«Тар жол, тайғақ кешу» тәлімі
«Тар жол, тайғақ кешу» тәлімі
10.10.2024
394
0

 

Сәкен (Сәдуақас) Сейфуллин  (1894-1938) қазақтың атақты ақыны, жалынды жазушысы, дарынды драматург, білікті ұстаз, мемлекеттік қайраткері, Қазақстанның қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі. Қазақ КСР-інің Халық Комиссарлары Кеңесінің алғашқы төрағасы болған.

«Тар жол, тайғақ кешу» романының авторы Сәкен Сейфуллин 1894 жылы 15 қазанда қазіргі Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданында дүниеге келген. Нілде, Ақмолада бастауыш білім алып, 1908-1913 жылдары Омбыдағы мұғалімдер семинариясында оқыған. Тұңғыш өлеңдер жинағы «Өткен күндер» деген атпен 1914 жылы Қазан қаласында жарық көреді. Барлық жанрда қалам сілтеген қаламгер өз дәуірі үшін жаңа тақырыптар көтерді, қазақ әдебиетінің құрылымына тың жаңа өрнектер қосып, серпін берген қаламгерлердің бірі.

Сәкен Сефуллин – қоғам және мемлекет қайраткері. Сәкен Сейфуллиннің маңызды әрі үлкен бір жетістігі – қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе беруі. Қайраткер туған тілді кеңсе тіліне айналдыруға және мемлекеттік мекемелерге енгізуге жанын салып күрескен. 1923 жылы 9 маусымда «Кеңсе істерін қазақ тілінде жүргізу керек» деген атышулы мақаласын жариялады. Бұнымен тоқтамай, жалпы қазақ тілінің мүддесін қорғайтын 9 мақала жазып, өзі басқарып отырған «Еңбекші қазақ» газетіне жариялап отырды. Сәкеннің табандылықпен күресуінің арқасында 1923 жылдың 22 қарашасында Орталық атқару комитеті арнайы декрет қабылдап, еліміздің тарихында тұңғыш рет 1924 жылдың 1 шілдесінен бастап кеңсе істері қазақ тілінде жүргізілетін болған.

Казақтарды «қырғыз» деп атаған кезде, Сәкен Сейфуллин жоғары лауазымды атқара отырып, қазақ деген атымызды қайтарып алды. Құжатымыздағы қазақ деген жазу, және еліміздің аты Қазақстан болғаны осы Сәкеннің арқасында болды деп айтуға болады.

Сондай-ақ бабалардан қалған аманатқа қиянат жасамай, қылышынан қан тамып, дінге қарсы болған заманда Сәкен ессіз батырлыққа барады. Сәкен Сейфуллиннің тікелей нұсқауымен талай заманның куәсі болған, түркі халқына ортақ рухани мұра болған – Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесін күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге тапсырма беріп, реставрациялауға қомақты қаржы бөледі.

Қазақ даласында тұңғыш тарихи-революциялық роман – «Тар жол, тайғақ кешу». Ол 1922 жылдары жазыла бастап, 1927 жылы жеке кітап болып шықты. 1936 жылы өңделіп, толықтырылып, екінші рет басылды. Шығармада 1916-1919 жылдардың саяси-тарихи және әлеуметтік оқиғалары баяндалады. «Тар жол, тайғақ кешу» – автордың көзбен көргенін өз ойымен өңдемей, «фотожазба» түрінде қағазға түсірген еңбегі.

«Тар жол, тайғақ кешу» автобиографиялық сипаттағы роман болғандықтан, көп жағдайда автор мен баяндаушы  бірігіп, ортақ қызмет атқарады. Алайда бұл екі ұғымның ара-жігі көрінетін сәттер де жиі ұшырасады. Баяндаушы – қаһарман өзінің сюжеттік желіге негізгі  түйін ретінде тартылуы нәтижесінде  зор тарихи-әлеуметтік оқиғаларға, айналадағы сан алуан құбылыстарға  жеке көзқарасы тұрғысынан баға береді. Ол ең алдымен тура сол сәттегі жағдаяттар, көңіл-күй әсерлерін нақты қалпында бейнелеуге міндетті. Шығармада бұл процесс әрі қоғам қайраткері, белгілі жазушы Сәкен Сейфуллиннің  қазақ төңкерісінен кейінгі  жылдардағы түсінік, толғамдарымен толыға түсіп, барынша объективтендірілген.

Романдағы баяндаушы-кейіпкер тек байқап қоюшы ғана емес, шығарма фабуласындағы әр түрлі мағыналық астарларды талдап, қорытушы, оған қатысты ой-сезімді ашық жеткізуші орайында белсенді эмоционалдық роль атқарады. Міне, дәл осы тәрізді экспрессивті актілерде авторлық позиция анық бетін танытады. Белгілі бір оқиға, құбылысқа байланысты әсер, толғаныс сипаттары баяндаушы-қаһарманның сол сәттегі жан дүниесінен хабар береді де, автор бейнесі арқылы дәлелденген сенімді интонацияға иеленеді. Мұндай жағдайларда мезгіл алшақтықтары сыналған көзқарас дұрыстығы нәтижесінде мазмұндық бірлікке ұласады. С.Сейфуллин романы онда суреттелетін уақыттан көп қалыс жазылмаған. «Тар жол, тайғақ кешуді» осы заман туралы тарихи туынды деп қабылдауға әбден болады.

Сәкен Сейфуллин – қазақ әдебиетінде ерекше өзіңдік стиль қалыптастырған тұлғалардың бірі. 1937 жылы Сәкен Сейфуллин халық жауы ретінде тұтқындалып, Алматыға түрмеге жіберілді. 1938 жылдың ақпан айының соңында Сейфуллин сталиндік қуғын-сүргіннің құрбаны болды. Ағымдағы жылдың қазан айында Сәкен Сейфуллиннің туғанына 130 жыл толды. Ер есімі – ел есінде мәңгіге сақталынбақ. 

 

 А.Тағай

 

Түркістан облысы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы»

КММ директор орынбасары                                              

0 пікір