Ұлтқа қызмет ету білімнен емес мінезден
Ұлтқа қызмет ету білімнен емес мінезден
30.11.2021
16633
0

Мінез – адамның ішкі әлемінің ай­на­­сы. Жүсіп Баласағұн «Кісі­ге екі дүниеде пайдалы – ізгі іс немесе мінезі түзу­лік. Екіншісі – ұят, үшіншісі – әділдік. Бұл үшеуі арқылы адам шын бақыт таба­ды»-деген. Бұл тұста ұят пен әділдік мінездің сыңары еке­нін ойда ұстау қажет. Білім ізгі­лікке жұм­салмаса, оның пай­дасынан зияны артуы әбден мүм­кін. Сондықтан Шығыс дана­лығы адам мінезінің көр­кем­дігін алдыңғы орынға шығарса керек.

Адам мінезінің осындай нәзік тараптарын әрдайым бақылап бақпаса түбі сан соқтыруға апаратынын  кешегі Алаш зиялылары да жете түсінді. Алаш ардақтысы Әлихан Бөкейхановтың «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» - деген мазмұны терең сөзі қанша заман өтсе де өзектілігін жоймай, мәні арта түсуде. Демек, ғылыми-шығармашылық ізденістегі қажыр-қайраттан туған өрелі еңбектерімен халқының рухани кемелденуінің күретамырына қан жүгіртуде  шын мәніндегі хас талантқа өршіл рухты мінез қажет. Қашан да ұлттық мұратты ұстанған тұлға бойындағы ар-ождан биігіндегі елдік мінез адам болмысының өзіндік табиғатынан тамыр тартып жатқанымен, туған жер, өсіп-өнген орта рухы мен ата-ана тәрбиесі ерекше ұстындағы азаматтық ұстанымды қалыптастырады.

ХХ ғасыр басында туған Алаш идеясы бүгінгі күні де тәуелсіз Қазақстанның мүддесіне қызмет етуді жалғастыруда. Уақыт өтеді, жаңа ұрпақтар келеді, бірақ келесі онжылдықтар мен жүзжылдықтарда Алаш зиялыларының қоғамдық ойы мен рухани тәжірибесінің лайықты мұрасы Қазақстан халқын тарих толқынында қолдайтын болады. Алаштың өшпес жолы мен қайраткерлерінің жарқын бейнелері ұрпақтар жадында мәңгі сақталады.

 Ұлт мәдениеті мен руханияты туралы таң­ды таңға ұрып айта беруге болады. Талай ала­сапыран заманды, тар жол, тайғақ кешуді бастан өткерген елміз. Ұлт ретінде жойылып кетудің алдында қалған сәттер қаншама болды. Бірақ, халқымызды осы зұлмат пен нәубеттерден аман алып қалып отырған бір дүние бар. Ол – ұлттың жады. Ұлттық руханият та, рух та, мәдениет те, тіл де, дін де, тіп­ті иман, ар-ұят мәселесі де барлығы осының ішін­де. Біздің ата-бабаларымыз үшін «Рух» сөзі өте қастерлі ұғым. Мәңгіліктің синонимі. Сондықтан осы ұлттың Жадын мәңгілік қылып сақтау кешегі ата-бабалардан бүгінгі ұрпақ бізге аманат.

 «Мінезсіз адам – жеміссіз ағаш»  дейді халық даналығы. Ал мінез дегеніміз не? Ол жемісті болу үшін, ұлтқа қызмет жасау үшін кісі қандай болуы керек? Бұл тақырыпқа келгенде «қанша адам болса, сонша мінез болады», «ол әр адамның жаратылысы» деп қысқа ғана қайыра салатынымыз анық.

Абай Құнанбайұлының «Тегін­де адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ» деген сөзін тілге тиек етіп, білім мен мінездің, ардың адам өмі­рін­дегі орнына ерекше тоқталған.

Өкінішке қарай, бүгінгі жаһандану толқыны кейінгі ұрпақтың бойындағы ұлттық жадын қатты шайқап жатыр. Бұл – үлкен қасірет. Сондықтан біз дәл бүгінгі күнде ұлттық санамызды, әсіресе жас буынның санасын ауық-ауық сілкіп тұруы­мыз керек.

Хәкім Абай «Мен егер заң қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім» дейді. Демек, мінезді тәрбиелеуге болады екен. Сондай-ақ, Мәшһүр Жүсіп атамыз мынадай мысал келтіреді. «Аспанда ұшып жүрген құс пен даланың тарпаң жылқысын қолға үйрету арқылы адамзат баласы қанша табыстарға жетті. Осындай дала тағылары тәрбиеге көнгенде, адамның мінезі неге өзгермейді?» дейді. Ал, қазақта «сүтпен сіңген мінез сүйекпен кетеді» деген сөз бар. Жалпы, әлемде өзгермейтін Алла ғана. Абайша айтқанда, «Күллі мақұлық өзгерер, Алла өзгермес».  Құранда «Расында бір қауым, өзін өзгертпейінше Алла, оны өзгертпейді» деген аят бар. Мұнда да мінездің өзгеретіндігін айтып тұр. Дүниеге шыр етіп келген нәресте анасының ең алғашқы уыз сүтін емген сәтте-ақ, Британ энциклопедиясынан 400 мың  есе артық ақпаратты бойына сіңіріп үлгереді екен. Мұны бүгінгі ғалымдар дәлелдеп отыр. Бұл мәселеге қазақ халқы ежелден ерекше мән берген. «Баланың жақсы болуы нағашыдан»-деп, ұлына текті жердің қызын айттыру дегеннің астарында үлкен мән жатыр. Жалпы, мінез екі түрлі болады. Бірі – ішкі, екіншісі – сыртқы мінез. Біз өзгереді деп айтып отырғанымыз – адамның сыртқы мінезі. Ал ішкі мінез ол қанмен, текпен келеді. Қазақтың өзгермейді деп айтып отырғаны – осы ішкі мінез. Яғни, тегі өзгермейді. Себебі, ол жоғарыда айтқанымыздай, сүтпен сіңеді.

Пайғамбар хадисінде «Көркем мінезді адам ғабиттің (ғибадатшының) дәрежесімен тең» деген. Кейде бір кісілер кездеседі, намаз оқымайды, ораза ұстамайды. Бірақ, мінездері сондай көркем. Дін дегеніміз ақида, амал, ахлақтан (мінез-құлық) тұрады. Егер, осының үшіншісі, яғни, ахлақ дұрыс болмаса, дін адамға пайда бермейді екен. Мәжһүр Жүсіп атамыз «ғылымның әуелгі мақсаты – Алланы тану. Одан кейін – пайдалы білім алу. Егер оқыған біліміңіз мінезіңізді түзетпесе, онда ол пайдасыз білім болғаны» дейді.   Дін тоқсан пайыз көркем мінезбен тарайды. Пайғамбар да «Алла Тағала мені көркем мінез-құлықты толықтыру үшін жіберді» деген. Тағы бірде бір кісі Пайғамбарға келіп: «Дін деген не?» деп сұрағанда,  «Көркем мінез» деп жауап қатқан. Сондықтан, біз жастарға дін тұрғысында жоғарыда айтқан үшеуін қатар оқытуымыз керек. Қазақтың егемендігі үшін төл тарихымыздың әр тұсында көптеген нар тұлғалардың орасан қажырлы еңбегі мен бейнеті жатыр. Біз бабаларымыздың өсиетін бойымызға сіңіруде, олардың бүгінгі күнімізбен тікелей сабақтас құндылық екендігін әрқашан сезінуіміз қажет. Осы тамырластық дегдар сезім бүгінгі қазақтың азаттығына, ел болуына, ел болу үшін, басқа да мемлекеттік атрибуттармен, істермен бірге ұлт тілінің мерейін асыратын, отаршылдық қалдықтармен күресетін баянды шаруаларға жұмылдыру шарт әрі міндетті. Бағзы бабалардың да, абыз Абайдың да, Алаш зиялыларының да аманаты осында.

 

Түркістан облысы дін істері басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ маманы                            Б.Өтеген

 

0 пікір