Елбасымыз Қазақстан халқына арнаған дәстүрлі Жолдауында «Сыбайлас жемқорлық қоғамға, мемлекеттің конституциялық негізіне қауіп төндіреді, сондықтан онымен күрес жүргізу — жалпы ұлттық міндет», - деген болатын. Сыбайлас жемқорлықтың мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін едәуір төмендететіні, қоғамда демократиялық қайта құруларды жүзеге асыруды тежейтіні, елдің халықаралық беделіне көлеңке түсіретіні белгілі. Ең бастысы - адамдардың қоғамның демократиялық негізіне деген сеніміне, заң мен әділдікке деген сеніміне, түптеп келгенде, билікке деген сеніміне кері әсер ететіні хақ.
Сыбайлас жемқорлық сөзі латынша сөздікте «corrumpere» – «бұзықтыққа жетелеу» деген мағынаға келеді. Яғни, лауазымды тұлғаның өзінің құзыретін, оған сеніп тапсырылған құқықтарын заңнама мен моральді белгілерге қарама-қайшы келетін өзінің пайдасы үшін пайдалануды білдіретін термин.
Жемқорлықпен айналысатын адам өзіне міндеттелген қызметті дұрыс орындамай, оны жеке басының табысы үшін пайдаланады. Қоғамның дамуын тежеп, оны арам дүние табуға жұмсайды.
Орта ғасырларда «сыбайлас жемқорлық» түсінігі ең алдымен қызығу, шайтанның азғыруы дегенді білдірген. Жаңа уақыттың басталуы, Еуропада орталықтандырылған мемлекеттердің пайда болуы сыбайлас жемқорлықтың жаңа түсінігінің дамуына септігін тигізді. Сыбайлас жемқорлық қоғамдық күрделі мәселе, қоғамның «ауру» белгісі ретінде қабылдана бастады. Жемқорлық ұғымы заманауи құқықтық сөздік қолданысында кеңінен қолданылады және терең тарихи тамыры бар. Жемқорлықтың қарапайым түсінігі - лауазымды тұлғалар, қоғамдық және саяси қайраткерлер мен мемлекеттік шенеуніктердің өз қызметтерінде сараңдық мен сатқындық танытуы.
Қазақстанның заң ғылымында сыбайлас жемқорлықтың даму тарихынан қазақ даласы территориясындағы рулық қауымдастықта қабылданған әдеттегі құқық нормалары көбінесе көшпенді мәдениет қағидаларымен белгіленген дәстүрлермен алдын-ала анықталғаны белгілі. Өз кезегінде Моңғол хандығының қоғамдық-мемлекеттік құрылымының ережесі көшпенді өркениеттің процесіне ерекше ықпал жасады. Қазіргі таңда мемлекет тарапынан жемқорлыққа қарсы күрес мақсатында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Қазақстан бұрынғы Кеңестер Одағы кеңістігінде алғаш рет «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заң қабылдады, бұл заң жобасы арқылы жемқорлыққа қарсы күрестің негізі принциптерін анықтап, жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылықтардың және оған байланысты жауапкершіліктің артылуының түрлері анықталды.
БҰҰ-ның 2003 жылғы жемқорлыққа қарсы Конвенциясында келесі негізгі жағдайлар жазылған: «Заңсыз жеке байлық жинау демократиялық институттарға, ұлттық экономикаға және заңдылыққа орны толмас зиянға ұшырататынына көзіміз жете отырып, жемқорлықтың алдын-алу және оны тамырымен жою – бұл барлық мемлекеттердің міндеті екенін ескере отырып, оларды осы сұрақты шешуде жұмсаған өздерінің еңбектерін біріктіруге, қоғамдық бөліктен басқа жеке тұлғаларды, мемлекеттік емес ұйымдарды да қатыстыра отырып шешуге шақырамыз.
Қоғамдық істер мен қоғамдық мүлікті басқару принципін, заң алдында барлығының тең, жауапты екенін, әділеттіліктің болу керегін, тазалық пен сатылмайтындықты қамтамасыз ету қажет екенін ескере отырып, жемқорлықта қабылдамайтын мәдениет қалыптасуына көмектесуге үгіттейміз».
2008 жылдың 4-мамырында Қазақстан Республикасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы БҰҰ-ның Конвенциясына қол қойды. Бұл халықаралық шартқа кіру кезінде, қылмыстық қудалаудан шет елдерде қашып жүрген тұлғаларды беруде және заңсыз иеленген мүліктерді қайтаруда мүмкіндіктерді кеңейтті. Қазақстан Республикасы Президентімен 2009 жылдың 22 сәуірінде қабылданған «Қылмыспен және сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту бойынша және ҚР-да құқық қорғау қызметінің әрі қарай дамуына қосымша шаралар туралы» Жарлық сыбайлас жемқорлықпен жүйелі күресті дәлелдеді және ұлттық сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы күшейтті.
Қазақстандағы сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу жүйесін қалыптастырудың бірінші кезеңін Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 1997 жылдың 21 қазанындағы «Қазақстан Республикасының жоғарғы тәрбиелік кеңесі туралы» Жарғысын шығарған уақыттан бастап есептеген дұрыс.
Біздің мемлекетіміз ТМД елдері арасында бірінші болып сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекеттің негізгі қағидаларын анықтайтын, сыбайлас жемқорлықпен байланысты құқық бұзушылықтың түрін, сондай-ақ жауапкершіліктің басталу жағдайын белгілейтін «Сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы» Заң қабылдады. Сол 1998 жылы құрылған мемлекеттік қызмет істері жөніндегі ҚР Агенттігінің бірінші қадамы «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңының жаңа редакциясын шығару болды.
Жоғарыда көрсетілген сыбайлас жемқорлық – қылмыстық заңмен көрсетілген, субъектісі лауазымды тұлға болып саналатын, өзінің лауазымдық өкілеттігін пайдакүнемдік мақсатта, жеке бас пайдасына жасалатын қоғамның дамуына кері әсер ететін өте қауіпті әрекет.
Мемлекеттік қызмет мүддесіне қарсы қылмыстар осы сыбайлас жемқорлықпен жасалатын қылмыстың ең қауіпті түрі.
Сонымен барлық заңдылықтарға байланысты жемқор кісілер негізінен өздеріне орасан зарар келтіреді. Олардың заңсыз іс-әрекеттерінен оларға тәуелді кісілер зиян шегеді және олар қызмет еткен мемлекетке орны толмас рухани және заттай шығын келеді. Заттай шығынды заң арқасында белгілі бір мөлшерге дейін қайтарып алуға болады. Ал, олардың зұлымдығынан қоғамға тиген рухани зиянкестігінің орнын толтыру кейде мүмкін болмай жатады. Ең сорақысы жемқор кісілердің заңға қайшы іс-әрекеттері нәтижесінде адамдардың мемлекеттік басқаруға деген сенімі жойылып, көптеген келеңсіз жағдайлардың тууына себеп болады.
Кейбір елдердегі сыбайлас жемқорлықпен күрестің талдамасы заң алдында барлық азаматтар теңдей деген принциптер мен қылмыстық жауапкершілікке тартудың нақты практикасы арасында алшақтық бар екендігін көрсетті, қылмыстық-құқықтық бақылаудың билікті – байлықты қылмыскерлерден олар басқарып отырған қарапайым халыққа қарай ауысқанын көріп отырмыз. Мұндай ауытқудың мөлшері елдегі ұлттық екіжүзділіктің деңгейін көрсетеді. Сыбайлас жемқорлық, оның көлемі, ерекшелігі мен динамикасы – елдегі жалпы саяси, әлеуметтік және экономикалық мәселелердің салдары. Ел жаңару кезеңін бастан кешіріп отырған кезде экономикалық негіздерінің өзгергендігінің салдары.
Мемлекет рухани және қаржы тапшылығын көріп отырғанда сыбайлас жемқорлықтың күшеюі мемлекеттік билік институттарын одан әрі әлсіретеді, азаматтардың оларға сенімін азайтады. Халықта әлеуметтік енжарлық қалыптасады, қоғамда агрессивтік қылықтар пайда болады. Қазіргі дағдарыс –халық пен билік арасындағы қатынас дағдарысы.
Нарықтық экономиканың тиімділігі төмендеуде, демократиялық институттар күйреуде, нәтижесінде ел мен қоғамға көптеген зиян келуде. Халықтың басым көпшілігі кедейліктің тауқыметін тартып отыр, қоғамда наразылық күшеюде. Елдің тұтастығына, конституциялық негізіне қауіп төнуде. Қорыта келгенде, сыбайлас жемқорлық елдің ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіріп тұрған үлкен мәселеге айналды.
Соңғы кездердегі бақылауларға сүйене отырып, біз Қазақстанда белгілі бір заңдылықтың қалыптасқанына көзіміз жетті. Бұқаралық ақпарат құралдарына, жұртшылық арасында бір нақты шенеуніктің сыбайлас жемқорлығы жайында әңгіме тарап, оны құқық қорғау органдары тексере бастаса болды, қоғам пікірін өзіне аударарлықтай басқа бір оқиға шыға келеді.
Мемлекеттік органдардың басшылары сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөнінде шаралар қолданбағаны үшін оларға сот әкімшілік тәртіппен айыппұл салуға құқылы. Қоғамымыздың індеті, сыбайлас жемқорлықпен күресу тек жеке адамдардың немесе жекелеген топтардың ғана емес, мемлекеттік органдардың, үкіметтің, жалпы қоғамның басты міндеті мен борышы. Осыны адал орындау үшін әрбір лауазым иесі өзінің жан дүниесін ұдайы таза ұстауы қажет. Тек сонда ғана оларға қарапайым халықтың сенімі артып, қоғам түзелер еді.
Сыбайлас жемқорлықпен күресте көп нәрсе бүкіл қоғамның белсене атсалысуына байланысты. Әлеуметтік желінің, өзге де медиа-ресурстардың дамуы жағдайында, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекет барысында оны жалпы жұртшылықтың жек көруі сыбайлас жемқорлықпен күрестің қуатты құралына айналуға тиіс.
Р.Жүнісова, облыстық дін істері
басқармасы басшысының
міндетін атқарушы