Қыз емес, қыздың аты – қызыл алтын,
Көрінер толған айдай жүзі жарқын.
Үлкеннің алдын орап сөз сөйлемес,
Халқының сақтай білген ізгі салтын,- деп халқымыз қыз туралы жырлаған екен.
Қазіргі күні аруларымыздың тарапынан «Қазіргі кезеңде қазақ қызы қандай болуы қажет? Не нәрсеге басымдық бергені жөн?» деген сұрақ көбеймесе азайған емес. Менің ойымша:
Бірінші, қыз бала рухани биік болуы керек. Неге? Ашуыңды келтіретін, жүйкеңе тиетін, қызықтыратын, қинайтын, сенің өміріңе кедергі келтіргісі келетін әртүрлі кезеңдер, адамдар, оқиғалар болады. Сондықтан тұлға рухани мықты болуы қажет.
Екінші кезекті, қазіргі заманның аруы жан-жақты болуы тиіс. Көзі ашық, көкірегі ояу.
Үшінші кезекте, қайда кетіп бара жатқанын сезетіндей сергек болуы тиіс. Егер қыз бала болса, ата-анасымен байланыстың жібін білетіндей, ал келін болса, жарының махаббатын қалай жаулай алатынын сезетіндей болғаны жөн. Егер ана болса, ұл-қызынан көз жазып қалмауды аңғара алатын, мұқият, қырандай қырағы болуы керек деп ойлаймын.
Рухани мәселеге келетін болсақ, қазір небір коучтар, уағыздар әлеуметтік желіде толып тұр. Ютубты ашсаң да, инстаграмды ашсаң да. Бірақ оның қайсысы саған жанашыр? Немесе қайсысы саған дәл керек сөзді айтып жатыр? Немесе дәл қазір сен оны түсіне алатындай ахуалдасың ба? Осы нәрсе маңызды. Сол себептен рухани бай болу үшін сіз өзіңізге қажетті, өзіңіз тыңдай алатын, сізге ықыласпен ақпарат жеткізе алатын ұстаздарыңызды адаспай табуыңыз керек. Рухани биік болмаған адам ол қай уақытта да уақытша құбылыстарға алданып, өмірдегі уақытша сынақтарда сынып кетіп жатады. Демек, қазіргі заманның аруы бірінші кезекте рухани кемел болуы қажет.
Неге? Қазір сан түрлі оқиғалар мен құбылыстар күн сайын өзгеріп жатқан уақыт. Бұрын он жылда өтетін оқиғалар қазір бір жылда өтіп кетіп жатыр. Бір жылда болатын психологиялық толқындар бір күннің ішінде өтуде.
Бүгінгі қыз бала ертеңгі ұлттың анасы екені айтпаса да түсінікті. Тұмар патшайымнан бастап, Бопай ханшайымға дейінгі батыр аналарымыз елдің ертеңі үшін күресті. Ал екінші дүниежүзілік соғыстың оты тұтанған сәтте Мәншүк пен Әлия сынды жүздеген жауынгер қыздар майданға аттанды. Осындай батыр аналарымыздың ізін қазақтан шыққан тұңғыш әйел-генерал Сәуле Айтпаева жалғастырды. Бұл кісілерден алынар өнеге мен тәлім қандай болмақ? Әрине, «Отан үшін отқа түс күймейсің, арың үшін алыссаң өлмейсің»,- деген мақалдың түп тамырынан сұрағымыздың жауабын тапқандай боламыз.
Ақыл да анадан дариды, дана да әйелден туады. Қыз бала тәрбиесін ұрпақ тәрбиесі деп қарағанымыз жөн. Бүгінгі қазақ қыздары – ертеңгі еріне адал жар, перзенттерінің салиқалы анасы. Олардың бойында өнегелі тәрбие болғанын қалайтынымыз белгілі. Десе де бүгінгі күні заман талабына сай тұлғаны қалыптастырудың өлшемдері басқаша. Уақыт ағымына қарай құндылықтар да өзгеріп барады.
Қазақ халқы қай кезеңде болмасын қыз баланың тәрбиесіне жете мән берген. Ол – мәдениеттілікті идеалға бағдарлау арқылы, яғни, халыққа сыйлы адамдардың өнегелі ісін, рухани адамгершілік мәдениетін, беделі мен мінез-құлқын, білімі мен қабілетіне, қарым-қатынас мәдениетін үлгі ету арқылы қалыптастырған. Идеалды күнделікті өмірге қажетті басты бағдардың бірі деп есептеген. Мысалы, «Қозы Көрпеш, Баян сұлу», «Айман-Шолпан», «Қыз Жібек» жырлары арқылы халық қазақ қыздарының рухани адамгершілікті бейнесін, моральдық келбетін, мінез-құлқын, жүріс-тұрысын, киім киісін, өзара қарым-қатынасын өнеге етсе, Домалақ ана туралы аңызда қазақ әйелдеріне тән даналықты, ұстамдылықты, сезімталдықты, тапқырлықты үлгі тұтуға шақырған.
Қорыта келгенде, біз – қазақ қызымыз! Шежіреміз шырайлы, тәрбиеміз тәлімді. Әке тәрбиесін алып, ана мейірімділігін көрген халықпыз, уақыт қанша өзгерсе де, бойымызда қалыптасқан қанымызға сіңген ибалылық мінезіміз өзгермес! Тарихымыз терең, дініміз берік, салтымыз сақталған заманда қазақилығымызды жоғалта қоймаспыз!
Айдана Борибекова
Теолог маман
Заманауи қазақ қызының бейнесі