Жеті жарғы– дала заңдарының арқауы
Жеті жарғы– дала заңдарының арқауы
29.08.2023
1826
0

Қазақ халқының ел басқаруы мен заң шығару, сот ісін әділ жүргізуі ерте замандардан қалыптасқан. Сот билігі – қазақ даласында кең тараған және дамыған мемлекеттік биліктің формасы. Қазақ халқының мемлекеттік тарихында, құқықтық танымы мен санасында халықтың әдет-ғұрыптық заңдарының мәдени-әлеуметтік, саяси-құқықтық маңызы өте зор. Ел өмірінің барлық саласын тұтас қамтыған заңның жүйесі халық, мемлекет, жеке адам тіршілігінің барлық бағыты бойынша белгілі өлшемдерді, қағидалар мен ережелерді қалыптастырды. Соның бірі ертедегі қазақ қоғамының «Дала  Конституциясы» аталып кеткен ежелгі заңдар жинағы «Жеті жарғы».                                                                                                                                    

Тәуке ханның «Жеті жарғы» заңдары үш жүздің арасын үтір ғана бөлетін игі жақсылары мен билерін жинап, оның ішінде атақты Төле, Қазыбек, Әйтеке билер Күлтөбенің басында Тәуке ханның  «Жеті жарғысы» деген атауға ие болған заңдар жиынтығын жиналыста талқылап, қабылданған заң актісі болып табылады. Тәуке ханның билік құрған заманы және «Жеті жарғының» қабылдануы – қазақ құқығы тарихында маңызды кезеңдердің бірі болды. Тәуке хан билікке келген кезең қазақ қоғамы үшін қат-қабат қиыншылықтар мен шырғалаң шиеліністерге толы уақыт аралығы еді. Осы кезеңде қазақ даласында орын алған оқиғалар легі оның болашақ даму  бағытын анықтауға бірқатар ықпал жасады. Ол оқиғалар қазақ елінің тарихи өміршеңдік қабілетіне үлкен сын болды. Қазақ қоғамының ішкі бірлігін, тұтастығын, беріктігін тарихи тағдыр тезіне салды. Оның рухани өмірі бастауларының мөлдірлігі, адастырмас ақиқаттылығы, қоғам мүшелеріне дем берер қуаттылығы сұрапыл тексерістерден өтті, ал саяси, әскери және қоғамдық өмірді реттеу институттары мен салалары заман қойған аяусыз сынақ сауалдарына төтеп болды.                                                       

XVІІ ғасырдың аяғы мен XVІІІ ғасырдың басында қазақ қоғамының бүкіл болмысы мен бітімі, құрылымы мен өмір сүру салты, тынысы мен тіршілігі уақыт дүмпуіне, оның тегеурінді сілкінісіне тап болған еді. Қазақ халқына тарих көшінен ауып қалу немесе замана ағымына ілесе алмау қаупі төнген еді. Міне, Қазақ хандығы тарихындағы ең ауыр, өтпелі кезеңінде билікке әз Тәуке хан келді. Тәуке хан тұсындағы Қазақ мемлекеттілігінің бітім-болмысы сапалық әрі нысандық тұрғысынан күрделі өзгерістерге ұшырап, Қазақ хандығы іргелі де қуатты әрі біртұтас мемлекет дәрежесіне көтерілді.                                                            
      «Жарғы» - сөзінің қазақша мағынасы әділдік, шешім дегенді білдірген. Түпкі мәні «дәл әрі әділ» деген сөзден шыққан. Дауды әділ, тура шешкен билерді халық: «Қара қылды қақ жарған» деп мадақтайды. Ол заманда «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деген қағида басымдыққа ие болатын. Тәуке хан «Қасым ханның қасқа жолын», «Есім ханның ескі жолын» өз дәуіріне сай етіп, сондағы ережелердің жеті түріне күрделі өзгерістер енгізген:             

1-жарғы. Көтеріліс жасап, бүлік шығарған кісілерге өлім жазасы бұйырылсын.              

2-жарғы.  Халық мүддесін сатып, елге опасыздық еткендер өлім жазасына бұйырылсын.
3-жарғы. Мемлекет ішінде жазықсыз кісі өлтіргендер өлім жазасына бұйырылсын.
4-жарғы. Өзге біреудің әйелімен зинақорлық жасап, ақ некені бұзушыларға өлім жазасына бұйырылсын.                                                                                                                

5-жарғы. Өреде тұрған, тұсаулы жүрген сәйгүлік атты ұрлаған кісіге өлім жазасы бұйырылсын. 

6-жарғы. Төбелесте мертігудің түріне қарай төмендегіше мүліктей құн төленсін: а) біреудің көзін шығарған кісі айыпқа қызын береді, ал қызы жоқ болса қыздың қалың малын береді.  ә) төрт мүшенің бірін мертіктірген кісі айыпқа ат береді.
7-жарғы. Ұрланған жылқы, өзге де құнды мүлік үшін он есе артық айып төленсін.          

Аталған заң жүйесі қазақ халқының өмірлік мәселелерін барлық жағынан қамтыды, соның нәтижесінде Тәуке ханның билік еткен тұсы Қазақ хандығының барынша күшейіп, дәуірлеген кезі болды. «Жеті жарғыдан» кейін арнайы атаулы заң жүйесі жасалмағандықтан және «Жеті жарғының» өзі талап-тілекті қанағаттандырарлық деңгейде болғандықтан, оның көптеген жол-жобалары мен қағидалары ХХ ғасырдың басына дейін қолданылып келді. Айтылғандардың барлығы Әз-Тәукенің «Жеті жарғысы» – дала демократиясының озық үлгісі, мемлекеттік құқық пен сот билігінің алтын арқауы болғанының дәлелі екені даусыз.                                                                                                      

Ата-бабаларымыз «Еліңнің болашағы көркем болсын десең, балаңды азамат қыл» деп бекер айтпаған. Қандай дамыған ел болса да, егер олардың жастарының дамуы мен тәрбиесі дұрыс арнада, дұрыс бағытта жүргізілмесе, сол мемлекеттің болашағы жоқ деп айтуға болады. Сондықтан елдің мемле­кеттік бірінші ұстанатын саяси қағидасы: «Ел болашағы – жастардың қолында». Бұл қағида біздің елімізде де өз бейнесін тауып, іс жүзінде жүзеге асырылуда. Жүздеген жылдар бойы қалыптасып, жетілдіріліп, дамытылып, ұрпақтан-ұрпаққа жеткен «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», «Жеті жарғы» Қазақстан Республикасының Конституциясымен сабақтасып жатқандай. Міне, осылайша  Отанымыздың түп қазығы – Ата Заңымыз мемлекетіміз бен халқымыздың тұрақты дамуына, экономикамыздың өркендеуіне, өркениетті ел ретінде танылуымызға, дамыған елдермен теке тіресуімізге кепіл болатынына сеніміміз мол. Сол үшін де оны ардақтап, құрметтеу – баршамыздың парызымыз.

 

Е. Ештай 

Теолог маман                                                                                        

 

0 пікір