Әрбір рәкағатта жетпіс бес рет «субханаллаһи уәл хамду лилләһи уә лә иләһа иллаллаһу уаллаху әкбар» тәрізіндегі зікір сөздері оқылған төрт рәкағаттық бұл намазда «субханаллаһ» сөзі көп қайталанғандықтан «тасбих намазы» (солатут тасбих) аты берілген. Тасбих сөзі терминдік жағынан «Ұлы Алла бүкіл кемшіліктерден пәк, Аллаға мақтаулар болсын және Алладан басқа құдай жоқ және Алла ұлық» мағынасындағы субханаллаһ және т.б. зікір сөздерін айтуды білдіреді. Абу Дәуіт, Тирмизи және Ибн Мажәнің әс-Сунан еңбектерінде және басқа да кейбір хадис кітаптарында тасбиз намазы туралы көптеген хадис риуаяттарын баяндаған. Сондай-ақ Дарәкутни, Хатиб әл-Бағдади, Абу Сағд әс-Сәмғани, Тажәддин әс-Субки, Ибн Насруддин әд-Димашқи және Суюти секілді ғалымдар бұл мәселедегі хадистерді бірнеше кітапшаларға жинаған болатын. Тирмизи тасбих намазы туралы көптеген сахабалардан хадис риуаят етілгендігін, алайда бұл хадистердің әлсіз (зайыф) болғанын, сондай-ақ Абдулла б. Мубарак және кейбір ғалымдардың бұл намаздың фазилетін тілге тиек еткендерін айтқан болатын («Солат», 350). Хадис кітаптарында он екі сахабадан тасбих намазына байланысты риуаяттар орын алған, бұлардың ең мәшһүрі Икримәнің Ибн Аббастан жеткізген хадисі болып есептеледі. Бұл хадис бойынша Алла елшісі, ағасы Аббасқа тасбих намазының көмегімен бүкіл күнәларының кешірілетінін айтып, бұл намаздың оқылу тәртібін түсіндірген. Тасбих намазын, егер мүмкіндік болса, әрбір күні, ал болмаса әр аптасына немесе айына, жылына бір рет немесе еш мүмкіндігі мен уақыты болмаса өмірінде бір оқуына кеңес береді[1].
Фыкых пен тасауф кітаптарында тасбих намазының үкімі, фазилеті мен оқылу тәртібі туралы мәлімет берілгені секілді кейбір факихтер бұл мәселеде кітаптар жазған болатын. Мәселеге байланысты хадистердің сыххатына байланысты көзқарас әралуандылығы болғандықтан кейбір факихтер тасбих намазын мустахаб, кейбіреулері жаиз, басқалары мәкрух деп санаған. Алғашқы кезеңдегі Ханафи мазхабында жазылған әдебиеттерде тасбих намазының үкіміне байланысты зерттеулер кездеспейді. ХІІ ғасырдан бастап намаздың мәкрухтары түсіндірілген бөлімдерде тасбих намазы тек дұрыс һәм жақсы жағынан айтылған (Қасани, І, 216), кейінгі кезеңдерде жазылған кейбір еңбектерде бұл намаздың нәпіл/мәндуп намаздарының бірі болғаны баяндалды.Малики факихтарынан саналған Хаттабтың айтуынша Қади Ияз тасбих намазын фәзаил (нәпілдер) арасында атаған, ал Әбу Бәкір Ибнул Араби болса сахих және хасан хадис болмағандықтан бұл намазды мәкрух болғанын айтады. Ғазали, Бәғауи, Абул Мәхасин Абдулуахид әр-Руйағни, Абдулкарим әр-Рафиғи, Ибн Хажар әл-Хайтами бастаған Шафиғи мазхабы факихтерінің көбісі тасбих намазын мустахаб болғанын айтқан. Ибн Хажар әл-Әсқалани де Мағрифәтул-хисалил мукаффираатты кітабында тасбих хадистерінің сахих, әт-талхисул-хабиратты еңбекте зайыф болғанын айтады.
Кейбір мутасауфтар (сопылар) жұма күндері түнде және күндіз етіп екі рет оқумен үлкен сауапқа кенелуге болатынын айтса[2], кейбір факихтер Ислами ғылымдармен айналысқан ғалымдардың тасбих намазының орнына ілім үйренуге уақыт бөлулері олар үшін тасбих намазынан да қайырлы болатынын айтқан.
Ханафи мазхабын ұстанушылардың көбісі тасбих намазының орындалу тәртібін Абдулла б. Мубарактың, басқа мазхабтардың көбісі болса Ибн Аббастың риуаятын негізге алған. Тасбих намазына ниет етіліп төрт рәкағаттық бұл намазда Абдулла б. Мубарактың риуаяты бойынша әр рәкағатта «Субханәкадан» бұр он бес рет, қырағаттан кейін он рет, рүкүғта он рет, екі сәждеде он-он реттен, екі сәжденің ортасындағы отырыста он рет «субханаллаһи, уәлхамдулилләхи, уә лә иләһә иллаллаһу уаллаһу әкбар» дұғасы бір рәкағтта барлығы 75 рет тасбих айтылады. Төрт рәкағаттан тұратын бұл намазда 300 рет тасбих дұғасы оқылуы қажет. Тасбих намазында Фатихадан кейін Ибн Аббас «Тәкасур», «Аср», «Кафирун» және «Ықылас» сүрелерін оқуға кеңес берсе, басқа факихтер болса «Хадид», «Хашр», «Саф» пен «Тәғабун» сүрелерін оқуға кеңес берген. Тасбих намазы нәпіл құлшылық болғаны үшін тарауих, хусуф, кусуф, истисқа тысындағы басқа нәпіл намаздарда оқылғаны секілді адам жалғыз өзі орындауы қажет. Дегенмен де, адамның оқу қабілетінің жоқтығын ескерген ғалымдар жамағат һәлінде оқуға рұқсат берген. Алла жасаған құлшылықтарымызбен дұғаларымызды қабыл еткен болсын!
Пайдаланылған әдебиеттер
- Хатиб әл-Бағдади, әл-жуз фиһи зикру солатит-тасбих (Иман Али әл-Абдулғани), Бейрут 2008, 5-94 бб
- Жасим б. Сулайман әл-Фуһәйд әд-Дәусари, әт-Танких лимә жа фи солатит-тасбих, Бейрут 1986, 7-107 бб.
- Фазл Хасан Аббас, әт-Таузих фи солатайт-тарауих уәт-тасбих, Амман 2003, 146-212 бб.
Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ
«Оңалту жұмыстарын ұйымдастыру»
бөлімінің басшысы М.Мұстафаев
Тасбих намазының өзге намаздардан ерекшелігі