесіз ұрыс-жанжалға апаратын әрбір жағдай бүлік болып табылады. Қауіп-қатергесебеп болатын барлық бүлік арасы тең. Олар Пайғамбарымыз (с.а.с.) айтқан сахих хадистермен қаралады»,-деп анықтама берген.
Дәстүрлі Ислам дінінде бүліктен бойды таса ұстау жайында нақты нұсқаулар бар. Мәселен, Пайғамбардың (с.а.с.) Әбу Дәудтен (р.а) жеткен хадисінде: «Әлі түрлі бүлік болады. Сақ болыңыз! Одан кейін сондай бірбүлік келеді. Бүлікке мүлде араласпай жатқан адам отырған адамнан жақсырақ. Отырған адам болсабүлікке қатысып тұрғанадамнан жақсырақ. Ал,бүлікке қатысып тұрған кісі әрекет жасап жүргеннен артық. Ал, бүлікке әрекет жасап жүрген кісіжүгіріп жүрген адамнан жақсы. Егер адамдардың басына осы күн түссе, кімде түйесі болса, түйесінің артынан (бүліктен аулақ болып, түйесіне қарап) кетсін. Кімнің қойы болса, қойының артынан (бүліктен аулақ болып, қойына қарап) кетсін. Кімнің жері болса, өз жеріне (егіншілікпен айналысып) барсын. Кімде бұл нәрселер болмаса, қылышын алып, оның жүзін тасқа ұрсын (семсерін жарамсыз ету үшін) және бұл бүлікке араласпау қолынан келсе, араласпасын. Раббым, жеткіздім бе?! Раббым, жеткіздім бе?! (Өзің куә бол!)»,-деген.
Жауыздардың үндеуімен бүлікке араласу – бейбітшілік мекеніне тұрақсыздық енгізуінен бөлек талас-тартысқа себеп болатын ақпаратты тарату арқылы да жүзеге асады. Мұндай әрекеттерге Құранның «Хужурат» сүресінің 6-аятында: «Ей, мүміндер! Егер бір пасық адам хабар жеткізсе, сендер білмеген күйде бір қауымға зиян тигізіп, істеген істеріңе өкінбеу үшін (хабарды) тексеріңдер»,-деп қатаң тыйым салған. Омар (р.а) жеткен хадисте Пайғамбар (с.а.с.): «Адамның өтірікші болуына естіген нәрсесін айта беруі жеткілікті»,-деген.
Айта кетейік, бүгінде Сирия, Ирак сынды елдерде террористік ұйымдардың жасап жатқан бүліктеріне алданып қалған адамдар осы қасиетті нұсқауларға амал қылмағаны себепті өздерін және жақындарын түбі көрінбес шұңқырға тастауда.
Тура жолдан таймай құтылғандардың сипаты туралы хадисте: «Әнас ибн Мәликтен риуаят етілген: «Алла Елшісі (с.а.с.): Менің үмметім ешқашан адасушылықта бас қоспайды. Сондықтан, қашан талас-тартыс көрсеңдер «сауадуль ағзаммен» бірге болыңдар»,-деген.
«Сауадуль ағзам» ұғымы «үлкен жамағат»,-деген мағынаға сәйкес келеді. Ғұламалар хадисте келген «Сауадул ағзам» «Әһлі сүннә уәл жамағат» түсіндірген. Имам Мәтуридидің шәкірттерінің бірі Әбіл Қасым Хаким Самарқанди «Сауадуль ағзам филь-кәлам» атты еңбегінде хадисте хабар берілген құтылушылардың алпыс екі сипатын баяндаған. Олардың кейбіреулері мыналар: мұсылман қауымына қарсы шықпау, Құбылаға бет бұрған адамды күнәсына байланысты күпірлікте айыптамау, жақсылық та жамандық та Алладан деп білу, ешбір мұсылманға әділетсіз түрде қылыш көтермеу, Пайғамбардың (с.а.с.) шапағатын ақиқат деп тану; Алланың кеңістіктен, уақыттан, келу-кету секілді жаратылыс сипаттарынан пәк деп білу.
Бүліктің көптеген түрлері бар: нәпсі бүлігі, күдік пен күмәнбүлігі, бұрыс сенім бүлігі, жалпы немесе жекебүлік және т.с.с. Заманның дамуына немесе тарихи өнертабыстарға байланысты бүліктің түрі де көбеюде. Мысалы, өнертабыстар мен түрлі тәжірибелердің жақсылығымен қатар зияны да қоса келеді. Соның ішінде адам санасын улайтын түрлі ақпарат құралдары мен ғаламтор желісіндегі қисынсыз мәліметтер.
Бүлік – теңіз толқыны іспетті дауыл тұрғанда адамдарды адастырып жібереді. Ендеше, бүлік шыққанда мұсылман не істеуі керек? Ең әуелі, әрбір мұсылман үмбеті Пайғамбарға (с.а.с.) ілесіп, одан үлгі алып, туралықта берік тұруы керек. Өйткені, ардақты Пайғамбар (с.а.с.) қиын сынақ кезі үңгірде жасырынып жатқанда да сахаба Әбу Бәкірге (р.а): «Уайымдама! Расында Алла бізбен бірге!» («Тәубе» сүресі,40-аят),-деді. Екіншіден, талас-тартыс көп болған кездедін ғұламалары, имамдар, жалпы тура жолға бастаушылар басқаратын мұсылманжамағатымен бірге болуы қажет. Кез келген бүліктен, әртүрлі атаумен шығып жатқан діни топтардан өте алыс болу керек. Имам Хаким риуаятында Алла Елшісі (с.а.с.):«Алла менің үмметімді адастырмайды»,-деп бекер айтпаған.
Үшіншіден, талас-тартыстан бойды таса ұстамау әрі бүлікшілерге қосылу – Алла Тағаланың Құранның «Әли-Имран» сүресінің 103-аятында ашық түрде мұсылмандарға берген: «Барлықтарың Алланың «жібінен» (Құраннан) мықтап ұстаңдар әрі топ-топқа бөлінбеңдер және өзара дұшпандық болған кезде жүректеріңді біріктірген Алланың нығметін еске алыңдар»,- деген бұйрығына қайшы болып саналады.
Сөзімізді қорытындылай келе, талас-тартысқа араласу, қолдау көрсету қаншалықты ауыр күнә болса, сол бүлікті ойлап тауып, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған дүйім халықтың арасына енгізу–одан да асқан күнәлі іс екендігін жадымыздан әсте шығармайық.
Түркістан облысы дін істері басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің
теолог маманы Б.Шаймерден
Бүлік шығарудан аулақ болу