Рухы зор елдің еңсесі биік
Рухы зор елдің еңсесі биік
27.02.2018
1428
0

Рухы зор елдің еңсесі биік

    Кеңес Одағының ыдырауы бүкіл посткеңестік мемлекеттердің қоғамдық-саяси және экономикалық даму салаларында, ол елдердің түбегейлі қайта құрылып, егеменді ел болуына байланысты елдің рухани өмірі мен саяси  құрылымдарына түбегейлі өзгерістер алып келді. Қазіргі ТМД елдерінің аталмыш салалардағы өздеріне сай даму ерекшеліктері болғанымен де,  барлығына ортақ жағдай – қоғам өміріндегі рухани, бірлік, ынтымаққа кері әсері бар діни сенімге қатысты  мәселелер, дәлірек айтсақ дүниетанымдық негізге, креативті ақыл-ой, ұлттық ұстаным тұтастығына сын қағатын түрлі әлеуметтік-мәдени жат пиғылдар мен діни экспанциялық аңсары басым топтар мен дәстүрлі мәдениет арақатынасы. Жиырма бес  жыл ішінде саяси-экономикалық, тарихи-әлеуметтік өзгерістер жаңа платформалық талаптар енгізді. Өз кезегінде нарықтық экономика жүйесі батыс менталитетіне сай руханиятты шетке қақты. Қазақстан қоғамында да күрделі де қарама-қайшылыққа толы мәселелердің мәнін ашты. Атап айтар болсақ: түрлі жаңа діни ағымдардың ұлттық және діни тарихи-әлеуметтік идентификациясы бірлігіне ықпалы, төрткүл дүниеден бейсауыт, кездейсоқ түрлі бағыттардағы идеологиялардың әсерінен дәстүрлі мәдениетпен келіспеушілік мәселесі және саясаттандырылған діни ұйымдардардың қоғам тұрақтылығына қауіп төндіретін іс-әрекеттері.
   Тәуелсіздік жылдарында, нарық экономикасы жағдайында, шетелдік миссионерлерлер де посткеңестік кеңістіктегі рухани дағдарысқа ұшыраған халықтардың сұранысын өз пайдалары мен мақсаттарына орай жедел қанағаттандыруға асығып, солақай астыртын әрекеттерімен бірқатар жетістіктерге жетті. Халықаралық түрлі  адам құқығы және діни сенім бостандығы жөніндегі құқықтық актілер сылтауын бетперде етіп ұстай отырып, олар жергілікті халықтың қалыптасқан мәдени ортасына түрлі шиеленісті мәселелердің бірінен соң бірін ендіріп бақты. Ең әуелі ол отбасы институтын залалдады. Нәтижесінде, дәстүрлі емес діндердің кеңінен таралуы елдегі діни жағдайды одан ары өршітіп, елдегі онсыз да қалыптасып үлгермеген дінаралық қарым-қатынастар үйлесімін бұзды.
    Жаңа посткеңестік Қазақстан өз ұлттық мүддесін анықтауға, өзіне одақтастарды, сауда – экономикалық әріптестерді және т.б. таңдауға мүмкіндік алған соң әлемдік саясаттың шын мәніндегі тең құқықтық факторларға айналғаны ешбір күмән тудырмайтын факт екенін айтуымыз керек. Бұрынғыға қарағанда еліміз үшін қазір экономика, саясат және қауіпсіздік саласында ынтымақтастықтың әлдеқайда кең перспективасы ашылды. Дәстүріміз дұрыс насихаттала бастады.
    Алайда соңғы кездері қоғамда орын алып жатқан жағдай тым алаңдатарлық, ол біздің қоғам қайда бара жатыр, ұлтымыз қайда бара жатыр, мұсылманымыз қайда бара жатыр, осы сұрақтар әрбір қазақ баласын алаңдатып отырғаны ақиқат. Діни ақпараттардың, түрлі діни ағымдардың ықпалы бүгінгі таңда енді ғана ұлттық сананы қалыптастырып жатқан жастарымыздың арасында ықпалдырақ болып отыр. Кереғар діни ағымдардың іс-әрекеттерін ауыздықтау  қазіргі таңдағы бірден бір өзекті мәселелердің бірі. Қоғамдық өмірде түбегейлі өзгерістерді жүзеге асырып отырған жас тәуелсіз мемлекеттің саясатының тиімділігінің көрсеткіші экономикалық дамудағы жетістіктермен қатар адамдық ресурстың сапалық көрсеткіші. Қазіргі тұлғаның сапасы өмір сүрудің сапасымен және қоғамның әлеуметтік саулығы деңгейімен анықталады.
Жаңа қоғамды қалыптастыру жағдайында мемлекет пен жеке адамның өзара байланыстылығы мәселесіне қатысты Н. Назарбаев «сындарлы онжылдық» еңбегінде былай деп көрсетеді: «Біздің және әрбір мемлекеттік тәуелсіздіктің қалыптасу тарихы – бұл қоғамдық-тарихи тұрғыдан қайта құрылу ғана емес, өмірлік құндылықтарды және өмір сүрудің мәнін психологиялық тұрғыдан қайта қарау. Бұл халықтың және біздің әрқайсысымыздың әлемдік өркениетке ену тарихымыз».
   Қазақ елінің және мемлекетінің қазіргі кездегі қалыптасып жетілуі өте күрделі геосаяси жағдайларда жүзеге асырылуда. Әлемнің алдыңғы қатарлы көптеген елдері біздің дамуымызға, қалыптасуымызға, алға қарай жылжуымызға көз тігуде. Егер біреулері қуаныш пен ризашлықпен қарайтын болса, ал енді біреулері қызғанышпен салқын пиғылмен қарап отыр. Әрине, мемлекетіміздің болашағы жастар. Олардың дүниетанымы, құндылықтар әлемі, рухани болмысы, наным-сенімі еліміздің болашағының айқын үміті болып саналады. Осы тұрғыдан алғанда, қазақ елінің қазіргі қалыптасып дамуы, осыдан бір ғасыр бұрыңғы тарихи жағдайлармен арасы жер мен көктей алыс, әр басқа әлем. Ол кезде қазақ зиялылары Ресей империясының рухани езгісінде болған, туған халқын еркіндікке, бостандыққа, тәуелсіз ел болуға рұқсат та ала алмаушы еді. Тіпті ұлттың негізгі өзегінің бірі тілін дамытуға рұқсат ала алмады. Бұл мақсаттың басты кілті ретінде олар рухани-бостандықты белігілеп, ата дінімізді ислам дінін терең игеріп, ондағы құндылықтарды, имандылықты жүзеге асыру үшін қайта жаңғырту қажеттіктерін алға тартты. Қазақ зиялылары өз көзқарастарында қоғамдағы тоқыраудың себеп-салдары мен оның мәнін ашу жақтары, қоғам өмір-тіршілігінің жан-жақты тұстарын сынға ала отырып, осы жағдайды реттеу бағытында келелі пікірлер айтты. Шәкәрім, Ғұмар Қараш сынды тұлғалар өз заманында қоғамға жаңаша ойлау үрдісін ұсына білді және руханият арнасында елеулі пікірлер мен көзқарастарын қалдырды, бүгінгі тілмен айтқанда ислам дінінің адамзатқа ортақ құндылықтарын айрықша дәріптеп, елге сәулелі ұстанымдар тегінің құраннан бастау алатынын халық арасында тәптіштеп түсіндірушілер негіздеушілер болды деп те айтуымызға болады. Ендеше, қазіргі кездегі әртүрлі жат бағыттағы әсіре діни түсініктер қоғамымызда белең алып келе жатқан шақта, олардың алдын-алу шаралары жүйелі түрде қолға алынып отырған кезеңде, жоғарыда аталған ойшылдардың байсалды ұстанымын ашып көрсетіп, оның ішкі мәніне жетіп, зиялылар танымындағы ой сарынын салыстырмалы талдап, оны қоғам талқысына ұсыну мәселелері зерттеуге зәру бағыт. Қазіргі жаһандану заманында рухани бірлік идеясы ерекше маңызға ие болып отырған кезде, еліміздің ислам дініне қайта бетбұрыс дәуірі басталғанда, ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларының діни дүниетанымын зерттеп, оның оңды, тиімді, құнды жақтарын игеру, қазіргі жас ұрпақтың рухани әлеміне баға жетпес құндылық болар еді.
   Қазіргі таңда ерекше мәнге ие болып отырған діни-саяси реңі басым топтар мен бірлестіктердің мәселесі де қозғалады. Экстремистік көңіл-күй біздің елімізде жатжерлік діни ағымдар тарапынан байқалып отырғандығы мәлім. Әсіресе, төзімсіздігімен ерекшеленетін шетелдік ұйымдар қатарында кейбір ислам жамағаттарының атынан әрекет етуші теріс ағымдардың әсері аңғарылады. Бұл жастар арасына таралып отыр. Атын атап, түсін түстемесек те, жалпы жұртшылыққа белгілі бұл кері ағымдар рухани ізденіс үстіндегі жастардың танымы қалыптаспағанын пайдаланып әрекетін іске асырмақ ниетте. Оның олай болуы, біршама жастардың шала бүлініп, шетелдік ұйымдарға мойын бұруы діни білімнің таяздығынан, ата-ана тәрбиесінің немқұрайлылығынан деп ойлаймыз. Бұл тек бірнеше ғана мысал, дәл қазіргі кезде жастардың діни және рухани мәселелері «қолдан қолға көшіп» жүр. Рухани мәселе бүгінгі күні жаттықтыруды, шынықтыруды қажет етеді. XXI ғасыр жастарының жаны мен рухы арасына үлкен жарықшақ түсті. Дәл қазір жаппай технологияланған және интернетке оңай қолжетімді кезеңде адам санасы шыңдалмаған субстанция ретінде көрінді де, тәжірибесі мен білімі аз, өмір сынынан өтіп ысылмаған жастар теріс жолға түсіп жатады. Ал біз дұрыс бағытты, биік құндылықты, рухани жолды нұсқайтын ішкі тарихи санадағы көп ғасырлық діни-рухани қорды іске жарата білуге жоғарыда айтылған ұлт зиялыларының, ақын-жыраулардың еңбектерін, сүбелі ойларын талдап, мектеп оқушыларының санасына құя білсек, жастарды ұлттық санаға баулып, олардың қажеттіліктеріне арнасақ жемісті боларымыз анық. Оның себеп-салдарын жан-жақты қарастыруға болады. Заңмен дінге қатысты қатаң саясатты бекітіп тастаудың да қаупін ескерсек, біздің мақсатымызда зайырлы қоғамымызда барынша конституциялық құқықтарын сақтай отыра, халықты діни ағарту мәселелеріне көңіл бөліп, оның неғұрлым дұрыстығын қадағаласақ, соғұрлым жақсы нәтижені аларымыз анық.
   Қазақ зиялыларының діни дүниетанымынан шыққан туындылары – шығармашылығының жемістері әлі де зор маңызға ие. Ыбырай, Абай, Шәкәрім және Ғұмар Қараш та адамдық болмысымен, еліне қадірлі, сыйлы болған, алған атағымен, естіген өз заманындағы халқы үшін тартқан азабымен де, кешкен зардабымен де ұлттың зерделі, зиялы, шынайы дана ғалымдар екенін дәлелдеген. Оларды төл тарихымызбен, ұлттық руханиятымыздан бүгінде ешкім бөліп жара алмайды, себебі олар халқымен біте қайнасып кеткен ерен тұлғалар. Даналар танымынан біздің аңғаратынымыз қашан да халқының басына қандай күн туса да, рухани жағынан кемелденуге шақырғандығындығына көзіміз жетеді. Себебі рухы зор халықты ешқандай күш басып ала алмайды, оны көшпенді қазақ халқы тарихтың әр кезінде айқын дәлелдеген. Сондықтанда өз заманының кесек тұлғаларының өзін және олардың қыл қаламынан туындаған шығармаларын, сол шығармалардың өзегіне айналған өміршең идеяларын біз және болашақ ұрпақ қастерлей білуіміз керек.

 

Дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы»

ММК-нің әлеуметтанушысы Шынбергенова Бағила

0 пікір