Ұлы даланың ұлы ұстаздары
Ұлы даланың ұлы ұстаздары
23.09.2019
5128
0

Көптеген халықтар өз елінің ерекше елшісі сынды ұлы ба­ба­ларының есімдерін мақтан тұтады. Қазақ жерінен ғылыми жаңалықтар ашқан, терең ойлы мағлұматтар қалдырған, діни-рухани еңбектер жазған, елін-жерін қорғаған бабаларымызбен неге мақтанбасқа. Ал халқымыздың даналығын білдіретін ірі тарихи тұлғаларды зерделеу қазіргі ұрпақтың міндеті. Тарихын және ұлы даналары мен батырларын білмеген ұлттың болашаға бұлыңғыр. Қазақ тарихында  есімдері алтын әріппен жазылған «Ұлы тұлғалар» жетерлік. Еліміздің сан ғасырлық өзіндік орны бар кезеңге орта ғасырлық түркілік мәдениетті жатқызамыз. Сол ғасырдың ұлы есімдерін атағанда әуелі қазақтың топырағынан шыққан Әл-Фараби мен Ахмет Яссауи тұлғалары есіңе түседі. Өйткені бабаларымыз ұлы дала тарихында қалдырған еңбектері бүгінде «өз мемлекеттерінің» баға жетпес символдық капиталы саналады әрі бүкіл әлемге пайдасын тигізіп, баршаға әйгілі болған ғұлама ұстаздар деуге болады.

Әбу Насыр Әл-Фараби (872 - 950) (араб.: أبو نصر محمد الفارابي ‎)  Толық есімі Әбу Насыр Мұхаммад ибн Мұхаммад Тархан ибн Узлағ әл-Фараби ат-Турки. Әйгілі ойшылфилософсоциологматематикфизикастроном, ботаник, лингвист, логика, музыка зерттеушісі. Әл-Фараби қазіргі Қазақстанның оңтүстігінде орналасқан Отырар (Фараб) қаласында түркі тектес әулетте туылған. Оның әкесі әскербасы болатын. Зерттеуші ғалымдар әл-Фарабидің балалық, жастық шақтары туралы тұщымды әңгіме айтпайды. Себебі ұлы ғалымның өмірінің бұл кезеңі туралы нақты мағлұматтар жоқтың қасы. Әл-Фараби туралы деректер тек Таяу Шығыс, Үнді, Мысыр, Африка елдері, Еуропа елдерінде, тіпті Америка құрлығындағы елдерде сақталған. Мұндағы парадокс сол, оның өз Отаны – Қазақстан жерінде, Орта Азияда әл-Фараби туралы бірде-бір дерек жоқ. Дәл сол шақ үшін, «Түріктің кім білмейді музыкасын, Фараби тоғыз ішекті домбырасын» деп жырлаған Мағжанның «халық жауы» атанып, атылып кеткендігінен хабардар фарабитанушылардың бірі кеңестік дәуірдің 50-60 жылдары  бар ғұмырын ұлы бабасының мұрасын зерттеп, еңбектерін жинауға арнаған академик Ақжан әл-Машанидің  орасан зор мирасы «Екінші Ұстаз» атанған әл-Фарабидің Отырарда кіндік қаны тамғандығын дәлелдеп шығуының өзі үлкен ерлік еді.

Фарабитанушылар ұлы ойшылдың өмірбаянын оның елуден асқан шағында Бағдат шаһарына қоныс аударуынан ғана бастайды. Әл-Фараби  араб жеріне келгеннен кейінгі отыз жыл ішінде 164 трактат жазып қалдырған. Ұлы ғұламаның жазып қалдырған еңбектерін Әбу Әли ибн Сина (Авиценна), Әбу Райхан Бируни, Әбу әл-Уаха, ибн Бадж, ибн Туфайл, ибн Рушд, Омар Хаям сияқты Шығыс ғұламаларымен қатар Роджер, Бекон, Леонардо да Винчи және т.б. Еуропа ғалымдары да көп пайдаланған.Тіпті әл-Фарабидің ашқан кейбір жаңалықтары Еуропа ғылымына XVII ғасырда ғана мәлім болған.  Әл-Фараби ғылымдарды мынадай басты екі бөлімге бөлген: Бірінші: теориялық ғылымдар. Бұл топқа жаратылыстану ғылымдары мен метафизиканы енгізген. Екінші: практикалық ғылымдар. Бұл топқа этика, фиқһ, кәләм ғылымдарын жатқызған. Данышпан бұл пікірін Ихса әл-Улум («Ғылымдардың классификациясы») атты еңбегінде келтірген. Әл-Фараби Бағдат шаһарында әл-Муқтадир билләһ атты халифаның тұсында логика ғылымын оқып-үйреніп, жетік меңгереді. Білімінің осыншама молдығына таң қалған бір кісі әл-Фарабиден: «Сіз көп білесіз бе, әлде Аристотель көп біле ме?» – деп сұрағанда, данышпан: «Онымен замандас болған жағдайда мен оның ең мықты шәкірті болар едім», – деген екен. Әл-Фараби – араб тілінің білгірі әрі ақын да болатын. Европалық шығыстанушылар мен тарихшылардың пайымдауынша әл-Фараби сондай-ақ Шығыс философияның да негізін қалаушы. Ғұламаның пікірлерінің құндылығы сонда – ол философиялық ой-толғаныстарын ежелгі грек философтары Аристотель, Платондардың пікірлері негіздерінде өрбіте отырып, сол пікірлерді ислами негіздерге орайластырған алғашқы  мұсылман ғалым.

Әл-Фарабидің Каир қаласында шыққан «Музыка туралы үлкен кітап» атты еңбегіне мұсылман ғалымдары: «Ислам әлемі орнағалы бері араб дүниесінде мұндай орасан еңбек бұрын да, кейін де жазылмаған» деп мойындайды. Арабтар оның музыкалық шығармаларын күні бүгінге дейін пайдалануда. Әл-Фараби ертеде цитраға ұқсас құрал шығарған дейді, ол оның үстіне интервал бөлімдерін өлшеп, әуендердің кемел түрін анықтайтын кескіндері бар сызғыш қойыпты. Оның осы ғылымдағы кітабы үлкен салмаққа ие болды. Еуропа ғалымы француз бароны Барон де Ерланже: «Расында да, музыка саласында әл-Фарабиге теңдес адам бұрын да, онан кейін де болмаса керек» Араб музыкасының жалпы тарихын жазған белгілі ғалым Г.Фармер былай дейді: «Барлық ғылымдар саласында әл-Фараби – «Екінші Ұстаз». Ал музыка саласын алатын болсақ, ол, әл-Фараби бір өзі ғана бас король болып табылады. Басқаша айтқанда, музыка саласында әл-Фарабиге үлгі боларлық, бірінші ұстаз боларлық адамболмаған». Медицина саласында Бағдат дәрігерлері оны өздерінің басшысы деп санаса, кейін медицинаның атасы атанған Әбу Әли ибн Сина (Авиценна) өзін оның шәкіртімін деп есептеген. Ибн Синаның «Арылу кітабы» (Книга исцеления) әл-Фарабидің «Екінші ілім» деп аталатын энциклопедиялық еңбегінің қысқартылып, өңделген нұсқасы болып табылады» дейді ғалымдар. Ұлы ойшыл біраз жылдар Бағдат шаһарында ғылыми ізденістермен айналысып тұрақтап қалады. Содан кейін Шам аймағына қоныс аударады да сексен жасқа жетіп, өмірден өткенше сол өлкеде қалады.

Қожа Ахмет Яссауидің қазақ тарихында алатын орны мен рөлі (1094-1167 ж.ж) Тек Қазақстан емес, түркі тілдес халықтарына танымал Орта Азияның сопылық поэзиясының көрнекті өкілі, данышпан, кемеңгер ақын ағартушы ұстаз Ахмет Яссауи 1093 жылы немесе 1094 жылы көне Исфиджаб (Сайрам) қаласында дүниеге келген. Оның ата-анасы Ибраһим Ата мен Қарашаш Ана  өз заманының сауатты, көзі ашық адамдар болған. Тіптен балауса, бүлдіршін Ахметке араб, парсы тілдерін Таяу Шығыстағы Исфахан, Бағдат қалаларынан ұстаздар жалдап үйретеді. Он алты жасында-ақ болашақ ақын, шығыс поэзиясын, әдебиетін, философиясын жетік меңгереді. Он жеті жасынан бастап, өзінің ана тілі – түркі тілінде шығармаларын жазған. Оның ерекшелігі еңбектерін алғаш рет түркі тілінде жазуы.  Алғаш рет рухани ілімді жергілікті ғұлама Арыстанбаб бабадан алады, кейін Бұхара қаласында дәріс алуға барып, парсының белгілі ғалымы Жүсіп Хамаданиден білімін тереңдетеді. Соңынан Яссы (Түркістан) жеріне оралып, сопылық білімін жалғастырады.

Қазақ жерінің ортағасырлық мәдениетінің дамуында Яссауи жазған «Диуани Хикмет»,«Мират ул-Қулуб», «Пақырнама» атты туындылары көне түркі тілінде жазылғандықтан, жергілікті халыққа түсініктілігі арқасында талай мәрте қайта көшіріліп, бірнеше рет басылған. Қожа Ахмет Яссауи еңбектері мен даналық хикметтерінің маңызы күні бүгінге дейін төмендеген емес. «Диуани хикмет» еңбегімен мәшһүр тұлғаның қаламынан сусындаған жолдар елдің рухани азығы мен тәлім-тәрбиелік қасиеттерін молайтуға ықпалын тигізері айдан анық. «Дертсіз адам адам емес, мұны аңла; Ашқсыз инсан хайуан жынысы, бұны тыңда». Осы хикмет жолындағы «дертсіз адам» адамдық сезімнен жұрдай, өз ұлтының, қоғамының, Отанының алдында жауапсыз, мұңсыз, қара басының қамын күйттейтін жан. Яссауи іліміндегі парасат ұғымы адамның адамгершілік ахлақи (мінез-құлық) мәртебесіне және «инсани камил» (адамгершілік қасиетке толыққанды адам) дәрежесіне жету мәселесін қарастырады. Қожа Ахмет Яссауидың дүниетанымдық тұжырымдамасының теория негізін шариғат пен мағрифат құраса, ал тәжірибелік негізін тариқат белгілейді. Қожа Ахмет дүниетанымының мәні – «адамның өзін-өзі тануы» арқылы «Хақты тануы». Бұл жолдың алғашқы мақамы (басқышы) – «тәуба» (яғни басқа түскен барлық жақсылыққа және жамандыққы шүкіршілік ету), соңғысы «құлдық» (ғибадат ету арқылы иманыңды қуаттау) Бұл жолдағы адам «жаратылған – мен» екендігінің ақиқатына, жаратылыс сырына көзі жеткенде, өзінің адамдық парызы – «Алла мен адамның және адам мен қоғамның» арасында «көпір – жол» болу екендігін ұғынады. Оның уағыздық өлеңдерінің діни-суфилік мазмұны ондағы жақсылыққа, әділеттілікке шақырған үнмен ұласады.

Ахмет – ел ішінде әділдігімен аты шыққан адам. Шешендігі мен ақылгөй даналығы оны жерлестері арасында сый-құрметке бөлейді. Ахмет айтып еді деген қанатты, ғибратты, діни өсиет-насихатқа толы сөздер елден-елге тарайды.  Ол жергілікті ұлттардың ескі дінін жоққа шығармаған, қайта оны Ислам дінімен ұштастырған. Жүз мыңға жуық шәкірттер тәрбиелеген әулие ұстаз. Яссауидің ілім ұясынан жетілген Яссауия дәруіштері Хорасан, Азербайжан, Хижаз және Анадолы өлкелеріне дейін тарады.

Ахмет Яссауи дүние жинамаған. «Құдайдың құлымын. Мұхамедтің  үмбетімін» деп санаған. Пайғамбарымыздың осы 63 жасында қайтыс болғанын ойлап, жер бетінде өмір сүруді жөн көрмеді деседі. Жер астына бір бөлме жасатып, өмірінің соңына дейін осы жер асты бөлмесінде шәкірттеріне дәріс беріп, еңбектерін жазып, ғибадатпен өткізді деседі. Әмір Темірдің өзі бұл кісіге тағзым етіп 14 ғ.аяғында Түркістанда керемет Қожа Ахмет Яссауи кесенесін салып берген. Сонымен қатар ұлы бабамыздың атымен аталатын Түркістан қаласында Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті жұмыс істейді.

Адамзат қоғамының тарихында, осы екі ойшыл ғалымдардың дарындылығы мен еңбекқорлығының жемісі ретінде Қазақ елінде исламды тарату мен ғылымның кемелдендіруіне сүбелі үлес қосқан ұлы ұстаздар. Ата-бабамыз дала бостандығын сүйе отырып,  тарихтың қатал кезеңдерінде қайталанбас еңбектер қалдырып, казіргі тәуелсіз ел болуымыздың себепкері – Ұлы тұлғалар деп мақтан тұтуымыз керек.

 

«Әдістемелік қамтамасыз ету» бөлімінің теолог маманы А.Дүйсен
0 пікір