Әлеуметтік желі теріс діни ағымдардың таптырмас құралы
Әлеуметтік желі теріс діни ағымдардың таптырмас құралы
26.12.2022
1252
0

Қарап отырсақ соңғы уақытта әлеуметтік желіссіз күн көру мүмін болмай қалды. осы желілер арқылы діни ақпаратты жылдам және әртүрлі форматта таратып, хат алмасуға үлкен мүмкіндік жасап отыр. Әлеуметтік желінің жұмысы карантин кезінде адамдардың өмір сүру үрдісін өзгертті. Себебі, виджет, гаджет, блог, Facebook, Instagram, Telegram, WhatsApp, В Контакте, Twitter, YouTube, TikTok сияқты құралдар кез-келген ақпаратты жылдам алуға жол ашты. Әрине, үйде отырып интенет желісі арқылы өзіңнің көкейіңде жүрген мәселені шешу жақсы. Ал, осы әлеуметтік желі арқылы тартаылатын ақпараттар қаншалықты шындыққа жанасады? Желіде таратылған әртүрлі жаңалыққа сеніп жаңылғандар қаншама? Соңғы кездері бесіктегі баладан, еңкейген қартқа дейін әлеуметтік желіге тәуелді болып қалғанымыз жасырын емес.

Қарап отырсақ, жаңа технологиялар күн санап дамып жатқан кезде әлеуметтік желінің арғы жағында отырғандардың айласы діттегеніне жеткізбей, адамды адастыратын, ақылынан алжастыратын жалған ақпараттар аз емес. Осындай арам пиғылды адамдардың арбауынан арылу үлкен мәселенің бірі болып отыр. Қаншама адам «жат ағымды жақтаушылардың сөзіне алданбаймын, өзімнің ерік-жігеріме жауап беремін» десек те,  WhatsApp арқылы келетін мына бір хатта адамды іштей күйзеліске түсіретін немесе Алланың қаһарына ұшыраған адамның басынан өткен оқиғасын баяндап келіп: «бұл хатты 20 адамға таратсаң өміріңде өзгеріс болады. Құранды теріске шығаруға болмайды», – деген жолдармен аяқтайды. Бұл хабарламаны оқыған адамның санасында «осы хатты таратпасам өмірімде қиындық туындайтын шығар» деген күмәнді сұрақтармен күн кешеді. Бір істе жолы болмаса да «сол келген хатты таратпағанының кесірі» деп түсінеді. Жат ағымды жақтаушылар адамның санасын болмашы осындай хабарламалар арқылы улайды. WhatsApp арқылы жіберген хабарламаны үзбей таратып тұрған адамдарға уақыт өте өзге де видеороликтерді жібереді. Шындыққа тура қарар болсақ, мұндай хабарламаларды үнемі тарату Аллаға серік қосқандық болып табылады.

Осындай күрделі ақпараттық заманда кез-келген діни ақпаратқа сеніп, соңынан еріп кете бермейтін, өзін берік ұстай алатын, былайша айтқанда, екі аяғын нық басқан иманды көзқарас иесі, түптек келгенде нағыз ізгі әрекет жасай алатын елге тұлға азамат дәрежесіндегі жастар ғана елдің болашағы. Ал, бұл деңгейге көтерілу – терең тамырлы, әрі күрделі процесстің бірі.

Қазіргі таңда ала-құла діни ақпараттар әрбір адамның интернеттегі жеке почтасына сілтеме немесе спам түрінде де келетіні жасырын емес. Ислам, Пайғамбар, ақырет, тозақ оты, дінге деген махаббат деген жалпы діни ұғымдарды алға тартқан түсініксіз ақпараттардың астарынан қандай «ібілістің» шыға келетінін білмей келеміз.

Жалпы жоғарыда айтып өткен діни мазмұны бар осындай ақпараттарды соңғы кездері жиі кездестіруге болады. Мұндай ақпараттарды қабылдағың келмесе де, жақын ағайын-туысыңыз, дос-жарандарымыз ұялы телефон қосымшасы арқылы осындай мәліметтерді жіберіп отыратыны жасырын емес. Мұндай хабарламаны жіберген таныстарыма, «бұл хабарламаны таратпаңдар, осы хатты жіберген жат діни ағымның өкілі болуы мүмкін» деп түсіндіріп айтуға тырысамын. Сонда елуден асқан бір апамның айтқаны: «мына жіберген хабарламада Алланың аты аталып, құраннан мысал келтірілген, бұған қалай сенбейсің? Отбасымның, балаларымның амандығы үшін таратым» деп жауап берді. Расымен де дәстүрлі емес діни ағымды жақтаушылар адамдарды қорқыту арқылы өздерінің ырқына көндіру ме?

Пайғамбарымыз Мұхаммед дінді жеткізуге қатысты бір хадисінде: «Дінді ауырлатпаңдар – жеңілдетіңдер. Қорқытпаңдар – сүйіншілеңдер», – деген. Бұл асыл дініміз Исламды насихаттаудың ең негізгі шарттарының бірі. Жоғарыда келтірген мысалдардың ешқайсысында бұл шарттар сақталмаған. Сонда, интернет әлемін кезіп жүрген теріс түсінік пен сенім қалыптастыратын эмоцияналды видео роликтер мен картиналардың неге керегі бар? Оларды не үшін жасайды? Осы қорқынышты хабарламалар мен видеороликтердің астарында не жатыр? Әрине, мұндай ақпараттар белгілі-бір мақсатта қолдан жасалатыны білгілі. Мұның астарында дінді шынайы өмір заңдылықтарынан алшақтатып, ұшқары, жеңіл-желпі етіп көрсету мүддесі жатқан жоқ па? Адам баласының дін туралы түсінігі өзгерсе, оның дүниетанымында да өсгеріс пайда болады, дүниетаныммен бірге тілің де, ділің де, тәрбиең де, керек десеңіз тұтас өмірің басқа арнаға ауысады.

Қазіргі таңда әлеуметтік желі, интернет кеңістігінің белсенділік алып жатқан кезі. Тіпті «кибер кеңістік» деп те атаймыз. Бұл адам өміріндегі – виртулды әлем. Шындап келгенде адамдарға виртуалды әлем қызық болып барады. Бұл әлемнің шырмауына іліккен адамның шығуы да қиын. Виртуалды әлемге енген адамға туған-туыстың, жора-жолдастың, тіпті мына дүниеде болып жатқаның ешқайсысы да қызық емес. Бүгінгі біздің өміріміздің жартысы осы әлемге еніп үлгерді. Интернетті адамдар түрлі мақсатқа пайдалануда. Біреу интернет арқылы табыс тапса, енді бірі онлайн оқытады, ал кейбір арандатушылар өздерінің ойын осы ғаламтор арқылы үйде отырып та жасауда. Интернеттің арғы жағында отырып та адамның санасын улап, арбап алдауда. Мәселен әр түрлі діндердің миссионерлік жұмысы да қызу жүруде. Киберкеңістіктің бүгінгі күні адамдарды дінге тарту жолдарында берер дүниесі көп. Мәселен, виртуалды қажылық жасау, виртуалды түрде құлшылық рәсімдерін орындау, өз ілімдерін онлайн таныстыру деген сияқты киберкеңістіктің мүмкіндіктері күн санап артып келеді. Көп жағдайда интернет кеңістігі мен әлеуметтік желілерді тұтынушылар олар – жастар. Сондықтан да діни қозғалыстардың, экстремизм идеологтарының көздейтін объектісі де осы жастар болып отыр. Себебі, жастар қызба мінезді болады. Олар өздерінің санасына сіңірген нәрсені жасауға тырысады. Осыны қаперге алған жат дін өкілдері де, өздерінің миссиясын орындау үшін жастарды өздерінің ортасына тартуға тырысады. Түзу жолдан жаңылған жастардың басчым бөлігі жұмыссыз, дінге деген сауатын интернет арқылы ашқан жастар екен. Қазіргі кезде кітапқа оқу арқылы діни сауатын ашатын немесе туған-туыстарынан сұраудың орнына, әлеуметтік желілерге жүгініп, сонда тікелей сұрақ қою деген жағдайлар кең етек алған. Сондықтан болар жастар әлеуметтік желіні жиі пайдаланады.

Сонымен қатар, интернет кеңістігін өз мақсаттарына тиімді пайдалануда, олардың қызметi өздерінің идеологиясын белсенді түрде насихаттауға, жаңа мүшелердi өз қатарларына тартуға, жақтастарын теориялық және практикалық тұрғыдан оқытуға және өздерiне қарсы шыққан желі қолданушыларына қарсы ақпараттық күрес жүргізуге, жалған ұрандарымен дінді бұрмалап, жастарға ықпал етудің түрлі жолдарын жасап бағуда. Деструктивті діни ағымға ерушілердің діни сенімі мен ұстанымдары біздің қоғам мен мемлекетке қарсы және агрессиялық сипатта екені белгілі екенін жақсы білеміз. Адам бойында қалыптасқан көзқарастық агрессия түбінде іс-қимылға айналуы әбден мүмкін. Бұған елімізідің бірнеше аймағында орын алған террорлық оқиғалар дәлел екенін хақ. Радикалды ағымдар көбінесе «Facebook», «Вконтакте», «Tapatalk», «Одноклассники», «Instagram», «Telegram», «Tik-tok» әлеуметтік желілерін қолданады. Себебі, бұл желілер жастар арасында кең қолданысқа ие болып отыр. Жат діни ағымның өкілдері әлеуметтік желілерде күндіз-түні жастарды аңдып, олардың өмірлік көзқарастары мен дүниетанымдарын зерттеп, өз айла-тәсілдерімен саналарын сан түрлі айламен арбауға тырысады. Олар жас өспірімдердің назарын аудару мақсатында түрлі форматта контент жасауда. Әсіресе, жасөспірімдер арасында танымал болған «Tiktok» әлеуметтік желісінде видеороликтер, Алланың атын жамылған сөздер арқылы өз насихаттарын жүргізуде. Мұндай контентті дайындап таратып отыратын адамдар, негізінен террористік ұйымның соғыс алаңында жүрмейді, олар тек деструктивті дiни ағымның жақтаушылары, өз үйінде, компьютер алдында отырып, жат діни ағымдардың жұмысын жасап, сол үшін қомақты қаржы тауып отыратындар. Керек десеңіз, олардың арасында өзінің жұмысын жасап сол үшін ақы алып отырған таргеттер де жоқ емес. «Telegram» әлеуметтік желісі сөйлесу құралынан бөлек, материалдарды шексіз сақтауға мол мүмкіндігі бар желінің бірі екенін бәрі жақсы біледі. Деструктивті діни ағымның «Telegram» әлеуметтік желiсін қолданушылары өздерінің топтарына бұғат қойылған соң «Telegram-ға» балама ретiнде «Tapatalk» бағдарламасын қолдануды өз араларында ұсынып, жаңа бағдарламаны қолдануға көшкен. Бұл секілді әлеуметтік желілердегі ауысулар жалғаса береді. «Instagram» насихат жұмыстары үшін таптырмас құрал. Мұнда жат ағымның жақтастары мыңдаған тіркелушілерді тез жинайды. Сонымен қатар, олар жихадшы-террористердің күнделікті өмірін шөл даладағы әсем көрініспен, балалардың тәтті күлкісімен, ақаруларын асынып, тату-тәті отбасылық суреттермен көрсетеді. Міне, осы сырт көзге бәрі «тамаша» боп көрінген суреттегі, бейнероликтегі өмірге әлеуметтік желідегі тіркелушілер арбалып, ақыр соңы алданып қапыда қалып жатады.  Себебі, негiзінен жастар мен орта жас өкілдері көптеп отыратын бұл платформаларда деструктивті, радикалды идеялар тез таралып, өз діттеген мақсатты аудиториясына жетіп отырады. Бұған дәлел еліміздегі экстремизм баптарымен сотталғандардың көбісі нақ осы желілерде белсенді ақпараттық жұмыстарын таратқандар. Қаншама адам дінді насихаттап отырмын деп жат ағымды жақтаушылардың арбауына түсіп бас бостандығынан шектеу жазасына тартылды.  

Тағы бір ғаламтор арқылы ұсынылатын контенттің бірі – ол қайырымдылық жасау. Адам өзінің парақшаларында құран аяттары мен сүннет амалдарын жасап жүрген жарнамаларды жариялаумен бастайды. Аудиториясын жинап алғаннан кейін өздерінің уағыз-насихат жұмыстарын жүргізуді қолға алады. Олар материалдарын сапалы форматта бірдей фон, әртүрлі сананы улайтын сөздер арқылы материалдар дайындайды. Желі қолданушыларының назарын аударатын инфографикалық және анимациялық роликтер мен көз тартарлық дизайнды да қолданады.

Осы орайда қазіргі интернет ресурстарының мынадай маңызды ақпараттарын беріп өткен жөн. Интернет қазіргі таңда дүниенің кез-келген жерінен адамдардың бір-бірімен танысуына мүмкіндік тудырып отыр. Жиһадқа шақыратын сайттардың басым көпшілігі осы тәсілді де қаперінен қалт жіберген емес. Өзінің өмірлік серігін іздеп жүрген бойдақтарға «Иманды жар тауып беремін» деп, құрығына түсіреді. Осындай жарнамаға алданған сұрбойдақтарға алдымен көз тартарлық сурет жіберіп, бұл адаммен қалй жолығудың жолын түсіндіреді. Сөйтіп, өзінің иманды жарын іздеген бойдақ жан өзге мемлекеттен бірақ шыққанын білмей де қалып жатады. Бұдан кейінгі тағы бір мәселе ол - интернет арқылы қайрымдылыққа ақша аудару. Өзге елде соғысып жатқан түрлі топтарға осы жаңа технологиялар арқылы қаржы жіберіліп отырады.

Соңғы кезде жүргізілген жап-жаңа технологияны сөз етуімізде  бекер емес. Себебі, бүкіләлемдік пандемия өзінің жаңа ережесін орнатты. Инертен арқылы жақсы да, жаманды үйрендік Соған сәйкес қазір өміріміздің ажырамас бір бөлігіне айналған әлеуметтік желіні пайдалы іске қолдануды естен шығарып алғандаймыз. Ғаламтор кеңістігі, әлеуметтік желілер, онлайн режим немесе қашықтан өмір сүру стилі қалыптасып келеді. туған-тучпен, ағайынмен де онлайн амандасып, жағдай сұрауды әдетке айналдырғандаймыз. Барша адамды басқарып тұрған  жалғыз ғана интернет. Бәріміз оны түрлі мақсат-мүддеге пайдаланудамыз. Әлеуметтік желілер арқылы тауар айналымы, алып-сату, үйде отырып тапсырыс беру, қашықтан білім алу секілді мүмкіндіктер ашылды. Дегенмен, дәл осындай шексіз мүмкіндіктің шегін білмейтін болсақ, оның зардабы да жоқ емес. Болашағымыз жастарды осы бір шексіздіктің зардабынан сақтайық ағайын....

 

Раушан Нарбек

Түркістан облысы дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы»

коммуналдық мемлекеттік мекемесінің маманы

0 пікір