Ұлт ұстазы – Ахмет
Ұлт ұстазы – Ахмет
21.01.2022
978
0

Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ халқының ХХ ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі, мемлекет қайраткері, ақын, публицист, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым, ұлттық жазудың реформаторы, ағартушы. Қазақ жастарын ілім мен білім іздеуге шақырған алаштың алып азаматтарының бірі. Сәбит Мұқанов: «Қазақ тілі мен кітабын жазған, қазақ тілінің негізін жасап, қазақ мектебінің іргетасын қалаған алғашқы адам – Ахмет».

          Ахмет Байтұрсынұлы – 1872 жылы 5-қыркүйекте қазіргі Қостанай облысы, Жангелді ауданы, Сарытүбек ауылында дүниеге келген. Ағартушы ақын тек қана оқу-білім ісі ғана емес, саяси өмірге, мәдениетке, тәрбиеге және дінге ерекше дем қойды. Қазақ жастарының басын бір арнаға жинап, оларға патриоттық пен жан-жақтылықты сіңдіре алды.

         Саяси өмірге белсене арласып, елімізге және жерімізге тигізген мына бір айтулы оқиғасын жастарымыздың санасына сіңдіре алуымыз қажет. Елдің, жердің мүддесі қай заман болмасын ең басты құндылығымыз. Бүкілресейлік ОАК-нің 1919 жылғы 27 тамызда Қостанай уезін Челябинск облысына қосу туралы шешіміне қарсы Байтұрсынұлының табанды түрде жазған саяси наразылығы Қостанай уезін Қазақстан құрамына қайтаруға негіз болды. Бабалар аманатына, қиянат жасамауды ұлт ұстазының қиын-қыстау кезеңде жасаған ерлігін ұмытпауымыз тиіс.

         Ахмет Байтұрсынұлы еңбектерінің ең бірегейі – ескі қадим жазуды жаңа төте жазуға өзгертіп, жеңілдетуі болып табылады. А.Байтұрсынұлы әліпбиі, яғни төте жазу 1912 жылдардан бастап қолданысқа енгені белгілі. Бұл әліпби қазақ тілінің барлық тілдік заңдылықтарын сақтап, оқуға-жазуға ең ыңғайлы болды. Әліпбиде 24 әріп, 1 дәйекше белгісі болды. Дәйекше қойылмаған сөз жуан, дәйекше қойылған сөз жіңішке болып оқылатын. Яғни үш ақ дауыстысы бар араб әліпбиін, қазақ тілінің үндестік заңына сүйене отырып, еш қиындықсыз қазақ жазуына ыңғайлады. Кеңес үкіметі орнағаннан кейін оннан артық жыл қолданыста болып, «Қазақ», «Еңбекші қазақ», т.б газеттер осы әліпбимен шығып тарады.

         Бүгінгі күнімізге дейін шетелдегі, әсіресе Қытай, Ауған, Иран, Түркиядағы қандастарымыз осы жазуды оқи алады. Өзі құрастырған жазу жүйесін сынға алғандардан барынша қорғаштаған А.Байтұрсынұлы Кеңес үкіметінің «араб жазуынан айыру арқылы тұтас бір халыққа өткенін ұмыттырып, ұлттық игіліктерді саналарынан өшіру» әрекетін жасап отырғанын жақсы түсінді. Ахмет Байтұрсынұлы: «Қазақты діннен айыруға болмаса, жазуынан да айыруға болмайтын жұмыс. Дінмен байланысқан жазу – дін жоғалмай, жоғалмайды».  Төте жазу – исламның, құранның ізі – деген.

         Ұлт ұзтазы болған – Ахметтің ел үшін жасаған ерең еңбегі тарих сахнасында алтын әріптермен өрілген. Бір сөзінде: «XX ғасырға дейін түріктің тілін аздырмай асыл қалпында алып келген, тіл турасындағы абырой мен алғыс қазаққа тиісті» - деп қазақ тілінің түркі тілдері арасында шоқтығы биік екенін көрсете алды.

         Ахметтің немесе «Алаш» партиясының бағдарламасында дін ісі жеке тарау ретінде енгізіліп, күн тәртібіндегі басты мәселелердің бірегейі ретінде қарастырылды. Дін ісі мемлекет ісінен бөлек болды. Дін біткенге тең хұқық. Дін жаюға ерік. Кіру-шығу жағынан бостандық. Муфтилік қазақта өз алдында болу. Неке, талақ, жаназа, балаға ат қою сияқты істер молдада болу, жесір дауы сотта қаралу. Жоғарыда көрсетілгендердің барлығы, еуропалық даму моделімен жасақталған еді. Зайырлылық ұстанымдарының іргетасы қаланды деп айтсақ артық айтпағанымыз болар.  

         Қорытындылай келе, 2022 жыл ұлт ұстазы – Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл. Бұл атаулы мереке халықаралық деңгейде, ЮНЕСКО аясында атап өту және дайындық іс-шараларын ұйымдастыру басталып кетті. Мерейтой барысында ақынның ұмыт болған кейбір шығармаларын, шаң басқан архивтерден алып халыққа паш етсе, ұстазымыздың ұлылығын дәріптеген болармыз.

         Мақаламызды М.Әуезовтың мына сөзімен аяқтағымыз келіп отыр: «Ахаң ашқан қазақ мектебі, Ахаң түрлеген ана тілі, Ахаң салған әдебиеттегі елшілдік ұраны – «Қырық мысал», «Маса», «Қазақ» газетінің 1916 жылдағы қан жылаған қазақ баласына істеген еңбегі, өнер-білім, саясат жолындағы қажымаған қайратын біз ұмытсақ та, тарих ұмытпайтын істер болатын. Оны жұрттың бәрі біледі. Бұның шындығына ешкім де дауласпайды».

 

А.Тағай

Түркістан облысы «Дін мәселелерін зерттеу

орталығы» КММ бөлім басшысы м.у.а.                                 

0 пікір