Кез келген халықтың ұлт болып қалыптасып, дамуы үшін рухани ұстындар мен тіреуіштер керек. Онсыз қазіргі жаһандану заманында ұлттың ұлт болып өмір сүруі қиындап барады. Ұлттық құндылықтарымен өмір сүріп, болмысын сақтай білген халықтар ғана мемлекет болып өмір сүріп жатқан жайы бар. Мысал келтірер болсақ, қытайлар – Конфуцийді, өзбектер – Науаиды, түрікмендер – Мақтымқұлыны, қырғыздар – «Манас», якуттар – «Олонхо» жырларын ұлттық идеологиясының негізі етіп алған. Ал қазақ үшін қашанда ұлттық идеологияның негізі – Абай.
Қоғамның тазалығы әрбір адамның өзінің жеке тазалығына мән беруінен басталады. Демек, жан тазалығы мен тән тазалығы адамзат үшін бәрінен де маңызды болуы керек.
Тазалық деген сөздің өзі адамзат баласына егіз ұғым. Адам тән тазалығымен де жан тазалығымен де Аллаға жақындайды. Асыл дінімізде тазалыққа қатты көңіл бөлінеді.
Қазақтың дана да дара ұлы тарихи тұлғасы Абайдың жетінші қара сөзі тән мен жан азығын ажыратудағы ең үлкен нұсқаулық сынды.
Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады: біреуі – ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Бұлар тәннің құмары. Бұлар болмаса, тән жанға қонақ үй бола алмайды, һәм өзі өспейді, қуат таппайды.
Біреуі – білсем екен демелік. Білетіндер мен білмейтіндер тең емес. Тәнімізге азық болар білімнің ең тереңі Алланы танумен оған деген махаббатымыз бен оны тану жолындағы ілімімізбен толықпақ.
Ақылмен танылатын жанның қадірі, көзбен көрінетін тәннен жоғары тұрмақ. Адамның жасаған қандайда бір амалы оның осы – жан дүниесіне, жүрегіне нұр беретіндей болғаны абзал.
Абайдың:
Тән сүйгенін бермесе,
Жан шыдамас жаны ашып.
Бере берсең – бер десе,
Үміт етер таласып,-дегеніне қарағанда, жанды қанша әулие тұтқанымызбен, Жанның өзі Тәннің беретін ырыздығынан аса дәмелі әрі онсыз дербес өмір сүре де алмайтын сыңайлы.
Намаз – адам баласының тән тазалығы мен жан тазалығы. Рух азығы мен ар азығы. Адам намаз арқылы Ұлы Жаратушыға тағзым етіп, өзінің пендешілігіне тәубе етеді.
Рағд сүресінде: «Біліп қойыңдар! Жүректер тек қана Алланы еске алу арқылы жай табады»,-деп, ғибадат жасаған уақытта ғана рухымыз еркін тыныс алып, жүрегіміз жай тауып, жан дүниеміз тыныштыққа, шексіз рахатқа қауышып, ерекше ләззатқа бөленетінін білдіреді. Мысал келтірсек, ғибадат – рухымызға қорек, жүрегімізге шипа, денемізге саулық, ақылымызға туралық, ерік-жігерімізге қуат, сезімдерімізге кемелдік, әлсіздігімізге сүйеніш сыйлайды.
Адам Алланың көркем түрде, ерекше махаббатпен жаратқан жаратылысы. Барлық әлемдердің Раббысы жаратқан мақұлықтарының ішінде адамға ғана ой-сана, ақыл берді. Сөйлеу қабілетіне ие қылды.
Сол үшін де саналы түрде адамзат баласы өзінің жаны мен тәнінің тазалығы үшін үздіксіз дамып, білім алып, мінезін әсемдеп таза ішіп, таза жүргені дұрыс. Нахыл сүресі 78-аятта: «Алла сендерді аналарыңның қарнынан еш нәрсе білмейтін түрде шығарды да сендерге есту, көру және ойлау қабілетін берді. Әрине шүкіршілік етерсіңдер». Адам бойындағы барлық күшін қоршаған ортадан, алыс-жақын дүниеден алатыны белгілі. Соны сезіну, тану, білу арқылы ұғады, білімін арттырады, ойын толықтырады.
Адамзат баласына тағы бір берілген үлкен нығмет ол таңдау. Күн сайын, сағат сайын, тіпті секунд сайын таңдау беріледі. Өзіңе деген құрмет пен махаббатпен жаның мен тәніңді тең ұстау нағыз адамдық қасиет. Сыйлы болу мен сыйлай білу де жан мен тән азығының көрінісі.
Түркістан облысы дін істері басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің
Жетісай ауданындағы теолог маманы: Ә.Болат
Тән азығы мен жан азығы