Үлкен күнә жасаған адам мұсылман ба?
Үлкен күнә жасаған адам мұсылман ба?
30.03.2020
1199
0

Жекелеген тұлға мен қоғамға төндірген қатері үшін 2014 жылы 18 тамызда Сарыарқа аудандық сотының шешімімен экстремистік топ деп танылған «Әт такфир уаль хижра» ағымының негізгі көзқарасы- Ислам дінінің ұстанымдарынан алыс кеткен бағыт болып табылады.  Себебі, негізін қалаушы Мұстафа Шүкридің қойған талаптары кез келген дінді берік ұстанбайтын азаматтарға ауыр келері сөзсіз. Мысалы: «дінді қатаң ұстамайтын, бес уақыт намаз оқымайтын адамдардың барлығы – дінсіздер. Оларға қарсы аяусыз жиһад, майдан ашу керек. «Кім бізбен емес, сол адам бізге қарсы»- деген. Осындай жалған сөздерге иланып, өзінің ата-анасынан, туыс- бауырларынан бас тартып кеткен жандар да жетерлік. Бұл діни ұстаным қаншалықты дұрыс? егер адамдар діни құлшылықтарын орындамаса, олардың жағдайы қандай болмақ? олар мұсылман болып табылады ма?... осы сұрақтарға біргелікте жауап іздеп көрелік.

Әһлі сүннә ғұламаларының пікірі. «Расында үлкен күнә жасаушы дүниеден тәубе етпестен өтсе де жәһаннамда мәңгі қалмайды. Алла «кешірімшіл» сипатымен оның күнәларын кешіріп, жәннатқа кіргізеді, немесе «ұлылық» сипатымен жәһаннамда азаптап, кейіннен шапағаты арқылы жәннатқа жібереді. Ал, кіші күнә жасаушының жасаған істері жақсылықтар арқылы кешіріледі. Олар: бес уақыт намаз және өзге де қайырымды істер. Өйткені Құранның Худ сүресінің 114- аятында: «Расында, жақсылықтар- жамандықтарды жояды»-деген.» [Усуль әд-дин; имам Бәздауи; 35- мәселе, 135-бет]

«Муътазилә» және «Қадария» ағымының пікірі. «Үлкен күнә жасаған адам дүниеден тәубесіз өтсе, кәпірлер секілді жәһаннамда мәңгі қалады. Дегенмен, олардың азабы жеңілдеу болады. Себебі, олар иманнан шықты, бірақ кәпір болған жоқ, «екі мекен ортасында» болады»- деген. Аталмыш сөздері үшін Ислам ғұламалары бұл топты «муътазилә» яғни, «жамағаттан бөлініп шығушы»- деп атаған. Сонымен бірге, муътазилә ағымының ұстанымы бойынша: «үлкен күнә жасаған адам- дүниеде «мүмін» болмайды, тек «мұсылман» деп аталады»- деген. Бұл көзқарасты «рауафид» ағымы да қолдаған. Және де Ниса сүресінің 31-аятын (Уа мүміндер! тыйым салынған ауыр күнәлардан бойларыңды аулақ ұстасаңдар, өзге күнә-қателіктеріңді жасырып, кешеміз...) дәлелге келтіреді. [Усуль әд-дин; имам Бәздауи; 35- мәселе]

«Хауаридж» ағымының пікірі. «Үлкен және кіші күнә жасаушы адамдар дүниеден тәубесіз өтсе, жәһаннамда мәңгі қалады және кәпірлер секілді азапталады. Өйткені олар күнә жасаған сәтте үлкен не кіші деп бөлген жоқ»- деген пікірді ұстанып, барлық күнә жасаған және парыздарды орындамаған адамдарды күпірлікте айыптайды. Қазіргі таңда өздерін «сәләфилік жолды ұстанушымыз» деп атайтын ағым ішіндегі «тәкфирлік» көзқарастағылардың негізгі бағыты да осы топқа негізделген. Хауаридж ағымының жақтаушылары өздеріне дәлел ретінде Құранның Ниса сүресінің 14- аятын (Кімде- кім Аллаға және оның Елшісіне қарсы келіп, Оның белгілеген шекарасынан асатын болса, оның ішінде мәңгі- бақи қалатын отқа тастайды. Сөйтіп оның сыбағасы өзін қор қылатын азап болмақ)- келтіреді.

«Мүржия» ағымының көзқарасы. Бұл бағыттың негізін қалаушылардың бірі Муқатил бин Суләйман: «Расында күнәлардың үлкенін, кішісін көптеп жасаған мүмін дүниеден тәубесіз өтсе де жәһаннамда мәңгілікке қалмайды. Ақыретте зұлымдық көрсеткен адамымен есептескен соң жәннатқа кіреді»- деген. Оған негіз болады деп Зумар сүресінің 53-аятын (Уа, күнәға батып, өз- өздеріне жамандық жасауда шектен шыққан құлдарым! Алланың рақымынан үміттеріңді үзбеңдер! Өйткені, Алла барлық күнәларды кешіреді) келтіреді.

Төрт мәзһабтың ғұламалары үлкен күнә жасаушы- «кәпір» болып есептелмейтіндігіне бірауыздан келіскен және парыз амалдарды мойындап, оны жалқаулықпен орындамай жүргендерді «кәпір» деп емес, «күнәһар мұсылман»  деп атаған. Оған дәлел ретінде Құрандағы Таһрим сүресінің: «Уа иман еткендер! Шынайы түрде тәубе етіп, Аллаға бет бұрыңдар. Міне сонда Раббыларың күнә қателіктеріңді өшірер һәм бәріңді түбінен өзендер ағатын жәннат бақшаларына кіргізер»- деген 8-ші аятын келтірген. Демек, мұсылман адам жасаған күнәсі арқылы кәпір болмайды және иманнан айрылмайды. Бұл ұстаным барлық «хауаридж», «муътазилә» және өзге де ағым қолдаушыларына қарсы дәлел болып табылады.

Бүгінгі тақырыбымызға арқау болатын ол- Ниса сүресінде келген: «Расында Алла, өзіне серік қосушыларды кешірмейді. Одан өзге қалаған нәрсесін кешіреді»- деген 48-ші аяты. Жаңсақ сенімде болып, туған ата-анасын кәпірге баламалап, асын ішуден бас тартқан адасушы ағымдар осы бір ұғымды дұрыс түсінсе екен.

Пайдаланылған әдебиеттер

1.  Құран Кәрім қазақша түсіндірмелі аударма. А.Әкімханов, Н.Анарбаев; «Көкжиек» баспасы, 2015 жыл.

2. Усуль әд-дин. М. Әл-Бәздауи. Құрастырған: д. Ахмад Хижази әс-Сиқа; Әл-Азһар баспасы. Кайр, 2003 жыл.

3. Сияние веры. Қ.Жолдыбайұлы; «Самға» баспасы, 2018 жыл;

4. Шархуль ақидатут- Тахауия; Абдил Ғани әд-Димашқи; Әл-Азһар баспасы. Кайр, 2009 жыл.

5. Сахих әл-Бухари (ықшамдалған нұсқасы). Абдул-Латиф әз-Зубайди. Алматы, 2013 жыл;

6. kazislam.kz ақпараттық- танымдық порталы;

 

 «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің                                           

Жетісай аудандық бөлімі маманы  Б.А.Шаймерден

0 пікір