Үммет туралы таным
Үммет туралы таным
16.03.2018
2059
0

   Бейбітшілікке бастар жоралы жолдың ең басты кепілі мен кесек факторы - елдің ынтымағы мен бірлігі болса керек. Жарасты ынтымақ, ұйыған бірлік болған жерде ғана бейбітшілік туралы айтуға болады. Шын мәнінде мүмин жүректердің бір-біріне қатқан үнінің, өзара үндес те үйлесімді тұтастығының қоғамдық қатынастар мен қауымдардың ара қатынасына ықпалы зор. Осы үндестік тапқан ұғым, түсініктер араларындағы бірліктің бәрінің де үйлестірушісі Алла тағаланың қалауымен ғана жүзеге асатынын Құран Кәрімнің мына бір аятынан көруге болады:  «Ол мүминдердің жүректерін қосты. Егер сен, жер жүзіндегі нәрселерді тұтас сарып қылсаң да олардың жүректерін қоса алмас едің. Бірақ Алла, олардың араларын біріктірді. Расында Ол, өте үстем, аса дана» (Әнфал сүресі, 8/63 - аят).
   Шындығында игі мұсылманды ынтымақ-бірлікке шақыратын келесі бір аят былай келеді: «Алла тартқан желіден (Құраннан) бекем ұстап, айырылмаңдар. Алланың өздеріңе жасаған рахымын еске алыңдар. Сендер өзара жау едіңдер, ол сендердің жүректеріңді жақындатты. Оның игілігімен туысқа айналдыңдар...» (Әли-Имран сүресі, 3/103 - аят). Асқан даналықтың өлшемі болып табылған Құран Кәрім айна қатесіз ақиқатқа құрылған. Өйткені біздер Алланың игілігімен ғана өзара жақындасып, туыстық қарым-қатынасқа иек артатынымыз жасырын емес. Ал енді жоқ жерден жікке бөлініп, зор алауыздыққа барғандардың ауыр азапқа душар болатындығы Құран Кәрімнің мына аятында келеді: «Анық дәлелдер келген соң жікке бөлініп, алауыздық туғызатындар болса, олар ауыр азапқа душар етіледі» (Әли-Имран сүресі, 3/103-105 - аяттар). Құран Кәрім жанжалдасуға былайша тосқауыл қояды: «Аллаға әрі Елшісіне бой ұсыныңдар, өзара жанжалдаспаңдар, әйтпесе әлсірейсіңдер, бойларыңнан күш-қуат кетеді. Сабырлы болыңдар. Расында Алла сабырлылармен бірге» (Әнфал сүресі, 8/46 - аят). Құран Кәрімнің келесі бір аятында дінді жік-жік етіп, ағымға бөлінбеу керектігін былай ескертеді: «Ақиқатында діндерін жік-жік етіп, ағымдарға бөлінгендерге сенің ешқандай қатысың жоқ. Шын мәнінде олардың ісі Аллада. Кейін Алла оларға не істегендерінің хабарын береді» (Әнғам сүресі, 6/159 - аят).
   Міне, Құран Кәрім аяттары ынтымақ-бірлікке шақырып, бөлінуден сақтандырып тұрса да бүгінгі күні мұсылмандар жік-жікке бөлініп, бір-біріне деген сыйластығы, мейірімі жоғалып барады. Оларға мұсылмандар неге бірікпейді, VІІ ғасырда қырық пышақ болып қырқысып, бір-біріне ата жауға айналып үлгерген араб тайпаларының басын біріктірген Алланың жіберген Ислам діні емес пе? деп көлденең сауал қойсаң, бірігу деген ойдың жансақ екенін алға тартады. Тіпті бұл мүмкін емес дейді де сөзін мына бір хадиспен қуаттап қояды. Пайғамбарымыз (с.а.у.) мұсылмандардың түрлі ағымдарға бөлінетіндігін айтып кеткен: «Яхудилер 71 топқа, христиандар 72 топқа, үмметім де 73 топқа бөлінеді. Осы 73 топтың ішіндегі біреуі ғана жәннәтқа барады, қалған 72-сі тозақтық болады», деп ескерткен болатын. Осы тұста екі дүниеміз үшін аса мән беретін жәйт; сахабалардың бірі: «Уа Алланың елшісі! Жәннәтқа баратын топ қайсысы?» деп сұрағанда, пайғамбарлар падишасы (с.а.у.): «Менің және сахабаларымның жүрген жолымен жүргендер», деп жауап берген еді (Әбу Дәуіт, Сунна 1; Ибн Мажа, Фитан 17). Міне, бұл хадисте мұсылмандардың 73 топқа бөлінетіндігі нақты баяндалған, біз осы хадиске иман келтіреміз де Алладан дұға тілегеннен басқа ешқандай ештеңе істей алмаймыз, деп мәселені оп-оңай жауып қояды. 
   
Сонда қалай Алланың бірігіңдер, бөлінбеңдер деп келген қаншама аяттар кімге түсті, немесе ол аяттардың үкімі жойылған ба? Әлде аят пен хадистің арасында қайшылық бар ма? Жоқ, біз кінәні Алла аяты мен Пайғамбардың (с.а.у.) хадисінен емес, түсіне алмаған өзімізден іздеп көрейік. Ол үшін тағы сол Құран Кәрімнің мына аятында көрсетілген жолға жүгінейік: «...Егер өзара бір нәрсеге келісе алмасаңдар, оның жайын Алладан, пайғамбардан сұраңдар. Аллаға қиямет күніне сенетіндерің рас болса, бұл сендер үшін өте пайдалы. Нәтиже – оның тиімділігімен көркем» (Ниса сүресі, 4/59 - аят). 
70 САНЫ Хадисте «Яхудилер 71 топқа, христиандар 72 топқа, үмметім де 73 топқа бөлінеді» деп келеді. Мұнда топтардың сандары 71, 72, 73 деп ретімен келген. Яхудилер 25 топқа, христиандар 48 топқа, үмметім де 73 топқа бөлінеді деп келмеген. Ендеше 70 санының араб тіліндегі мағынасына, қолданысына қарап көрелік. 70 саны Құран Кәрімде былай келтірілген: «(Мұхаммед с.а.у.) мұнафықтар үшін жарылқануларын тілесең де, тілемесең де тіпті олар үшін ЖЕТПІС қайта жарылқануын тілесең де, Алла оларды әсте жарылқамады. Бұл олардың Аллаға, Елшісіне қарсы болғандықтарынан. Алла бұзақы халықты тура жолға салмайды» (Тәубе сүресі, 9/80-аят). Ал Пайғамбардың (с.а.у.) хадисінде былай деп келеді: «Алланың атымен ант етемін! Мен Алладан күн сайын ЖЕТПІС мәрте кешірім сұраймын» (Бұхари, Даууат, 3; Тирмизи, Тәфсиру Сура, 47/1; Ибн Мәжа, Әдеп, 57). Аят пен хадистегі жетпіс санының қолдануы көптікті білдіріп тұрғаны талассыз. Олай болса жетпіс санының қолдануын негізге ала отырып хадистегі «Яхудилер 71 топқа, христиандар 72 топқа, үмметім де 73 топқа бөлінеді» дегендегі ЖЕТПІСті көпке бөлінетіндігін білдіру үшін деп айта аламыз.  
   
«ҮММЕТ» сөзі  Хадистің мәтініндегі мән беретін тағы бір жайт, «яхудилер, христиандар, үмметім» деп келген. Егер хадисте «үмметім» деген сөздің орнына «мұсылмандар» деп келгенде мәселе түсінікті болар еді. Мұнда «үммет» сөзі қолданылған. Ендеше «үммет» сөзінің қандай мағыналарға келетінін білуге тиіспіз. Ол үшін тағы да Құран аяттары мен хадистерге жүгінеміз. Құранда «үммет» сөзі 48 ге жуық жерде келеді. «Үммет» сөзінің көптеген мағыналары бар: «Жамағат, топ, имам, басшы, уақыт, ұзақ мерзім». (Жүніс сүресі, 10/19; Әнбия сүресі, 21/92; Ағраф сүресі, 7/159; Ағраф сүресі, 7/181; Нахыл сүресі, 16/120; Хұд сүресі, 11/8; Жүсіп сүресі, 12/45). Құран Кәрімде «үммет» сөзінің жануарлар үшін де қолданылғандығы ойландырмай қоймайды. «Жердегі жүрген жандық және қанатымен ұшқан құс; (жаратылу, қоректену, өмір және өлімде т.б.) сендер құсаған үмметтер. Жазуда еш нәрседен кенде етпедік. Сонан соң олар Раббыларының алдына жиналады». (Әнғам сүресі, 6/38-аят) Әрбір тілде кездесетіні сияқты араб тілінде де бір сөздің ауыспалы мағынасы мен синонимдері болатыны мәлім. Біз хадистегі «үммет» сөзін аятқа негіздей отырып түсінгенде ғана мұнда кімдерді меңзеп тұрғаны түсінікті болады. Олай болса мына аяттарға назар аударайық: «Әр ҮММЕТтің бір пайғамбары бар. Оларға пайғамбарлары келген заман, араларына туралықпен үкім болады. Сондай-ақ олар, зұлымдыққа ұшырамайды» (Жүніс сүресі, 10/47-аят)
«... Негізінде бір ескертуші болмаған үммет жоқ» (Фатыр сүресі, 35/24-аят).
«Сондай-ақ әр елдің бір жолбасшысы бар» (Рағыд сүресі, 13/7-аят)
   
Бұл аяттан хадистегі «үмметім» деген сөз VІІ ғасырдан қиямет қайымға дейінгі келетін адамзат баласының барлығы кіретінін айқын айғарамыз. Өйткені Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбарлардың соңғысы әрі оның пайғамбарлығы қиямет қайымға дейінгі келетін барша адамзат баласына тән. Құран Кәрім аятында былай келеді: «Мұхаммед (с.а.у.) сендерден ешбір еркектің әкесі емес. Бірақ Алланың Елшісі және ПАЙҒАМБАРЛАРДЫҢ СОҢЫ. Алла әр нәрсені толық білуші» (Ахзап сүресі, 33/40-аят). «(Мұхаммед с.а.у.) Біз сені БҮКІЛ ӘЛЕМГЕ рахмет етіп қана жібердік» (Әнбия сүресі, 21/107-аят).
   
Осы ретте сіз «үмметім» деп тек қана мұсылмандарды, иман келтіргендерді меңзеп тұр деп айтуыңыз мүмкін. Алайда алдынғы пайғамбарлар да елші ретінде жіберілген қауымды өзінің артынан ермей, қарсы келсе де оларды «қауымым» деп сөз бастаған. Бұл сөзімізге мына бір аятты айғақ ретінде келтіріп өтелік: «Ей, қауымым! Раббыларыңнан жарылқау тілеңдер. Сонсоң Оған тәубе қылыңдар. Сендерге көктен жаңбыр жаудырып, қуаттарыңның үстіне қуат қоссын. Сондай-ақ күнәкар болып, жалтармаңдар» деді. Олар: «Ей, Һұд! Сен бізге ашық дәлел келтірмедің. Біздер сенің сөзің бойынша тәңірлерімізді тастамаймыз да саған сенбейміз» деді» (Һұд сүресі, 11/52-53-аяттар) Ендеше Алла тарапынан таңдалып жіберілген Пайғамбарларға адамдардың барлығы иман келтіріп, артынан ерді деп айта алмаймыз. Келесі бір аятта әрбір үмметтің ішінде пайғамбарлықты мойындамай, өтірікке шығаратындардың кездесетіндігі аятта былай келеді: «Ол күні, ӘР ҮММЕТтен аяттарымызды өтірікке шығарғандардан бір топ адамды  жинаймыз. Сонда олар тостырылады» (Нәміл сүресі, 27/83-аят). Бұл аяттан үмметтің ішінде иман келтіретін әрі иман келтірмейтіндердің болатыны айқын көрсетілген. Ендеше үммет екіге бөлінеді, иман келтіретін әрі иман келтірмейтін. Ал екіге бөлінетіндігі хадисте де ашық баяндалған: «...Осы 73 топтың ішіндегі біреуі ғана жәннәтқа барады, қалған 72-сі тозақтық болады». Яғни 73 топқа бөлінетін үмметің бір ғана тобы құтылады.
ҚҰТЫЛАТЫН БІР ҒАНА ТОП Хадисте 72 сі тозақтық деп көрсетілсе, біреуі ғана құтылатынды деп баяндалған. Ал иман келтіретіндердің кімдер екені айқын келтірілген. «Менің және сахабаларымның жүрген жолымен жүргендер». Бүгінгі күні мұсылмандардың өзі түрлі ағымдар мен топтарға бөлініп алғаны жасырын емес. Алайда ең бастысы бұл топтардың барлығы иманның шарттарын мойындайды. Сондықтан оларды тозақтық деуге ешкімнің де ақысы жоқ. Олардың мәселесін Алла ғана шешеді. Құран Кәрімде Иса (а.с.) өзінен кейінгі үмметінің Аллаға серік қосып, ақиқаттан алшақтағаны мәлім болса да оларды айыптамай соңғы шешімді Аллаға қалдырған:  «Егер оларды азаптасаң да олар құлдарың, егер оларды жарылқасаң да күдіксіз Сен аса үстем, хикмет иесісің» (Маидә сүресі, 5/118-аят). Келесі бір аятта былай келеді: «(Мұхаммед с.а.у.): Шынында мен Раббым тарапынан ашық бір дәлел үстіндемін. Сендер оны жалғандадыңдар. Сендер, жедел тілеген (азап) менде жоқ. Билік Аллаға ғана тән. Ол туралықпен үкім етеді. Және Ол үкім етушілердің ең жақсысы» де». (Әнғам сүресі, 6/57-аят).
   
Бүгінгі мұсылман үмметінің бір-бірлерін айыптап, тіпті адасқан, кәпір, дінсіз деп жүргені жасырын емес. Мұндай жағдайға жол бергендер өздерінің білімсіздігін ғана көрсетеді. Ал білімсіздік адамды кез келген жағдайға душар етеді, тіпті Алланың ісіне де ойланбастан араласа береді. Әлгі топтардың әрқайсысы өздерін хадистегі жәннәтқа баратын топтың қатарына қосып, өзгелерін қосқысы келмегені сөзіміздің айғағы. Егер біздер пайғамбардың (с.а.у.) сүннетіне әрі сахабалардың жолына ерудің мән мағынасын түсінгенде жік-жікке бөлініп, тартыспаған болар едік. Өйткені сүннет жолы Құранға бастады. Сахабалардың бірі Хазіреті Айшадан Мұхаммедтің (с.а.у.) мінезі жайлы сұрай келгенде «Сен Құран оқымайсың ба, оның мінезі Құран еді» деп жауап беріп, Құранға қарай жөн сілтеді. Құран жолы ынтымақ-бірлікке (Әли-Имран сүресі, 3/103-аят), өзара жанжалдаспауға (Әнфал сүресі, 8/46-аят), бауырмашылыққа (Хұжұрат сүресі, 49/10-аят), бір-бірлеріне демеу беріп, дос болуға (Тәубе сүресі, 9/71-аят) шақырады. Егер біз сүннетті ұстану арқылы Құранға жақындамайтын болсақ, ойлануымызға тура келеді. Мұхаммед те (с.а.у.) өзіне түсірілген Құран қағидаларын орындау арқылы көркем мінездің кемеліне жетті. Оның мінезін Құрансыз елестету мүмкін емес. Оның өзіне түсірілген Алланың аяттарына ілескендігі былай келеді: «(Ей, Мұхаммед с.а.у. оларға) айт: «Жанымда Алланың қазынасы бар демеймін, көместі де білмеймін. Және сендерге періштемін де демеймін. Мен өзіме уахи етілгенге ғана ілесемін. Көзді мен көзсіз тең бе? Ойламайсыңдар ма?»,- де». (Әнғам сүресі, 6/50-аят).
   
«Іштеріңе, өздеріңнен аяттарымды оқитын, сендерді тазартатын және сендерге Құранды әpi үкімдерін үйрететін сондай-ақ білмегендеріңді үйрететін Елші жібердік» (Бақара сүресі, 2/151-аят).
   
Адамдардың арасынан таңдалған елшілер Алланың түсірген ақиқатынан айнымай көпке үлгі болды. Олай болса біз мұсылмандар да көзқарас-пікір білдірер кезде Пайғамбарымыз (с.а.у.) жолын ұстанып, яғни Құран Кәрімнің қағидаларына жүгінгеніміз абзал. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадисін бөлініп, бөлшектену мақсатында емес, бірлік пен ынтымақ жолында деп түсінейік. Әйтпегенде қаншама Құран аяттарын дұрыс түсінбей сызып тастағанымызды білмей де қаламыз.

 

                                                                                 

ОҚО дін істері басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» МКМ-нің
«Әдістемелік қамтамасыз ету» 
 бөлім басшысы Ф.Тайтелиев

 

0 пікір