Қазақстан Республикасы дінге қатысты саясатты зайырлы, яғни діни және мемлекеттік қатынастарды бір-бірінен бөлу принципіне негіздеп жүргізеді. Бұл, әсіресе, еліміздегі көпэтникалық және көпконфессиялы қоғамның тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін өте маңызды. Дін саласындағы құқықтық сауаттылықтың артуы – азаматтардың өз құқықтарын тиімді қорғауға, қоғамдық өмірде ұлтаралық және дінаралық келісімді сақтауға мүмкіндік береді. Осы мақалада дін саласындағы құқықтық сауаттылықтың мәні, оның маңызы, мәселелері мен болашағы қарастырылады.
Дін саласындағы құқықтық сауаттылық – азаматтардың дінге қатысты құқықтары мен міндеттерін түсіну және сол құқықтарды заң аясында қорғау қабілеті. Бұл сауаттылық азаматтардың өз құқықтарын қорғауға ғана емес, сонымен қатар қоғамда діни төзімділік пен гармония орнатуға да септігін тигізеді. Дін саласындағы құқықтық сауаттылықтың жоғары болуы – азаматтардың діни сенімін, оның жүзеге асырылуын шектеу немесе бұзушылықтарға жол бермеуге мүмкіндік береді.
Қазақстан Республикасының Конституциясында дін еркіндігі қамтамасыз етілген және дін мен мемлекет арасындағы өзара қатынас зайырлы сипатта болуға тиіс екені айқындалған. Алайда, бұл құқықтар заңды түрде шектелген немесе реттелген жағдайда ғана іске асуы мүмкін. Осыған орай, дін саласындағы құқықтық сауаттылықты арттыру өте маңызды.
Қазақстанда дін саласындағы құқықтық мәселелердің басты бөлігі діни сенімдер мен құқықтардың бір-біріне қайшы келмеуін қамтамасыз ету болып табылады. Бұл ретте, Қазақстан Республикасының заңнамасы дін саласында құқықтық қатынастарды реттейтін бірнеше маңызды аспектілерге назар аударады.
Қазақстан Республикасының Конституциясының 19-бабы бойынша, әркім өзінің қай ұлтқа, қай партияға және қай дінге жататынын өзі анықтауға және оны көрсету-көрсетпеуге хақылы. Бірақ бұл құқық басқа адамдардың құқықтарын бұзбауы тиіс. Осы тұрғыда, діни экстремизм мен радикализмнің алдын алу мақсатында мемлекет белгілі бір шектеулер енгізеді. Мысалы, діни ағымдардың әрекеттері заңға қайшы болса, оларды тоқтату мүмкіндігі бар.
Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» 2011 жылғы 11 қазандағы заңы діни бірлестіктердің қызметін реттейді. Бұл заңда діни ұйымдардың тіркелуі, діни білім беру, миссионерлік қызмет және басқа да мәселелерге қатысты нақты талаптар көрсетілген. Діни қызметтің заңды әрі қауіпсіз болуын қамтамасыз ету үшін мемлекет діни ұйымдардың қаржылық және қоғамдық қызметін бақылап отырады.
Қазақстанда діни оқу орындары діни білім беру жүйесінде маңызды рөл атқарады. Қазақстанда 9 арнайы діни медресе колледждер мен 7 діни білім беретін жоғарғы оқу орындары бар. Алайда, бұл оқу орындарының жұмысына мемлекеттік бақылау мен реттеу қажеттілігі туындайды. Білім беру саласындағы заңдар мен нормалар діни білімді тексеру, мониторинг жүргізу және осы білімнің қоғамға тигізетін әсерін қадағалау мәселелеріне қатысты нақты ережелерді бекітеді.
Сонымен қатар, діни оқу орындарының негізінде діни экстремизмге қарсы жұмыстар жүргізілуі керек. Мұндай оқу орындары ешқандай зиянды ілімдерді таратуға және жастарды радикалды бағыттарға жетелеуге жол бермеуі тиіс. Бұл мәселе Қазақстан үшін өте өзекті, себебі түрлі діни ағымдардың өкілдері қоғамды тұрақсыздандыруға ұмтылып, кейде құқық бұзушылықтарға әкеп соғуы мүмкін.
Дін саласындағы құқықтық сауаттылық жоғары болған жағдайда, азаматтар өз құқықтарын толықтай пайдалана отырып, басқа адамдардың құқықтарын бұзбайды. Бұл ұлтаралық және дінаралық келісімнің сақталуына мүмкіндік береді. Қазақстан сияқты көпұлтты және көпконфессиялы мемлекет үшін бұл өте маңызды. Дін саласындағы құқықтық сауаттылық қақтығыстар мен түсінбеушіліктерді алдын алуға, қоғамдағы бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге көмектеседі.
Діни экстремизм мен радикализмнің таралуын тоқтату үшін, азаматтар арасында дін саласындағы құқықтық сауаттылықты арттыру қажет. Бұл әсіресе жастар арасында маңызды, себебі радикалдық идеологиялардың әсеріне ұшырау қаупі көбейіп отыр. Дін саласындағы құқықтық сауаттылық жастарды дұрыс бағытқа жетелеп, оларды радикалды ағымдардың ықпалынан қорғауға мүмкіндік береді.
Құқықтық сауаттылықтың жоғары деңгейі діни құқық бұзушылықтардың алдын алады. Діни саласындағы құқықтық сауаттылықты арттыру арқылы адамдар өздерінің құқықтарын қорғап, заңды бұзушылықтарға қарсы тұра алады. Сонымен қатар, діни құқықтық сауаттылық мемлекеттік органдардың діни қызметті бақылау мен реттеуде тиімділігін арттыруға ықпал етеді.
Дін саласындағы құқықтық сауаттылықты арттыру үшін бірнеше шараларды жүзеге асыру қажет:
Заңдарды түсіндіру жұмыстарына сүйенсек мемлекет діни қызметке қатысты заңдарды халыққа түсіндіру мақсатында түрлі ақпараттық компаниялар жүргізуі керек. Бұл әсіресе ауылдық жерлерде және діни тұрғыда әлсіз білім алған азаматтар үшін өте маңызды.
Білім беру бағдарламаларын енгізу бойынша мектептерде және жоғары оқу орындарында дін мен заңның байланысы туралы білім беру курстарын енгізу қажет. Бұл азаматтарға өздерінің құқықтарын қорғау жолдарын көрсетеді.
Қорытындылай келе дін саласындағы құқықтық сауаттылық азаматтардың өз құқықтарын тиімді қорғауға мүмкіндік береді, сонымен қатар қоғамда діни төзімділік пен келісімді орнатуға көмектеседі. Қазақстан үшін бұл өте маңызды мәселе, себебі еліміздегі көпэтникалық және көпконфессиялы құрылым көптеген діни және мәдени ерекшеліктерді біріктіреді. Сондықтан, дін саласындағы құқықтық сауаттылықты арттыру, заңдарды түсіндіру және олардың сақталуын бақылау қоғамның тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі шарты болып табылады.
Ұ.Тұрсын
Заңгер маман
Дін саласындағы құқықтық сауаттылық