Мұсылман қауымында намаз- бес парыздың бірі және маңызды ғибадат болып саналады. Оның арнайы шарттары да бар. Олар: ішкі және сыртқы парыздар болып бөлінеді. Сыртқы парыздардан болып саналатынының бірі- дәрет алу. Алла Тағала: «Ей иман еткендер! Намазға тұрмақшы болсаңдар жүздеріңді және қолдарыңды шығанақтарыңмен қоса жуыңдар. Бастарыңа мәсіх тартыңдар. Аяқтарыңды тобықтармен қоса жуыңдар» [Халифа Алтай, (Құранның қазақша аудармасы және түсінігі)]- деген Құранның Мәйда сүресінің 6-шы аяты дәреттің парыз болуына себеп болған. Осы парыздың ішіндегі аяқты жуу мәселесінде қазіргі таңда жат ағым өкілдерінің арандатушылығының себебінен бүлік туындау үстінде. Кейбір жастарымыздың осындай бүлікке ілесіп, төрт парыздың бірі аяқты жууға атүсті қарайтындығы мәлім. Жаз немесе қыс мезгілі болсын жұқа шұлықтарға мәсіх тартып, оны өзгелерге де насихаттап жүр. Бұл тұрғыдан дәлел сұралса: «достоверный (сенімді) хадис бар. Соны ұстанамын»- деп шыға келеді. Сәләфилік (уаһһабилік) ағымды ұстанушы азаматтардың көбі дерлік жұқа шұлықтарға (носкиге) мәсіх тартуға дәлел ретінде Тирмизидің риуаятында келген Муғира бин Шуъбадан жеткен хадисті айтады.
Аталған хадистің мәтіні былайша келеді:عن مغيرة بن شوعبة قال توضأ النبي صلى الله عليه و سلم و مسح على الجوربين و النعلين «Пайғамбарымыз (с.а.с) дәрет алды және екі шұлығына және аяқ киіміне мәсіх тартты»- деген. (Наъл дегеніміз- аяқ киімнің тәпішке секілді тобықтан төмен келетін жеңіл түрі).
Хадис ғұламаларының аталған хадис бойынша пікірлері
- Әбу Дауд, ән- Насаий бұл хадисті «әлсіз» деп бағалаған.
- «Тухфатул ахуази» атты Тирмизидің хадистер жинағына кең түсіндірме жазған Мухаммад Абдурахман ибн Абдурахим де бұл тақырыпта келген өзге үш хадистің де (шұлыққа мәсіх тартты) дәрежесі «әлсіз» деген.
- Шафиғи мәзһабының хадисші ғалымы Имам ән-Науауи бұл жайлы: «Бұл хадис- әлсіз. Көптеген хафыз ғалымдар әлсіз деген. Әл-Байһақи бұл хадисті «мүнкәр» (өте әлсіз) деп, Атақты хадисші ғалымдар Суфиян әс-Саури, Абдураһман ибн Мәхди, Ахмад ибн Ханбал, Яхия ибн Мағин, Муслим бин Хәжжаж секілді ғұламалар да «әлсіз»- де бағалағанын жеткізді. [Мағрифатус-сунан уаль асар лилБайһақи; 1-том, 349 бет.]
Айтып өтетін жәйт- Әт-Тирмизи бұл хадисті «хасан сахих» деп бағалағанымен жоғарыда аталған хадистанушы ғалымдардан дәрежесі жоғары бола алмайды. Себебі: ілім иелерінің ижмағы (келісілген пікірлері) бойынша Муслим бин Хәжжаж және өзге де ғалымдардың дәрежесі Әт- Тирмизиден жоғары тұратындығы айтылған.
Ал бұл хадисті қорытындылар болсақ:
Әуелі Муғира бин Шуъбадан келген хадисті сахих деп бағалаған күннің өзінде оны өзге қайшы дәлелдермен үйлестіріп түсіну үшін шұлықты «аяқ киімсіз жүруге жарамды» деп жорамалдау керек. Өйткені, аталған хадисте «шұлықтың барлық түрі»- деп сөз келмеген.Екіншіден: әл- Байһақи ұстазы Әбу Уалид ән-Найсабуридің былай дегенін жеткізген: «бұл жердегі шұлық- жеке шұлық және жеке аяқ киім емес. Керісінше, асты терімен қапталған шұлық. Яғни, хадисті: «Пайғамбарымыз (с.а.с): екі шұлығына және екі аяқ киіміне мәсіх тартты»- деп емес, «асты терімен қапталған екі шұлыққа мәсіх тартты» деп түсіну қажет»- дегенін, және деӘнас ибн Мәликтің де осы хадиске байланысты осы мағынаны беретін сөзін атап өткен.[Имам әбу Закария ән-Науауи, Маджмууъ 1-том;566-бет] Үшіншіден: Имам Тирмизидің өзі шұлықты жұқа деп емес, «қалың байпақ» деп түсінген. Оған дәлел: аталмыш хадистің соңында «Сунанут- Тирмизи» кітабында: «Суфиян әс-Саури, ибн Мубарак, Ахмад және Исхақ сияқты ғалымдар Наъл болмаса да қалың шұлыққамәсіх тартуға болады ». [Сунанут-Тирмиз; 1-том, 167-бет] Төртіншіден: төрт мәзһаб ғұламаларының ешқайсысы жұқа шұлыққа мәсіх тартуға болады деп пәтуа бермеген. Бұл мәселеде ғалымдар арасында ижмағ бар.
Төрт мәзһаб ғұламаларының «шұлыққа мәсіх тарту» бойынша пікірлері
Мәлики мәзһабы бойынша жұқа шұлықты былай қойғанда, асты терімен қапталмаған кез келген қалың шұлыққа да мәсіх тартуға болмайды. Асты терімен қапталуы шарт. [Абу Омар Юсуф ибн Абдилләһ әл Құртуби, әл Кәфи;1-том, 27-бет]
Шафиғи мәзһабы бойынша асты көрінбейтін, су өткізбейтін тығыз, терімен асты қапталмаған болса- оған мәсіх тартуға болмайды. Имам Науауи: «Біздің мәзһабымызда егер шұлық жүруге жарамды болса мәсәх тартуға болады. Әйтпесе жоқ... Ал жүруге жарамайтын жұқа шұлыққа мәсіх тартуға болмайтыны даусыз»- деген. [Науааи; әл-Маджмууъ; 1-том, 564-бет]
Ханбали мәзһабы бойынша «асты терімен қапталмаған шұлыққа мәсіх тартуға болады»- деген. Алайда, жұқа емес қалың шұлық. Оған дәлел: Абдулла ибн Ахмад ибн Қудаманың «Әл-Муғни» атты кітабында имам Ахмадтың мына сөзін жеткізген: «Аяқта мәсі тәрізді тік тұратындай қалың емес шұлыққа мәсіх тартуға болмайды. Ал адамдардың шұлыққа мәсіх тартуы- ол шұлықтың аяқ киім тәріздес жүріп- тұруға жарайтындай болуынан». [Әл Муғни; 1-том,182-бет] Сонымен қатар, Ханбали мәзһабының атақты ғалымы Шамсуддин ибн Қудама «Шархуль- Кабир» атты кітабында: «Егер өздігінен аяқта тік тұратын, жүруге жарайтын болса- мәсіх тартуға болады. Ал жұқа болса- болмайды.»- деген. Сәләфилік ағымның негізін қалаушылардың бірі Ибн Тәймия да «Мәджмуъул Фатауа» атты кітабында: «мәсіге мәсіх тартқанымыздай шұлыққа да мәсіх тартуға болама деген сұрақ қоюшыға: ия. Егер жүруге жарамды болса болады»- деп пәтуа айтқан. [маджмуъ аль Фатауа; 11-том, 123-бет]
Ханафи мәзһабы бойынша атақты ғалым әл- Кәсәнидің «Бәдәиъус- Сәнәиъ» атты кітабында: «Мұхамед пен Абу Юсуф бойынша жүруге жарайтындай мықты, астын көрсетпейтіндей қалың және суды өткізбейтіндей тығыз, аяққа кигендей байламай тік тұратын шұлыққа немесе үсті және табаны терімен қапталған мәсі тәріздес шұлыққа, табаны терімен қапталған шұлыққа мәсіх тартуға болады. Ал Әбу Ханифаның пікір бойынша: тек табаны немесе үсті және табаны терімен қапталған шұлыққа ғана мәсіх тартуға болады»- дегенін жеткізген. Басқа риуаяттарда Әбу Ханифа науқастанғаннан кейін «Мұхаммед және Әбу Юсуфтың пікіріне қайтып, қалың шұлыққа мәсіх тартқандығы» айтылған.[Бәдәиъус-Сәнәиъ;1-том, 141- бет]
Жалпы, Ханафи мәзһабы бойынша мәсіге мәсіх тарту үшін төмендегдей шарттар қойылады:
- Мәсілер (аяқ жуылып дәрет алған соң) киілуі;
- Мәсілер аяқтың тобықтарын жауып тұруы.
- Әр мәсіде аяқтың кішкентай бармағымен үш бармақ үлкендігіндей жыртық не сөгітілген болмауы;
- Аяқта баусыз тұра алатындай қалың болуы;
- Сырттағы суды сіңіріп, аяққа өткізбеуі; [Сейфеддин Языжы; Негізгі діни мағлұматтар. 93-бет]
Cөз соңында айтарымыз: «Кімде- кім күмәнді нәрселерден сақтанса, ар-ұятын, абыройын сақтаған болады.»- деп Пайғамбарымыз (с.а.с) атқандай, оғаш шәзз (барша ғұламалардың пәтуаларына қайшы пәтуа) пәтуалардан аулақ болайық.
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің
Жетісай аудандық бөлімі маманы: Б.Шаймерден