Салауатты өмір салтын сақтап, әлеуетті өмір сүрудің бір негізі қоршаған ортаға көңіл бөліп, бай табиғатымызды қорғай білуде. Әсіресе, қалалар көптеп тұрғызылып, қағаз өнімдерін тұтыну көбейген қазіргі уақытта бұл орман шаруашылықтарына айтарлықтай кері әсерін тигізуде. Нәтижеде бір жағынан жасампаздықпен алға ұмтылған адам баласына табиғат ананы да қамқорлыққа алу міндеті еселене түсуде. Осы табиғат ананы қорғап қалу мәселесінде өте-мөте ағаштарға көңіл бөлудің, тал, шыбық отырғызуды ұмыт қалдырмаудың мәні зор. Өйткені ағаш егудің адамзат баласына тигізер пайдасы, жалпы қоршаған ортаға жақсы әсері бар екені баршаға белгілі.
Бір қызығы, жеміс берсін-бермесін кез келген ағаштың адамзатқа тигізер пайдасы ұшан-теңіз. Адамға тіршілік үшін ең керегі ауа болса, сол ауаны жасайтын, тазалайтын, сүзгіден өткізетін, яғни ауадағы газдарды, түрлі ластықтарды өзіне тартып алып, орнына оттегі бөліп шығаруда орасан қызмет атқаратын да осы ағаш. Халық даналары «Ауа адамсыз өмір сүре алады, Адам ауасыз өмір сүре алмайды» деп тектен тегін айтпаған. Адамзат өз тарихында осы күнге дейін әлі ағаштан артық ауаны тазартатын бірде-бір қондырғы ойлап таба алмады. Ағаштың ауаны тазартумен қатар ауаны реттеп, шудың азаюына да айтарлықтай пайда тигізеді. Әсіресе қаладағы ағаштардың шуды азайтуға еңбегі орасан. Яғни шудың деңгейін едәуір төмендететін бірден бір құрылғы.
Табиғи тепе-теңдікті сақтап тұрған да айналамыздағы ағаштар. Бұған қоса, ыстықты, аязды басып, ылғалдылықты сақтап, жаңбырлардың уақытында және табиғи тәртіппен жаууын реттейді, топырақтың құнарлылығын сақтайды, дауылдардың екпінін азайтады, т.б. Айта берсе ағаштың адамға берер пайдасы мол.
Сондай-ақ Пайғамбарымыз (с.а.с.) бұны тек айтып қана қоймай, іс жүзінде де дәлелдей білген. Оған тарихтан дәлел ретінде айтар болсақ Алла елшісі (с.а.с.) Меккеден Мәдинаға көшіп келген кезінде Мәдинаның батпағын кетіру үшін айналдыра ағаш еккізгені баршаға мәлім. Міне осы секілді ағаш батпақты ғана кетіріп қана қоймай ауаны да тазартады, оның саясында демалған адам кең тыныс алып жаны жай табады. Күнделікті қолданып жүрген материалдарымыздың көбі осы ағаштан жасалады. Кітаптар, қағаздар, үйіміздің есігі, терезесі, үстелдер мен тақталар, мектеп парталары т.б.
Жаңадан өмірге келген сәбидің бесігі де, өміріміз біткеннен кейін қабірге апаратын табыт та сол ағаштан жасалады. Ағаштардың арқасында табиғат көз тартарлық жап-жасыл кейіпке бөленеді. Ауаны тазартып, суықта үйді жылытатыны да өз алдына.
«Тазалық иманның жартысы» деген хадис осының бір айғағы. Және Пайғамбарымыз (с.а.с.) адамдар жүретін жолдың үстіне, тынығатын көлеңкелерде, әсіресе жемісті ағаштардың түбінде дәрет сындыруға болмайтындығы жөнінде сахабаларға:
«Екі түрлі қарғыс арқалаудан сақ болыңдар!» дегенде, олар: «Әй, Алланың елшісі! Екі қарғыс алушы дегеніңіз кім?» – деп сұрайды. Ол:
«Адамдар жүретін жолға немесе тынығатын көлеңкеге дәрет сындырушы» деген екен.
Негізінде мұсылман бүлдіруші емес, бүтіндеуші, қиратушы емес дұрыстаушы, зиян келтіруші емес пайда әкелуші. Өкінішке қарай, бізде керісінше болып жатады. Мәселен, көктем кездерінде табиғат аясына сейілдеуге шыққанда, қоқыстарды шашып, ағаштарды сындырып, темекінің қалдықтарын қалдырып, тіпті оны өшірместен тастап кеткеннің кесірінен бір орман алқаптары өртеніп осылайша табиғатқа кері әсерін тигізіп жататындар да кездеседі.
Қорыта келе даналарымыздың «судың да сұрауы бар» деуі осыған саяды. Олай болса табиғатты аялау, оған көңіл бөлу, таза ұстау, зиян келтірмеу, аманатқа қиянат жасамау әрбір адамзаттың міндеті болып саналады. Ендеше табиғатты қорғап, оны таза сақтау өз қолымызда.
Д. Аманов
Түркістан облысының дін істері басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің
Мақтаарал ауданындағы дінтанушы маманы