Түркістан облысында халық санының басым бөлігі Ислам дінін дәстүрлі түрде ұстанады деп айтуға болады. Сондықтан да саны жағынан ең басым діни бірлестік Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы болып табылады. Республика бойынша 18 конфессияны қамтитын 3877 діни бірлестік тіркелген. Елімізде жалпы ҚМДБ қарасты 2744 діни бірлестік болса, соның ішінде Түркістан облысында 765 мешітте 1112 дін қызметкері жұмыс атқарады. Олардың 18% ғана жоғары білімді. Ал 29% орта арнаулы (медресе) және қалған 53% діни сауат ашу курстарында білім алумен шектелген. Халық тығыз шоғырланған және ұлттық құрамы әр алуан өңір үшін білімді де білікті имамдар қашан да қажет.
Түркістан облысында ресми тіркелген 1 миссионер бар. Еліміздің дін саласындағы негізгі мәселелері дәл қазіргі таңда құқықтық, ұйымдастырушылық тұрғыдан бір қалыпқа салынды десек болады. Солардың ең негізгісі қоғам арасында түрлі бүліктер шығарып, отбасылық және туысқандық қарым-қатынастың үзілуіне, мешіттерде имамдарымызға бағынбайтын, ұлттық құндылықтарымызды дұрыс емес деп, мансұқтап жүрген ағым өкілдеріне заң шеңберінде, құқықтық тұрғыдан ықпал ету мәселесі кемшін.
Діни білім алу мәселесі де қай уақыт болмасын күн тәртібінен түспеген тақырып. Елімізде 13 діни оқу жұмыс атқарады, оның ішінде Ислам бағытында – 11 (1-«Нұр-Мүбарак» университеті, 5-медресе колледжі, 4-медресе, ҚМДБ жанындағы Имамдардың біліктілігін арттыру бойынша 1-ислам институты), Христиандық бағытта - 2 (1 - Алматы православие семинариясы және 1 – Қарағанды қаласындағы «Мария - ШіркеуАна» епархияаралық жоғары діни семинариясы). Білім алушылардың жалпы саны – 4378 адам. Сонымен қатар елімізде ЖОО-да арнайы дін саласы бойынша Астана қаласындағы Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ, Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ университеті, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті исламтанушы, дінтану, теология салалары бойынша мамандар дайындауда. Алайда, еліміздегі мешіттердің 4/1 Түркістан облысында орналасқандықтан, тиісінше кадр тапшылығы да сезіледі.
Облысымызда алғаш Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде теология факультетінің ашылуы дін саласындағы маңызды жаңалықтардың бірі болды. Теология саласындағы жоғары кәсіби мамандарды дайындайтын арнайы бөлім ретінде қосылды. Факультетте Оқытушы-профессорлар құрамы 15 адамнан тұрады. Халықаралық Қазақ-түрік университеті 1991 жылы Түркістанда Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен ашылған. Білім ордасынан отыз жылдың ішінде 80 мыңдай түлек түлеп ұшты.
Бүгінгі таңда, 2023 жылдың 1 тоқсанда облыс көлемінде облыстық ақпараттық-түсіндірме топтары тарапынан тұрғындармен – 47, жоғарғы оқу орындары мен арнаулы орта оқу орындары және мектеп оқушыларымен – 86, өндіріс орындары, құқық қорғау және әскери саламедицина саласы және т.б. мекеме қызметкерлерімен 141 кездесу ұйымдастырылған. Жоғарыда аталған кездесулер барысында 16 мыңнан астам адам қамтылған. Жиындардың дәстүрлі діни құндылықтарды халық арасында насихаттауға ықпалы тиюде. Қазіргі таңда интернет ресурстары мен БАҚ-тың қоғамға тигізер ықпалы мол. Сондай-ақ, орталық мамандары тарапынан 43 мақала дайындалып, 151 рет жергілікті басылым беттерінде жарық көрді.
Қорыта келе облыс аумағында терроризм актілеріне ден қою, сонымен қатар, терроризм салдарын барынша азайту және (немесе) жою дайындығының деңгейі бойынша да тұрақты жұмыстар жүргізіліп тұрады. Атап айтқанда, әлеуметтік желілерде (фейсбук, инстаграм) парақшаларында теріс діни ағым жолдарын алдын-алу мақсатындағы материалдар, жергілікті баспа беттерінде мақалалар шығарылып отырады. Орталық мамандарының ұсынған үгіт-насихат материалдары облыстық қала, аудандардың жергілікті БАҚ беттерінде жарыққа шығарылуда. Түркістан облысындағы діни жағдай тұрақты деп айта аламыз.
Қ.Салықбаев
«Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын
ұйымдастыру және үйлестіру» бөлімінің басшысы
Түркістан облысындағы діни ахуалды талдау жұмыстары