Шетелдегі заңсыз діни білім алу
Шетелдегі заңсыз діни білім алу
29.01.2024
808
0

Қазіргі таңда шетелдерден діни білім алуға жастарымыздың қызығушылығы едәуір ұлғайған. Елімізде жастардың шет мемлекеттерден ілім ізденіп, шекара асып кетіп жатқандығы таңқаларлық жайт емес. Себебі қазақ жастарының шетелде білім алуы қолжетімді жағдайға айналған. Алайда ілім аламыз деп барған жастарымыздың, кереғар діннің жетегіне еріп кетіп жатқандығы тағы бар.                                                                                   

Шетелдегі теологиялық бейресми оқу орындарында білім алу аса қауіпті. Олар мемлекеттің арнайы бақылауында болмағандықтан, «медресе» немесе «университет» деген атауға ие емес. Шағын курс ретінде жұмыс жасайды. Аталмыш бейресми «курстардан» білім алған кейбір жастарымыз «сәләфизм», «тәкфиризм» тәрізді ағымдардың идеологиясына уланып шыға келеді. Кез келген діни ұйым, ағым, саяси топ өздерінің мақсатын жүзеге асыру үшін арнайы оқытатын орталық құрады. Жастарға тегін білім береміз, тегін тамақпен қамтамасыз етеміз деп қызығушылықтарын арттырады. Тіпті шәкірттерінің барлық жағдайын жасауға дайын болады. Олардың негізгі идеологиялық мақсаты – өз жақтастарының санын арттыру. Осы себепті шет мемлекеттерден жастарды жинақтайды. Теріс діннің идеологиясына уланған жастарымыз, елге оралған соң да, сол ілімді жалғастырады. Қанымызға сіңген салт-дәстүрді жоққа шығарып, ұлттық құндылықтарымызды дәстүрлі ислам құндылықтарымен ұштастыра алмау діни адасушылыққа әкеп соқтырады.                                  

Әлеуметтік желі арқылы жастардың санасын улап, өзге мемлекеттің ілім ошақтарынан діни білімді алуға, атап айтсақ Сауд Арабия, Йемен, Кувейт, Иран, Пәкістан, Катар сияқты елдерде алуға құштарлығын арттырып отыр.                     

Қоғамға кері әсер етпейтін, жастарымыздың санасын уланудан сақтайтын қарсы имунитет құруымыз қажет. Діни ілім алатын әрбір азамат ҚМДБ-ның рұқсатымен шетелде білім алуды қолға алса, жат ағымның жетегіне еріп кетуден  жастарымызды сақтауымыз әбден мүмкін. Әрине бұл дегеніміз шетелдердің діни ошақтарының білім беру жүйесін мойындамайды дегенді білдірмейді. Еліміз шетмемлекеттердің білім беру жүйесін, ресми діни жүйесінің артықшылықтарын жоққа шығармайды. Бірақ қазақ жастары діни сауатын өз елімізде ашып, ақ пен қараны айыра алатын жағдайға жетуі тиіс.            

Қазақстан – зайырлы мемлекет. Еліміздің заңына сәйкес дін ұстану еркіндігі, ешбір діннің міндетті еместігі сондай-ақ қандай да бір дінге артықшылық берілмейтіндігі және заңды түрде қызмет атқарып отырған барлық конфессиялардың заң алдындағы теңдігі нақты көрсетілген. Себебі Қазақстан халқы зайырлы және демократиялы мемлекетте өмір сүргендіктен, әркімнің өз таңдау құқығы бар.                                                                                                       

Діни фанатизм қандайда жағдай болмасын барша адамзатқа қатерлі дерт болып табылады. Фанатизмнің қауіптілігі сол тек өзімдікі ғана дұрыс, өзгелер қате пікірде деп санауы ғана емес, өзгелерге деген жеккерушілік пен басқа көзқарастыларға төзімсіздікпен қарауында.                                                      

Қазақстан Республикасының Конституциясының 1-бабы 1-тармағында: «Қазақстан Республикасы өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары»,-делінген. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер» туралы заңының 3-бабының 5-тармағында: «Азаматтардың дінге көзқарасына байланысты олардың азаматтық құқықтарының бұзылуына, діни қызметіне заңсыз кедергі келтіруге немесе олардың діни сезімдерін қорлауға, қандай да бір ұстанушылар қадiр тұтатын заттарды, құрылыстар мен орындарды қорлауға жол берілмейді» деп атап көрсетілген. Қазақстан Республикасының азаматтары дiнге деген көзқарастарына тәуелсіз экономикалық, саяси, әлеуметтiк және мәдени өмiрдiң барлық салаларында өзара тең. Азаматтарды дiнге көзқарасына шектеу немесе ұстанатын дініне қарай қандай да бiр артықшылықтар беру, азаматтардың діни сезiмдерiн жәбiрлеу, сондай-ақ дiндi ұстанушылар қадiр тұтатын заттарды, құрылыстар мен орындарды қорлау Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауапкершiлiкке тартылады.                                                                        

Дін мемлекеттен бейтарап саналғанымен, дін мемлекет тіректерінің бірі – рухани тірегі болып қала бермек. Өзге елдің цивилизациясын аламыз деп канализациясына түсіп кетіп жатқандығымызды байқамаймыз.                                

Ислам діні үрке қарайтын сенім емес, бибітшіліке татулыққа үндейтін діни сенім. Сондықтан дін атын жамылған, жат ағымның жетегіне ілеспей, дәстүрлі ислам діни сенім жүйесін ұстанған абзал.

М.Құрманбек                                                                                                  

Теолог маман                                                                                       

0 пікір