Ұлттық салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар. Ұлт – бұл бір өңірде тарихи қалыптасқан адамдар тобының әлеуметтік-этникалық қауымдастығы. Қазақ халқы рулық қауымдастықтан бастап XIV-XV ғасырларда тұтас халықтың сатысына жеткенге дейін, ол көптеген дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды жинақтады. «Озық дәстүрлер бар, өздерін бастан кешірген, ескірген» дейді.
Қазақтың «Тал бесіктен жер бесікке» дейінгі ғұмыры салт-дәстүрге негізделгені белгілі. Алайда, өз ғұрпымыздан бөлек, жаһандану әсерінен түрлі батыстық дәстүрлер қазақтың салт-санасына еніп кетті. Солардың бірнешеуіне тоқталсақ.
Тортқа шырақ жағып үрлеу
Бұл дәстүр әлемнің түкпір-түкпіріне таралып кеткелі қашан?! Алайда оның шығу тарихын, неліктен осылай жасалатыны туралы біреу білсе, біреу білмес. Ғаламтордағы дереккөздердің жазуынша, Германияда ХVIII ғасырда тек балалардың туған күнінде шырақ жағу дәстүрі болған. Сол күні көзге көрінетін жерге торт қойылып, оған шырақ жаққан. Шырақ саны баланың жасынан бір санға артық болыпты. Қосымша шырақ болашақты білдірген деседі. Шырақ күні бойы жанып тұрған, сөнсе жаңасына алмастырған. Ал кешке туған күн иесі ішінен өзінің арманын айтып, шырақты үрлеген. Сенім бойынша шырақтан көтерілген түтін бала тілегін құдайға жеткізуі тиіс. Ал біздің ұлтымызда «Шырағың өшпесін», «Шырағың жанып тұрсын», «Қыз қырық шырақты», «Шаңырақтың шырақшысы», «Көзің шырақтай ашылсын», «Шырағың сөнбесін, қауіп-қатер төнбесін», «Шырағың өшпесін, бақытың көшпесін» деген әдемі сөздер бар. Бұл жай сөздер емес, ғибратқа толы өмірлік мәні бар тәлім-тәрбие. Ал тәлім-тәрбиенің негізі отбасында қаланатыны белгілі.
Тахауи Ахтанов «Шырағың сөнбесін», Мұқағали «Сөнбейді, әже, шырағың» деп өлмес шығармалар жазып қалдырғанын да білеміз. Ендеше, той мен туған күнде торттағы шырақты өшірмес бұрын аздап ойланып алғанымыз жөн сияқты. Халық даналығында «Шырақтың беймезгіл өшкені, бақыттың бастан көшкені» деген сөздер де бар.
Туған күн иесінің бетіне торт лақтыру (жағу)
Туған күнге қатысты тағы бір жаңа әдет қалыптасып үлгерді. Ол туған күн иесінің бетіне тәтті торт лақтыру. Бұның шығу себебін нақты дөп басып ешкім айта алмайды. Адамға торт лақтыру көбінесе әзіл-қалжың деп есептеледі. Сондай-ақ, танымал саясаткерге, жұлдызға қарсылық көрсету әдісі ретінде қабылданып жүр. Ал оны алғаш рет әзіл ретінде пайдаланған ағылшынның жеке театр саласындағы кәсіпкері Фред Карно. Торт лақтыру 1909 жылы Америкада шыққан комедиялық «Мистер Флип» атты мылқау фильмнің сахнасында көрсетілгеннен бері танымал. Қоғамда туған күн иесіне торт лақтыру әдетін жақтырмайтындар көп. Жақында әлеуметтік желіде туған күніне орай анасының бетіне торт жаққан қазақ жігіті көптің сынына ұшырады. «Тістем нанның қадірін, тарыққанда білерсің, анық достың қадірін, зарыққанда білерсің» демекші, ата-бабаларымыз қаншама ашаршылық жылдарын бастан кешіп, торт лақтырмақ түгілі, нан қоқымына зар болғанын өскелең ұрпақ түсінсе екен дейміз. Астың қадіріне жете алмай қорласақ, салт-дәстүрімізге жат дүниені енгізіп, өзгенікін қайталасақ, ұлттық құндылығымыз қайда қалмақ? Абай атамыз: «Қарны тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын», – деп бекер айтпаған. Бұл – қарыны тоқтықтың белгісі. Тоқшылықта жүріп адасқанның ашаршылықта жүріп адасқаннан екі есе ауыр күнәсі де бар. Қасиетті Құран Кәрімнің «Ағраф» сүресі, 31-аятында: «Жеңдер, ішіңдер бірақ ысырап етпеңдер, ақиқатында Алла Тағала ысырап етушілерді сүймейді», – делінген.
Ата-енеге торт жегізу
Қазіргі тойларда келіннің қолынан шай ішу емес, торт жеу әдетке айналды. Бұл дәстүр екі жақтың ата-аналарына құрмет көрсетудің белгісі саналып жүр. Тәттінің бірінші кесілген бөлігінен міндетті түрде жастардың ата-аналары ауыз тиеді. Бұлардың арасында ақылға қонымдысы да, бізге мүлде түсініксізі де бар. Батыс мәдениетінің дендеп еніп кетуін қоғам аңғармай да қалғанға ұқсайды.
Қорыта айтқанда «Атадан қалған салт» болмаса да, елімізде туған күн тойламайтын отбасы қалмады. Бұл – қазіргі заманның боямасыз шындығы. Тіпті соны желеу қылып аста – төк той жасайтын отбасылар қатары көбейіп барады. Ол өз алдына. Қазақы ғұрып қоржыны бұрын естімеген әдеттермен толығып жатыр. Қазақ жастары арасында сәнге айналған жаңа дәстүрлердің кейбірін қазіргі орта буын түсінбейді де. Бірақ әлеуметтік желінің ықпалы артқан тұста көненің көмескіленіп, өзгенікі озатын заманға тап болғандаймыз. Негізі, осы материалды дайындау барысында әлгі «гендер пати» немесе «хен пати» жайында көптеген жандардан сұрастырдық. Бұл үрдістерден қазіргі орта буын өкілдерінің хабары болмай шықты. Ұстанбақ түгілі, атын естіп көрмеген дүниенің қазақ қоғамына жат екенін айтты. Қазақы қаймағы бұзылмаған еліміз әзірге дәстүрдің озығы мен тозығын жете түсінеді. Тек желіге желімдей жабысқан қазіргі жастардың көзқарастары батысқа көп бейімделіп барады. Негізі, өзгеден алатын орынсыз дәстүрлерді өзіміздің ескі дәстүрімізбен алмастырудың маңызы зор. Дәстүрді ұмытпай ұлықтау – халқымыз үшін құнды қағида. Қазіргі жастар осыны естен шығармаса екен. «Ауру қалса да, әдет қалмайтыны» анық болғандықтан, «жақсыдан үйреніп, жаманнан жиренейік». Асыл дінімізді берік ұстанайық.
Қандай әрекет жасасақ та, ол үшін жауап беретініміз анық. Атам заманнан бері салт-дәстүрімізде кездеспеген тортқа балауыз жағып, отқа табынып, тілек тілеп, оны үрлеп өшіріп, тортты бетімізге жағу деген үрдісті біртіндеп азайтуымыз, сөйте-сөйте қойып кеткеніміз жөн. Өмірің торттай әдемі, тәтті болсын деген ниетпен пісіріліп, тағамға ешбір «жәбір» көрсетілмей, желінсе, онда құба-құп. Ал тым ысырапшылдыққа жол беріп, шекарадан асып кетсек, тәтті тортымыздың жауабы ащы болар. Сондықтан, қазақы дәстүрімізге және дінімізге жат әдеттерден бойымызды аулақ ұстауға тырысайық. Адам өзін-өзі, өз болашағын, ұрпағын өзі ойламаса, оған ешкім басын қатырмасы анық.
Қ.Салықбаев
Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын
ұйымдастыру және үйлестіру
бөлімінің басшысы