Ынтымақ түбі – береке
Ынтымақ түбі – береке
17.05.2024
251
0

  Ынтымақ түбі - береке. Иә, ауызбіршілік пен түсіністік, қарапайым сыйластық үстемдік құрған жерлерге қашанда нәтижелі істердің үйір болатыны белгілі. Біздің елімізде қалыптасқан ұлттар тұтастығы мен халықтар достығының арқасында бүгінде мемлекетіміз өркендеп, ілгері басып келеді. Біздің мемлекетіміздің басты жетістігі еліміздің халықтарының ұлтаралық және конфессияаралық келісімі, өзара түсіністігі мен сыйластығы болып саналады. Қазіргі таңда елімізді мекендеген 130-дан астам ұлт пен ұлыстардың өкілдері тату-тәтті өмір сүріп келеді. Осындай бірлік пен достықтың арқасында Қазақстан әлем алдында беделді елге айналды.

       Қазақстанның көпұлтты халқының татулығы, ынтымақтастығы, бейбітшілігі – біздің  еліміздің баға жетпес байлығы.  Қазақстан тарихының едәуір бөлігі – оны мекендейтін халықтардың этностық және мәдени өзара іс-қимылдарының тарихы. Әлемдік тарихта әртүрлі ұлт өкілдерінің бір жерде, бір елде бірлесіп өмір сүруі – әсте де тың құбылыс емес. Бұл ретте, Қазақстанның көпұлттылығы ғасырларға созылып, уақыттардан жалғасын тауып, сабақтасып келеді. Кез келген елдің тілегі де, арманы да халқының бейбітшілігі мен бірлігін сақтау екені сөзсіз. Өйткені, бейбіт өмір – бақыт, береке, бірлік әкелумен қатар болашаққа өрлеу мен өркендеуге жол ашады. Қай заманда болмасын ел ішіндегі береке-бірлік, көршімен татулық ең маңызды рөлге ие болады. Өйткені, жер бетіндегі өзара келіспеушілік пен дүрдараздықтар белгілі бір мемлекеттің шаңырағының шайқалуына, ел іргесінің сөгілуіне әсерін тигізбей қоймайды.

       Береке сөзі араб тілінен аударғанда «иләһи құдірет» деген мағына береді. Шариғатта ғалымдар бұл сөзді «Алланың құпиясы» деп түсіндіреді. Береке – арту, көбею дегенді білдіреді. Мал-мүліктің көбеюі, үйдің ішінде тыныштықтың орнауы, ас-ауқаттың мол болуы, отбасы мүшелерінің көптігі әрі көркем мінезді болуы, уақыттың берекелі болуы, денсаулықтың мықты болуы, өмірдің ұзақ әрі сауапты амалдарға толы болуы, білімнің пайдалы болуы – берекенің артқанының белгісі.

        Берекені бетке ұстаған басы бір ел болу үшін мемлекетке татулық қажет. Мемлекет отбасыдан құралады. Әр отбасы өз ішінде ынтымағы жарасқан татулық сақтаса, еліміз де байы кедейіне қарасқан, дамыған мемлекетке айналары хақ.

        Халқымыз қай заманда болмасын отбасы дәстүрін берік ұстанып, қадірлей білген. «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» біздің қанымызға сіңген қасиет. Әрбір азаматтың  адамгершілік болмысын қалыптасуына отбасындағы ахуал айрықша әсер етеді. Әке-шешесінің, ата-әжесінің тәрбиесін көріп, үлкендерден тағылым алып өскен бала есейгенде отаншыл, білімпаз, еңбекқор азаматқа айналады. Берекелі әрі бақытты отбасы қуатты елдің тірегі. Сондықтан мемлекет әр шаңырақтың әл-ауқатын арттырып, әр азаматтың өсіп өркендеуі үшін барлық жағдайды жасап келеді.

       Өз туған-туыстарымызға қырғи-қабақ көрсетіп, араласпай жүретін болсақ, өзге кісілермен тым жақын араласып, тату болғанымыздан пайда жоқ. Балапан ұясында мейірімділікпен, қамқорлықпен сусындап өссе, одан қатігез, қайырымсыз кісі шығуы мүмкін емес. «Дастарқан дарқанды болса, үй іші де шырайлы, бала-шаға да шат-шадыман» деген Бердібек Соқпақбаев.

       Әр адам өз отбасындағы береке-бірлікті басшылыққа алса, мемлекет те ризықты, табысты болады. Мемлекетіміздің мықшегедей мықты, кемірілмес күшті болуы – жастардың қолында. Қазақстан жастары «Ырыс алды – ынтымақ» сөзін әрдайым жадында жаттап, Мағжан артқан сенімді ақтайды!

 

Н.Сайлауов

Теолог маман 

      

  

0 пікір