Діни қызметтің жауапкершілігі
Діни қызметтің жауапкершілігі
23.08.2023
962
0

Қазақстан Республикасы Конституцияның 1-бабында өзін демократиялық, зайырлы мемлекет ретінде орнықтыратыны көрініс тапқан. Сонымен бірге Ата Заңымыз әрбір адамның діни сенім бостандығына кепілдік береді және конфессиялық, этникалық және басқа да белгілері бойынша кемсітушіліктің кез келген түріне тыйым салады. Ал жер бетіндегі 75 мемлекетте дін республиканың ресми бөлігі болып табылады.

Қазақстанда да әлемнің көптеген елдері сияқты адамдар өздері ұстанған дінді тек ұстанып қана қоймай, оны насихаттауға да мүмкіндік бар. Дегенмен дін саласындағы мәселелерді мемлекет қадағалап отырады.

Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңына сәйкес діни қызметпен айналысудың өзіндік шарттары мен талаптары бар.

Дін – жауапкершілігі өте ауыр, бірақ өте нәзік сала. Осы саланы қадағалайтын арнайы органдар, жергілікті атқарушы билік өкілдері бар.

Уәкілетті орган дегеніміз – діни қызмет саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган.

Діни бірлестік – Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың өз мүдделерінің ортақтығы негізінде діни қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген тәртіппен біріккен ерікті бірлестігі;

Қазақстан Республикасында ресми түрде 18 конфессияны қамтитын 3932 діни бірлестік тіркелген: 2790 - исламдық, 345 - православие, 93 - католик, 588 - протестант, 61 - Ехоба куәгерлері, 24 - Жаңаапостолдық шіркеу, 13 - Кришна санасы қоғамы, 7 - иудаизм, 6 - бахаи, 2 - буддизм, 2 - соңғы күнгі әулиелер Иса Мәсіхтің шіркеуі (мормондар), 1 - муниттер.

Діни қызмет дегеніміз – діндарлардың діни қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған қызмет. Міне осы жоғарыда келтірілген діни бірлестіктер ғана біздің елімізде дінді насихаттап, діни қызметпен айналысуларына болады. Дегенмен де оларға да біршама шектеулер бар. Мысалы, жоғарыда айтылған кез-келген діни бірлестік өзіне берілген территорияларда, яғни құлшылық ету ғимараттарында ғана дінді насихаттаумен, уағыздаумен айналыса алады. Ал одан тыс жерлерде дінді насихаттау, тарату оқиғалары кездессе, оларға көзделген жауапкершілік бар. Елімізде тіркелмей, көзсіз уағыз-насихат жасап, дін таратқан Таблиғи-Жамағат деген сияқты кейбір ұйымдардың қызметіне соттың шешімімен тыйым салынды.

Миссионерлік қызмет – Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың дінге үндеу мақсатында Қазақстан Республикасының аумағында діни ілімді таратуға бағытталған қызметі.

Бүгінгі таңда интернет өте үлкен әлеуметтік күшке айналып отыр. Осы интернет және әлеуметтік желілер арқылы жат ағымдар жалған діни ұстанымды жастарға насихаттап жүр. Сананы улайтын, теріс пиғылды адамдардың арбауына жастар түсіп, зардабын көруде. Жастар түрлі сайттарға кіріп, әр түрлі парақшаларға тіркеліп, сол оқыған нәрсесін дұрыс деп санап, қоғамннан да сол нәрсені талап етеді. Ғаламтордың осындай жетістігі мен қолжетімділігін дәстүрлі емес діни ағымдар да өз пайдаларына тиімді қолдануда. Олардың қызметі өздерінің идеологиясын белсенді түрде насихаттауға, жаңа мүшелерді өз қатарларына тартуға, жақтастарын теориялық және практикалық тұрғыдан оқытуға және өздеріне қарсы шыққан желі қолданушыларына қарсы ақпараттық күрес жүргізуге бағытталады. Шетелдерде отырған діни «шейхтар» Қазақстан заңдарына сәйкес келмейтін «насихат» айтып, оны әлеуметтік желі арқылы көрген және таратқан жастар улы уағыздың шырмауынан шыға алмай қалады. Ал оны тарату, әлеуметтік желілердегі парақшаларға қою кейде қылмыстық жауапкершілікке де алып келіп жатыр.

Діни экстремистік әрекеттердiң белгілерін және (немесе) оны жүзеге асыруға шақыруды қамтитын не оларды жасау қажеттігін негiздейтiн немесе ақтайтын кез келген ақпараттық материалдар діни экстремистiк сипаттағы материалдар болып табылады және ол «Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңы шеңберінде қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Сондықтан, діни мәліметті, қажетті пәтуаны іздеген әрбір азамат мүмкіндігінше шетелдік ғаламтор сайттарын пайдаланбауға тырысып, Дін істері комитетінің жобасы аясында жұмыс істейтін kaz-islam.kz, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми сайты muftyat.kz және онымен серіктес fatua.kz, azan.kz, muslim.kz, ummet.kz және т.б. секілді еліміздегі сенімді сайттарға жүгінген жөн.

Дегенмен заңға сәйкес заңды діни қызметке кедергі келтіруге, жеке тұлғалардың дінге көзқарасы себептері бойынша азаматтық құқықтарының бұзылуына немесе олардың діни сезімдерін қорлауға, қандай да бір дiндi ұстанушылар қастерлейтін заттарды, құрылыстар мен орындарды бүлдіруге жол берілмейді.

Дінге деген қызығушылық діни атрибутикалық заттарды пайдалану мен сатуды арттырып отыр. Кейбір кәсіпкерлер діни заттар мен кітаптарды сату үшін арнайы рұқсатнаманың қажет екендігін ескере бермейді немесе жай ғана білмейді. Бірақ діни заттар мен кітаптар сату үшін жергілікті уәкілетті органның рұқсаты қажет. Ол сатып жатқан кітап Дін істері комитетінің рұқсат етілген материал болғанымен, оны сату үшін жергілікті атқарушы органдардың рұқсатымен ғана жүзеге асырылады. Біздің өңірімізде осындай кейбір жәйттерді назарға алмай әкімшілік шаралар көрілген кәсіпкерлер де бар.

Сондықтан діни қызметпен айналысуды, жалпы дінді насихаттауды тек заңды түрде тіркелген діни бірлестіктер мен олардың өкілдері ғана белгілі бір шектеулермен жүзеге асыратынын естен шығармауымыз керек.

 

 

Түркістан облысы дін істері басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ

теолог маманы                                                                                              Б.Өтеген

0 пікір