Шынайы білім тәкаппарлыққа жетелемейді
Шынайы білім тәкаппарлыққа жетелемейді
11.04.2023
988
0

        Атақты ойшыл ғалым Әбу Насыр әл-Фараби: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек. Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне қауіп алып келеді»,-деген екен. Білімді әркім де алар, ал оны іске асыру көп адамның қолынан келе бермейтін іс.                                                       

       Тәрбиемен берілген ілім – өлшеуі жоқ қазына. Ендеше елдігімізді ерте қамдаймыз десек, «Бір жылын ойлаған күріш егеді, он жылын ойлаған ағаш егеді, ал жүз жылын ойлаған бала тәрбиелейді»,-деп айтылғандай, құрсақтан берілетін тәрбиенің орны бөлек екенін ескерген жөн. Сонда осы тәрбиемен бармақтай болса да, берілген білімнің қоғам үшін өлшеусіз қазына болып оралатыны да сөзсіз.                                                                     Еліміздің жастарының діни білім алуы маңызды мәселе. Себебі «Болашақ жастардың қолында»,-деп ата-бабаларымыз жырлап өткендей, жастар – болашағымыздың жаршысы. Олардың діни білім алулары біздің руханияттың тірегі, дініміздің кемелденуі.                                                                 

          Қазақтың аса көрнекті ағартушысы, зиялысы, жалынды көсемсөз Міржақып Дулатұлы: 

«Әуелі үйренетін бір ғылымың,                                                                        

Өзіңнің мұсылманша дін ғылымың,        

Шарттарын исламның кәміл білсең,                                                                 

Ақыреттік азық болар шын ғылымың,    

Келесі үйренетін бір ғылымың,                                                                    

Өзіңе бек пайдалы тіл білуің»,-деп, жырлағандай ілім-білімнің адамзат өмірінде алар орны ерекше.                               Қасиетті Құранның «Аләқ» сүресінің алғашқы аяты «Оқы»,-деп келген. Бұл бұйрық тек Құранды ғана емес, әлемді оқу, адамды оқу, әлемнің жаратылыс сырларын оқып, ғаламды зерттеп, зерделеп, білім алу, ізденуді адамзатқа айшықтап  тұрғандай. Сондай-ақ пайғамбар  (с.а.с.) хадисінде: «Ілім алу әрбір мұсылман ер мен әйелге кісіге парыз»,-деп келеді. Бұл хадистен аңғаратынымыз оқу, білім алуда еркек, әйел деп бөлмей, әрбір мұсылман кісіге парыз етілгені.                 

      Бұл білімнің адамзат ғұмырында қаншалықты маңызды рөл атқаратындығын айқындайды. Адам білімді болумен қатар соған сай мінез таныта білуі де, алған білімімен асыра мақтанып тәкәппарлыққа салынып кетпеуі де аса маңызды. Тәкаппарлық – мінез-құлық пен жан дүниенің көрінісі. Ол – адам баласының өзін өзгелерден әлдеқайда жақсымын деп сендіруі. Тәкаппарлық – адамға ақиқатты қабылдауға кедергі жасайтын рухани дерт. Адам баласының қол жеткізген барлық нығметінің Жаратушы Тағаладан екенін ұмыттырып, жоққа шығартатын жаман қасиет. Бұл – дерт, дертке шалдықтырған – надандық. Ал бұл дерттің шипасы – рухани таза білім болып табылады. Ғалым адам өзін өте білімді санағандықтан, өзгелерді надан көреді. Ондай адамның мінез-құлқы көбінесе нашар келеді. Білім көктен жауған жаңбыр секілді. Білім адамның табиғатындағы кез келген қабілетін арттырады. Егер жаңбыр суы ащы өсімдікке тиер болса, ол өсімдік одан әрі ащы бола түседі. Егер тәтті жеміске жауар болса, оның тәттілігі де артады. Хакім Абай айтқандай: «Ортаға біліміңмен емес, мінезіңмен сиясың»,-деген. Бұл білімді алу қаншалықты қиын болса, оны өз болмысыңды жоғалтпай ұстап қалу одан да қиын екенінін аңғартатындай.                                                                                        

      Қазіргі таңда дін саласында білім, даму мәселелері мемлекет тарапынан өзекті тақырыптардың бірі. Мемлекет тарапынан көптеген алға жылжулар байқалуда. Кеңес дәуіріндегідей жастарымыз діни білім алуы үшін шетел асып білім іздеп кетуі шарт емес. Бүгінде елімізде діни білім алуға бар мүмкіндік жасалынған. Сол себепті жастардың білімге назар аударуы абзал.                               

    Қорытындылай келе,  білімділер мен білмейтіндер тең емес. Дін де, ғылымда да білім адамды тәкәппарлыққа емес, керісінше көрегенділікке, адамгершілікке, бауырмалдылыққа тәрбиелілікке үндейді.

 

А.Құрманбек

Теолог маман                                                             

0 пікір