Дәстүрлі дүниетанымға қарсы келетін ағымдарды деструктивті немесе адастырушы топтар деп атаймыз. Өздерінің алдап-арбау тәсілдерінде мүмкіндіктердің барлығын максималды түрде пайдаланып, өз қатарларына адамдар тарту басты мақсаттары болып табылады. Жалған ағым өкілдері арбау жұмыстарында өтірік айту, ақпараттарды бұрмалау, арнайы психологиялық әдістерді қолданып, санағы тікелей шабуыл жасайды.
Қазіргі қоғам арасында шешімін таппаған, уақыт өткен сайын жастарымыздың санасын улаған, дәстүрлі емес дінді насихаттаушы азаматтардың аз емес екендігі баршамызға мәлім. Өкінішке орай, дәстүрлі емес діни ағымдар ағылып келіп, ел ішіне іріткі салуы қоғамның дертіне айналды. Көптеген жастардың санасы уланып, өздерін түсініксіз әлемнің тұңғиығына лақтыруда. Болып жатқан жағдайларға басты себеп – жастарымыздың діни білімсіздігі және оған қарсы діни иммунитеттің болмауы. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек дінге қызығушылық білдірген азаматтардың 73% қажетті мағлұматтарды ғаламтор желісінен іздейді. Бұл көрсеткіш еліміздегі жастардың басым бөлігі діни сауатын ең алдымен ғаламторда ашатынын көрсетеді. Яғни, қазіргі ғаламтор сайттары, видеохостингтер, әлеуметтік парақшалар, түрлі платформалар және басқа да
байланыстырушы медиақұралдар әлемде жаңа мүмкіндіктермен қатар, жаңа қауіптердің туындауына септігін тигізуде. Жаһандану кезеңінде ғаламтор және әлеуметтік желілерді белсенді пайдаланып, дүниенің әр жерінде тұрақтылықтың бұзылуына әрекеттенген мұндай топтар дін атын бүркеніп, өздерін шариғаттың заңдарына негізделген мемлекет құрушы күштер ретінде жарнамалауда.
Өкінішке орай, жастарымыз ғаламтордың шырмауына түсіп, сергелдеңінен шыға алмай жүргендігі көңіл қынжылтады. Адастырушы топтар ғаламтор беттерінде бұрмаланған әр түрлі діни дәйексөздерді келтіре отырып, өздерінің жолын әділ әрі ақиқат етіп көрсеткісі келеді. Алайда, бейбітшілік пен бауырмалдылыққа үндейтін шынайы діни сенімде адамдарға зұлымдық пен әділетсіздік танытуға, нақақтан жан иесін өлтіруге жол берілмейді. Бұл қағидаттар қасиетті кітаптарда тайға таңба басқандай анық жазылған.
Дәстүрлі емес діни ағымдар психологиялық алдап-арбау тәсілдерін жетік меңгерген. Адамға жеке және топтық шабуылдар жасап, болып жатқан жайттың ақ-қарасын ажыратудан шатастырады. Адастырушы топтардың ықпалына түскен адамдардың бойында мынадай белгілер кездеседі:
- діни тақырыптарға шамадан тыс әуестенушілік;
- жақын құрбы-құрдастарына, отбасына, туысқандарына, кәсібіне қарым-қатынастың өзгеруі;
- ата-анасына бағынбау, істерін теріс көру;
- өзіне тән емес бөтен және оқшау пікірлер айтып, оғаш қылықтар көрсету;
- мінезіндегі тұйықтық белгілерінің байқалуы;
- отаншылдық сезімге, өз елінің төл мәдениетіне, салт-дәстүріне, ата-бабасына құрметсіздік таныту;
- еш себепсіз үйден кетіп қалу.
Осы секілді түрлі белгілер байқалады. Адастырушы діни ұйым шырмауына ұшыраған адам өзін қалай сезінеді? Еуропалық зерттеуші психологтардың айтуынша, «ұстазына» құлдық ұрған «шәкірттің» көкірек көзі ашылып, ақиқатқа көз жеткізеді, құдайдың нұрын сезінеді. Оның бойында жаңа психологиялық қасиеттер дамиды. Қарапайым тілмен баяндар болсақ, дәстүрлі емес діни ағымдардың алдап-арбауының салдарынан сәби қалпына қайта оралғандай күй кешеді. Ол өзінің бұрынғы қадір-қасиеттерін тәрк етіп, сол ұйымдарға ұнамды бейнені қабылдайды. «Ұстаз» бен «таңдаулылардың» айтқаны ол үшін бұлжымас қағидамен тең.
Елімізде 500-ден астам радикалды идеологияны ұстанушылар арасында толық емес отбасынан шыққандар – 18%, психологиялық соққы алғандар – 39%, бас-сүйек жарақатын алғандар – 36%, түзету мекемелерінде болғандар – 32%, маскүнемдікке салынғандар – 61%, есірткіге тәуелділер – 27 %, құмар ойынына салынғандар – 43% екенін көрсетеді. Осындай көрсеткіштерді саралай келе, дәстүрлі емес діни ағым насихаттаушылары өздеріне оңтайлы, әлеуметтік-психологиялық жәбір көрген азаматтарға назар аударып, өкінішке орай, құрал ретінде пайдалануда.
Қорытындылай келе, сананы улаған адастырушы топтар қоғам арасында кең етек жайған, күрмеуі шешілмеген мәселе болып отыр. Дәстүрлі дінімізге үреймен қарап, салт-дәстүрімізді сынап, мемлекеттік рәміздерімізге құрметсіздік танытқан адасқан топ мүшелері күн өткен сайын қатарлары көбейіп, жастарымызға психологиялық шабуыл жасап, тұғырлы тәуелсіздігіміз бен еліміздің бірлігіне сызат түсірулері әбден мүмкін.
Түркістан облысы дін істері басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ
«Әдістемелік қамтамасыз ету»
бөлімінің басшысы м.у.а. А.Тағай
Адастырушы топтардың алдап арбау тәсілдері
