Соңғы жылдары қой аузынан шөп алмас халықтың үрейін ұшырып, күллі әлемде бүлік тудырған терроризм және экстремизм діни сипатта белең алып, бейбітшілікті ұстанған мұсылман жұртшылығына үлкен жала, қара күйе жақты. Бауырыңды нақақтан-нақақ өлімге қима, адам өлтіру үлкен күнә деп үгіттейтін ақиқат діні Исламның шын мәнісінде қандай екенін әлем мұсылмандары дәлелдеуге тырысуда. Дегенмен, теріс бағытқа түсіп, жат ағымға ұрынған азаматтар жалған сенімнің жетегінде әлі де тыныш елдің ұйқысын бұзуда. Қазақстан әлем елдеріне көптеген конфессиялар мен ұлт өкілдерінің бейбіт өмір сүру мекені ретінде танылғаны рас. Дегенмен, діни экстремизм мәселесі біздің елімізді де айналып өткен жоқ.
Жалпы діни экстермизмнің қай аймақта болмасын (Қазақстан бойынша) таралуына себеп болатын бірнеше алғышарттарды атап өтуге болады. Ең алдымен бұл діни сауатсыздық. Дінге толық таныммен келмеу діни сауатсыздықтың басты көрінісі болып отыр. Бұл жерде Абайдың иманды «якини» және «тақлиди» деп бөліп қарастыруы өзекті болуда. Мұның алғашқысы танымнан, ақыл дәлелінен туындайтын шын иман. Екіншісі «өзі ештемені білмей, еш нәрсе туралы ойламай, дін иелерінің сөзіне еріп, «ел қалай көшсе, мен де солай көштім» деген надандықтан шыққан соқыр сезім, үстірт наным» - бұл қазіргі қоғамға тән, діни сауатсыздықтың көрінісі, діни радикалданудың себебі болып отыр. Тұрғындардың арасында, әсіресе жастардың өзгелерге еліктеуі, белгілі бір топтың мүшесі болуға деген ынтасы соқыр сенімге негізделген діншілдікке әкеледі. Мұндай соқыр сенім діни фундаментализмнің, сәйкесінше діни фанатизмнің алғышарттары болуда. Фундаменталисттік көңіл-күй экстремизмге апарар жол, өйткені экстремисттік пайымда өзінің ғана діни ұстанымы ең шынайы, ақиқат әрі таза деп ұғынылады. Сәйкесінше, өзге дін өкілдеріне төзімсіздік, қысым көрсету секілді көңіл-күй туындайды. Мұндай ұстаным өз сенімін, көзқарасын мейлінше кең тарату, қажет болса күштеп таңу әрекетіне саяды. Осы жағдайда, діни мотивтегі терроризм көрінісі мен оның өкінішіті салдары орын алады. Осы орайда экстремизмнің пайда болуы мен оның қоғамда таралуына тоқталып өтсек.
Негізгі жалпы көріністе, экстремизм қоғамдағы өмір сүріп тұрған ережелер мен нормаларды радикалды түрде теріске шығаратын өрескел әрекеттер мен көзқарастар жолын ұстаушылар болып сипатталады. Қоғамның саяси саласында көрініс табатын экстремизм, саяси экстремизм деп аталады, діни салада орын алған экстремизм діни экстремизм деген атауға ие болған. Экстремизмнің пайда болуы надандыққа, көрсоқырлыққа бейімделген көзқарастардан туындайды, яғни, олардың ойы «тек қана менің пікірім дұрыс, өзгенікі бұрыс» дегенге саяды. Бұл оның ең алғашқы кезеңдері болып саналады. Сондай-ақ тағы бір көрінісі - өзгелерді көре алмау, түсінбеу немесе түсінгісі келмеу. Олар өздерін өте таза, кіршіксіз санап, басқаны адасушыларға жатқызады. Тура жол көрсеткендерді мойындамайды. Міне, осы себептерден, түрлі төңкерістер мен қантөгістер орын алуы ықтимал. Экстремизм мүшелері көздеген мақсаттарына жету үшін ешнәрседен қаймықпайды. Тіпті, өздерін құрбан етуге әзір. Қаншама қандас бауырларымыз діни сауатсыздықтың, рухани дүниенің таяздығы салдарынан осы теріс ағымдардың қол-шоқпары болып, солардың жыртысын жыртып, сойылын соғып, діни экстремизмнің құрбаны болып жүр. Кез-келген діни конфессияда (тек исламда ғана емес), әлеуметтік қалыптар мен нормаларды жек көретін, сол діни бағытқа сәйкес келу мен оны түсінудің шеңберіне сыймайтын, осындай немесе басқаша формалар потенциалды түрде орнықтырылған. Жеке діни ұйымдар мен қозғалыстар үшін бұл өздігінен діни экстремизмге ауысады.
Діни экстремизм арнайы оқулықтарда «басқа дін ұстанушылар мен дінді ұстанбайтындарға төзімсіздікті уағыздау, өзге діндерге нақты бір діни ілім шеңберінде қарау, бағалау. Басым жағдайларда діни экстремизм дінге қатысты болмай, саяси немесе өзге де мақсаттарға қол жеткізу үшін, нақты бір дін қағидаларын жамылғы ете отырып зиянды әрекет ету» деп көрсетіледі.
Экстремизмнің бүгінгі таңда кең тараған түрі – терроризм. Террорлық әрекеттің басты мақсаты қоғамда үрей, қорқыныш, әбігер туғызу, елдің тыныштығын бұзу, өзіне көпшіліктің назарын аудару арқылы өздерін үлкен саяси күш ретінде таныту болып табылады.Терроризмнің ұлттық сипаты жоқ, бұл қылмыспен кез-келген ұлттың өкілі айналыса алады. Оған себеп, сылтау, қолайлы сәт керек, тиісті бопсалау, ынталандыру, иландыру, психологиялық амалдардың сүзгісінен өтулері керек. Сонда ұлтына, жынысына, жасына, дініне, тіліне қарамастан, ланкестер қатарынан келіп бір-ақ шығады. Ешкім террорист болып тумайды, ол тұқым қуаламайды. Оны жағдай, әлеуметтік-экономикалық, моральдық, руханияттық орта мәжбүрлейді, өзінің өмірдегі өкінішін, кеткен кегін, төл тағдырына мойынсынбауын тероррлық топқа қосылумен ақтағысы келеді. Саяси экстремизмді өзін құтқарудың, құдайдың құлы ретіндегі міндетін адал өтеудің бір амалы деп қабылдайды. Әдетте, бұған ерік-жігері осал, үгіт-уағызға тез берілетін, өмірде белгілі бір мақсаты жоқ, рухани дүниесі кедей жандар бейім келеді. Ғаламтор кеңістігіндегі экстремистік идеялар тарататын сайттардың еркін қолжетімділігі де маңызды себептердің бірі болып табылады. Мұндай сайттарды екіге бөліп қарастыруға болады. Мысалы, кейбір сайттар мұсылмандардың қысымға ұшырауы, әсіресе АҚШ, Еуропа, Израильдегі мұсылмандар туралы ақпараттар, қанға бөккен адамдардың суреттерін, бейне-материалдарды ашық көрсету арқылы күллі әлемді мұсылмандарға жау ретінде көрсетуге ұмтылады. Сондай-ақ, сайттағы түрлі шейхтардың уағыздары бейне-жазба түрінде таратылады. Уағыздарда зайырлы биліктің исламға жат екендігі, мұндай мемлекет басқарушылары, дін қызметкерлері «діннен шыққандар» деген пікір мейлінше дәлелді айтылып, оларға бағынбауға шақырылады. Мұндай ақпараттар сауаты төмен, өзін мұсылман санайтын адам санасында қысымдағы мұсылмандарды құтқару мен халифат сипатындағы мемлекет құруға қатысу, қажет болса, құрбан болу туралы ой туындатады. Өз ойын сайтта берілетін жихадқа шығу, шахид болу туралы хадистер мен аяттар арқылы нығайтып, өзгермес ұстанымға, өмірлік мақсатқа айналдырады. Ендігі кезекте осы ағымдар қарапайым адамдарды қандай айла-әдістермен еліктіретініне тоқталайық.
Біріншіден, жаңадан қабылданған «шәкірт» теріс ағым мүшелерінің психологиялық қысымына ұшырайды. Бізден басқа мұсылманның барлығы «адасқан, кәпір» деген сияқты әпсананы құлағына құяды.
Екіншіден, дәстүрден тыс діни ағымдар мүшелері қоршаған ортасынан іргесін аулақ салып, өз бетінше бөлектене бастайды.
Үшіншіден, қауіпті ағымдар мүшелерінің ойлау қабілетін тежейтін түрлі әдістемелерді қолданады. Мәселен, бір сарынды ұстаздардың уағызын тыңдатып, психологиялық тәуелділікке ұрындырады. Шындығында мұсылман қандай болу керек? Әрине, нағыз мұсылман адам, біріншіден, әрбір іс-амалында Алладан қорқып, Алла Тағала көріп тұрғандай құлшылық жасауы керек. Екіншіден, кісіге үкім шығарып, «сен кәпірсің, күнәһарсың» деген сөздерді қолданбауы қажет. Үшіншіден, айналасына пайда тигізетін мейірімді жан болуы тиіс. Өйткені Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.с.) бір хадисінде: «Ең жақсы мұсылман – басқаларға тілімен және қолымен зиян келтірмейтін»,-деген. Ал, «Қорқытпаңдар, сүйіншілеңдер, ауырлатпаңдар, жеңілдетіңдер», - деп келтіреді бір хадисінде.
Қазіргі таңда ғаламтордағы экстремистік сайттардың ықпалымен бірге, шетелден діни білім алған жастарымыздың қаншамасының санасы уланып, келер ұрпақтың қазақ емес, тек мұсылман болып, дәстүрден, ділден сусындамай өсіп жатқандығы ойландыратын жағдай. Сол себепті, мұндай мәселені шешу ұлттың келбетін сақтаудың кепілі болмақ. Бір ұлттың діни ұстанымдар негізінде бөлінуі салдарынан тұтас мемлекеттердің тұрақтылығы шайқалғандығын тарих көрсетіп берді. Аталмыш, мәселенің алдын алу кезек күттірмейтін шара. Бұл бағытта, заңдар қайта қаралып, толықтырылды, арнаулы орталықтар құрылды. Ақпараттық түсіндіру жұмыстары күшейтілді. Алайда, діни экстремизммен күресте ең маңызды қадам бұл діни сауаттылық екендігі даусыз. Діни сауатты болу үшін белгілі бір діни курсты бітіру шарт емес. Діни сауаттылық ұлттық тарих, дәстүрмен қатар, әлемдік деңгейдегі үрдістерден хабардар болудан құралады. Өз Отанын сүю мен дәстүрін ұстану, тарихын қастерлеу діни сауаттылықтың бір қыры. Өйткені, қазақ тарихына үңілген кез-келген адам қазақ халқында өзге елді жаулау, өзге ұлт пен дінді кемсіту секілді көріністердің орын алмағандығын көреді. Сондай-ақ, ұлттық дәстүрдің ислам шарттарына қарсы келмейтіндігін, тіпті үндесіп тұратындығын байқау үшін де асқан сауаттылықтың қажеті жоқ.
Қорытындылай келсек, қазақ даласында ханафи мәзһабы салт-дәстүрлерімізбен сабақтасып кең етек жайған. Қазақ осы мәзһабты ұстана отырып өзінің әдет-ғұрпын да сақтап қалған, намазын оқи отырып қымызын да ішкен, оразасын ұстап, бәйгеде ат шаптырған, бір Аллаға дұға ете отырып баласының тұсауын да кескен, Аллаға сәжде ете отырып келініне құрмет ретінде сәлем де салдырған, азанын шақыра отырып домбырасын да тартқан. Осының бәрі ұлттық келбетімізді сақтап, дінімізді қорғау болып саналған. Біз шариғат пен дәстүрді сабақтастыра білген халықпыз. Солардың арқасында бізде ешқашан да діни алауыздықтар, келіспеушіліктер болмаған.
«Ынтымақ болмай, тірлік болмас» дегендей айтылған мәселелердің алдын алу үшін жұдырықтай жұмылып, ілім мен білімді жеткізіп, жастардың көкірек көзін ашу керек. Ал бұл жағдайда тек дін мамандары ғана емес еліміздің әрбір азаматы үлес қосуға міндетті.
М.Салиходжаев
Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің
Жетісай ауданындағы дінтанушы маманы
Экстремизмнің бастауы – діни сауатсыздық